Basty bet

Қайырымдылық – адам бойындағы ізгі қасиет

Қазақ – ежелден пейілі кең, көңілі дархан халық. Көмек керек кезде әрдайым қол ұшын созуға дайын тұрады. Оған дәлел екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдеріне көрсеткен кеңдігі. Соның арқасында Қазақстан бүгінде татулығы жарасқан көп ұлтты мемлекет.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан асыл қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тұрмауы мүмкін емес әрине. Осы бір түйткілдерді шешуге еліміз аянбай күш салуда. Осы орайда волонтерлардың жасап жатқан жұмыстарын айтуымыз қажет.
2020 жылды ел Президенті Қ.Тоқаев «Волонтерлар жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысы еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейтуді аса маңызды міндет деп атады. Әрине, бұл еріктілердің қоғамдағы рөлінің жоғары екендігінің дәлелі.
Елімізді дүрбелеңге салған карантин уақтысында қарапайым халыққа еріктілердің тигізген септігі мол болды. Қиын-қыстау кезеңде қара халықтың керек-жарағын жеткізуде, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде волонтерлар аянбай тер төкті.
Қазіргі таңда ауданымызда да волонтерлік жұмыс қарқынды жүргізілуде. Оған аудандық Жастар ресурстық орталығына қарасты «Qamqor» волонтерлік клубының атқарып жатқан жұмысын айтуға болады. Қазіргі уақытта волонтерлік клубта 231 ерікті бар. Олардың басым көпшілігі оқушылар. Аталған клубтың жетекшісі Дамир Рақымбек. Ал, клубтың жұмысын жүргізу міндеті Назаерке Мақтабаева жүктелген.
Ауданда волонтерлікті дамыту мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында волонтерлік қозғалыстың 11 бағыты бойынша 275 іс-шара өтті. Оның ішінде, «Аяла» бағыты бойынша 28, «Асыл мұра» бағыты бойынша 9, білім бағыты бойынша 10, «Қамқор» бағыты бойынша 24, «Саулық» бағыты бойынша 12, «Таза әлем» бағыты бойынша 15, «Спорттық СӨС» әртүрлі спорт түрлері бағыты бойынша 11, «Үміт» бағыты бойынша 15 іс-шара өтілген. Аталған шараларға жалпы 2573-ге жуық ерікті жас тартылған.
Жалпы «Қамқор» бағыты бойынша акциялар көптеп өткізіліп отырады. Атап айтар болсақ, «Жақсылық жасауға асығайық!», «Жүректен-жүрекке», «Қамқорлық қариялардан басталады”, «Саулық» және «Қайырымдылық – асыл қасиет» сынды акциялар бар.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші «Қамқор» бағыты бойынша өткізіліп отырған ерекше шараның бірі «Қамқорлық қариялардан басталады» атты акциясы. Осы бір бағытының қарттарымызға тигізіп отырған септігі мол. «Qamqor» волонтерлік клубының жұмысын жүргізуші Назерке Мақтабаеваның айтуынша, еріктілер жаз айларында қарттардың үй шаруасына жәрдем берсе, қыс айларында ауладағы қарын тазалап беріп отырады. Сонымен қатар ай сайын керекті азық-түлікпен қамтамасыз етілетіндігін және мүмкіндігі шектеулі балалармен де жұмыстар атқарылады. Қазіргі уақытта ауданда «Қамқор» дүкені жұмыс істейді. Онда киюге жарамды киімдерді мұқтаж жандар тегін ала алады.
Клубқа мүше болам деушілерге қашанда есік ашық. Қайырымды іс жасау кімге болсын парыз. Жақсылықты өзімізден бастайық!

Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close