Basty bet
«Үлкен кемеге үлкен айдын керек…»
ұлттық қауіпсіздік қызметінің полковнигі, жерлесіміз Аман Аббасов туралы бір үзік сыр
Бұдан 53 жыл бұрын Жуалының түкпіріндегі бір ауылдан, яғни 1970 жылы 20 шақты ұл-қыз қанат қағып, түлеп ұшты. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан»,- дейді қазақ. Бірақ, жүз жылдың жүзін кім көрген? Енді елу жылда кім бар, кім жоқ?!
Ал елу дегенің – бақандай жарты ғасыр. Артыңа бір қарап қойып, алдыңа ой салатын-ақ уақыт. Жарты ғасыр бұрын ауданға қарасты қазіргі Көлтоған (бұрынғы Алексеевка) ауылындағы С.Бәйтіков (Лермонтов) атындағы орта мектептің 100 жылдық тарихында ең үлгілі, барлық жағынан да ең тамаша түлектер, басқа емес тап осы 1970 жылғы мектеп бітіргендер. Олар өте бір ерекше түлектер болды десем, ешкім оны маған жоққа шығара қоймас. Сайдың тасындай сегіз жігіт өңшең «сен тұр, мен атайынның» нақ өзі еді. Сол жылы мектеп бітірген 19 оқушының бес-алтауы бірден институтқа түсіп кетті. Ондай жоғары көрсеткіш оған дейін де, одан кейін де болған жоқ.
2020 жылы, яғни жарты ғасырдан кейін бас қосып, ұшқан ұяларында мектеп қабырғасынан қабырғалары қатайып, үлкен өмірге түлектер 50 жылдығын атап өтті. Басқа түлектер сияқты тек ішіп-жеп, көңіл көтеріп қайту үшін емес, туған ауылдың орталығында кішігірім саябақтың негізін қалап, онда аққайың, шырша, туя сияқты ағаштардың көшетін отырғызды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген аталы сөзді арқау етіп, елімізді жасыл желекке айналдыруды туған жердің топырағынан бастаған 1970-ші жылғы түлектерге өздерінен кейінгі іні-қарындастарына үлгі-өнеге көрсеткеніне тәнтімін.
Әр кластың (сыныптың) бір бетке ұстары болады емес пе?! Сол атақты түлектердің ішінде ең алдымен ауызға ілігетіні Аман Аббасовтан бастайын. Бойы шағын болғанымен, ойы биік, талдырмаш денелі болғанымен, шыныққан шымыр, әрі балуан, әрі боксшы, ән айтуға жарарлық әжептеуір дауысы да бар, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Көршілері Витя Мирошников және Дарвиш Исаевтармен күресіп, қос тілде еркін сөйлеп өскен ол 1970-ші жылғы түлектердің нағыз лидері еді.
Мектепті бітірген жылы Алматыдағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетіне түсіп, оны 21 жасында бітіргеннен кейін өзінің түлеп ұшқан мектебіне қайта оралып, мұнда бес жылдан астам уақыт еселі еңбек етті. Ауыл жастарын спорт пен өнерге баулып, ғылым мен білімге талпындырды, тәлім-тәрбие мен білім беріп үлкен өмір жолына шығарып салды. Аман ағай маған бір күн сабақ бермесе де мен ол кісіні өзіме ұстаз санаймын. Мектепке келген беттен өнерге икемі бар менің кластастарымның арасынан вокальді ансамбль құрды. «Досмұқасанның» дүрілдеп тұрған кезінде алыстағы ауылдың оқушылары қолдарына гитара ұстап, әсемдік әлеміне ұмтылды. Күнде кешке клубта музыка тынбайтын, ескі мектепте спорт залы жоқ болса да, коридорда күрес пен бокстың қазаны қайнап жататын, комсомол хатшысының қоғамдық өмірі жайнап жататын. Бұрын Елгелді, Амангелді ағайлар ауылдың үлкен-кішісін күреске баулып келсе, Амангелді Аббасов келіп ауыл өмірін одан сайын жандандырып жіберді.
16 жасар бозбала кезім, әрі мектепте жастар ұйымының жетекшісімін. Менің қоғамдық өмір мен әдебиетке деген іңкәрлігімді жас филолог одан бетер қыздыра түсті. Абуғали ағамның ең жақын достарының бірі болғандықтан, мен Аман ағамен кез-келген тақырыпта емін-еркін сөйлесетінмін.
