Basty bet
Тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде
Шағын және орта бизнеспен жас та, жасамыс та, жарлы да, малды да айналыса алады. Бастысы ниет болса болғаны. Қолдау түрлері де көп. Сондықтан болар, осы күні ел ішінде жеке бизнесін ашып, берекелі іспен айналысуға бел буған отандастарымыздың қатары қалың. Ал ниеттілердің нөпірі әлі де толастар емес.
Еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға біздің ауданның тұрғындары да үлес қосып отырғаны қуантарлық жағдай. Нәтижелі ісімен көпке үлгі болып, өзін-өзін жұмыспен қамтыған жандардың саны күннен-күнге артып келеді. Соның бірі қазіргі таңда ветеринариялық дәріхана ашып отырған Құдірет Керімсалұлы. Ол бүгінде осы кәсібінің арқасында тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Аудандық орталық аурухананың маңындағы «Құдірет» ветеринариялық дәріханада төрт түлік малға қажетті дәрі-дәрмектің барлығы дерлік бар. Оның ісін бастағанына да бес жылдың жүзі болған. Жас та болса, өз кәсібін жақсы біледі.
Құдірет Тоялы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудандағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Түлкібас ауданындағы ветеринариялық коллежді бітірген. Ол кішкентайынан төрт түлік малға жақын болып өседі. Сол үшінде мамандығын дәл ветеринария саласымен байланыстырады.
Ветеринарлық дәріхана негізінен – мал мен үй құстарының түрлі ауруларының алдын алып, емдеуге қажет дәрілерді, дәрумендік қоспалар мен жем, үй құстары мен жануарлар күтіміне қажетті жақпамайлар сататын бірден-бір орын болып табылады.
-Мамандығым осы ветеринария саласымен байланысты, яғни мал дәрігерімін. Бұл мамандықты да осы кәсібіме байланыстыру үшін оқыдым. Мал дәрігерлік дәріхананы ашуды көп ойландым. Оқуымды бітірген соң тәуекелге бел буып, аудандық орталық аурухананың жанынан бос ғимаратты жалға алып, ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өзімнің армандаған ветеринарлық дәріханамды аштым. Алғашында дәріханадағы кейбір малдарға қажетті дәрілер жетіспеді. Өйткені жаңадан ашылған соң көп дәрілерді тасымалдайтын фирмалармен байланыс орнатып үлгермедім. Бірақ уақыт өте келе, көптеген дәрі тасымалдайтын фирмалармен танысып, төрт-түлік малға қажетті дәрілердің барлық түрін толықтырдым. Қазіргі таңда дәрілер жеткілікті. Келісілген фирмалардан дәрілер уақтылы жеткізіледі. Мұнда ауданның барлық елді мекендерінен келіп, малдарына дәрілерін алып кетеді. Кейде кеңестер беріп, дұрыс емдеу жолдарын көрсетемін. Кейбір тұрғындардың үйлеріне барып малдарын өз көзіммен көретін кездерде болады. Өйткені кейбір адамдар өздері диагноз қоя салады. Ал ол негізінен ондай ауру болмай шығып қалатын кездер де болады. Сол үшін көп жағдайда өзім барып, малдың қай жері ауырып тұрғанын көріп, тексеріп қандай дәрі, витамин керектігін айтамын, – дейді Құдірет Керімсалұлы.
Мұнда үй жануарларына қажетті дәрі-дәрмек, дәрумендер, аурудың алдын алуға қолданылатын екпелер бар. Мал дәрігерлік дәріхананың тұтынушыларының арасында аудан тұрғындарымен қоса, өзге шаруа қожалықтары да бар. Бір айта кетерлік жайт, дәріханада әр клиентке сапалы көмек көрсетіледі. Себебі, ол мал санының өсіп-өнуі мен тиімділігіне тікелей әсер етпек. Үй жануарлары мен үй құстарын өсіру жауапкершілігі мол, күрделі шаруа екені белгілі. Олар да адамдар секілді түрлі аурулармен ауырады. Адам ауырған жерін сөйлеп, айтып жеткізсе, жануар оны жеткізе алмайды. Тек олардың іс-қимылынан байқауға болады. Осы орайда, ауыл тұрғындары көп жағдайда жануарларға арналған дәрілік заттардың жетіспеушілігі мәселесіне тап болады. Ал қазіргі таңда аудан орталығынан ашылған ветеринарлық дәріханаларға барып, тұрғындар іздеген дәрілерін табуда. Ол да болса қуантарлық жағдай.
«Кәсібің-нәсібің» демекші, әр адам ісінің көзін тауып, табысқа жетіп, өзін-өзі жұмыспен қамти білуі керек. Ол үшін сол саланы жақсы меңгергені абзал. Өйткені қандай кәсіпті ашпас бұрын сол кәсіптің қыр-сырын оқып, білген дұрыс. Ветеринария саласы да ең қиын да күрделі саланың бірі. Ал бұл жерде ветеринар маманның біліктілігі маңызды. Жас маман алдағы уақытта еліміздегі ветеринария саласын дамытуға өз үлесін қосуды көздеп отырған жайы бар.