Аман Аббасов Мәскеуде КСРО-ның ішкі істер министрлігінің Академиясын бітірген Жамбыл облысындағы санаулы адамның бірі. Ұзақ жылдар құқық қорғау органдарында, Жамбыл және Ақмола облыстық, Республикалық Ұлттық қауіпсіздік саласында жауапты қызметтер атқарған полковник қазір зейнет демалысында. Отбасымен бірге Тараз қаласында тұрып жатыр.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дейтін сөз бар ғой. Өткен ғасырдың 75-ші жылы арман қала Алматыға қолымнан жетелеп алып келген басқа емес, нақ осы ағам еді. Мен оны әрдайым жақсы ырымға балаймын.
«Байғали, астанамыз Алматыда төрт жыл студент болып білім нәрінен сусындадым. Бітіргеніме бір-ақ жыл болса да сағынып қалыппын. Сен мұнда абитуриент болып келіп жатырсың. Қалаған оқуыңа түсіп, оны бітіргесін Алматыда қалғын. Өзің жақсы білесің, мен үйдің үлкенімін, ауылдағы іні-қарындастарымды көтеруім керек. Сенің алдыңда Абуғалидай ағаң мен Толандай мұғалима әпкең бар, еш нәрсеге алаң болмай, тек оқуды ойла, келешекте қазақтың атын шығаратын абзал азамат болып шығуыңа тілектеспін! «Үлкен кемеге үлкен айдын керек». Сен ғылым жолын қусаң, мықты ғалым болатыныңа күмәнім жоқ. Математикадан хабарың бар, әдебиетке де жаның құштар, тарихтың түп-тұқиянын қазғанды жақсы көресің, жолың болсын, жақсы көретін інім, Байғали бауырым!», – деп ағалық ақ тілегін айтқан еді.
Аман аға Көлтоған ауылының шамшырағы болды. Аман ағаны әскерден келгеннен кейін студент кезімде жолығып, құқық қорғау органдары саласына партиялық жолдамамен ішкі істер органына жұмысқа орналасқанын естіп, жолықтым. 1983 жылы 30 жасында аға лейтенант кезінде-ақ бұрынғы Свердлов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен басқарып, министрдің орынбасары генерал-майор Мұрат Қалматаевтан мақтау естиді. 1986-88 жылдары Мәскеудегі КСРО-ның ішкі істер Академиясында жоғары кәсіби білім алған аз қазақтың бірі де бірегейі – Аман Аббасов болатын.
1987 жылдың соңында Приозерск қаласындағы әскери госпитальда бір ай емделіп шығып, отбасыммен туған жерге барып қайтқам. Жаңа жылды қара шаңырақта Абуғали, Аман аға бәріміз бірге қарсы алдық. Әңгімеміз Абхазия, Қырым, Мәскеу туралы болды. Ағаның ол кезде Мәскеуде екінші жыл оқып жатқан кезі еді. Бірде шаңғыдан Академия курсанттары арасында жарыста, ағамыз бірінші орын алады ғой. Сонда қалың орманның арасынан келген орыстар таң қалыпты. Менің «Қалай бірінші келдіңіз?» деген сұрағыма: «Оның ешқандай құпиясы жоқ, бауырым, Боралдайдың бойында шаңғымызды аяққа байлап, қырдан зырылдап түсіп, борандарда таудағы қыстауларға барып, шапқылап жүріп үйрендік қой. Әйтпесе, ауылда шаңғы тебуге арнайы үйрететін секция жоқ қой» – деп күледі ағам.
Кейін полковник кезінде мен ол кісіге: «Аға, Сіз баяғыда-ақ генерал болуыңыз керек еді. Қазақстанда КСРО-ның Академиясын бітіргендер тұрмақ, өзіміздің елде Академия бітіргендер бірінен кейін бірі генерал боп жатыр»,- дегенімде, оның себебі, әділеттік жоқ қоғамда өмір сүріп жатырмыз, бауырым, деді. «Жоқ, әділеттік әрдайым жеңеді, ол кейде кешігіп келеді»,- деп Батыр Баукең айтып кеткендей, әділеттік әлі келеді деген едім сонда мен.
Енді міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» құру туралы бастаманы ұдайы айтып келеді. Сөзімнің соңын: «Аман аға, аман болыңыз! Әділеттіліктің салтанат құратын күнін көруге Алла тағалам жар болсын!» – деп аяқтағым келеді.
Байғали ӘБДӘЛІҰЛЫ,
ақын, тіл жанашыры,
Жуалы ауданының түлегі.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының
Бостандық аудандық
филиалының төрағасы.
Алматы қаласы