Basty bet

Шойын жолдың бойында шыңдалғандар

немесе теміржолшылардың ел экономикасының дамуындағы рөлі өте зор

Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісі қазақстандық теміржолшылардың мерекесі ретінде атап өтіледі. Бұл атаулы дата көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып аталғанымен, мерекенің шойын жолдың бойында еңбек етіп, тұтастай ғұмырын осы саланың жұмысына арнаған теміржолшыларға өте-мөте жақын екенін айтуымыз қажет. Өйткені, теміржол – ел экономикасының күретамыры.
Иә, осынау шойын жолдың бойымен арлы-берлі қаншама жүк және қаншама жолаушылар тасымалданады. Ел өңірлерінің арасында және шет мемлекеттермен алыс-беріс, сауда-саттық берік орнаған қазіргідей маңызды кезеңде теміржол қатынасының рөлі өте үлкен. Ал сол ұзақ сапарларда ауыр жүк тиелген составтардың және жолаушылар мінген вагондардың межелі жеріне уақтылы әрі қауіпсіз жетуі жолында теміржолшылардың атқарып жатқан жанкешті еңбектерін ерекше атап өтпеуге болмайды. Оның үстіне, шойын жолдың ыстығы мен суығына бірдей шыдап, ерен еңбектері мен кәсіби шеберліктерін ел дамуына арнаған ерекше мамандық иелерінің кәсіби мерекелері де жақындап қалды. Ал жалпы еңбекке, оның ішінде, қарапайым еңбек адамына деген құрмет қоғам тарапынан ешқашан толастамайды. Біз осы орайда шойын жол шыңдаған мамандардың еңбегі туралы қалам тербегенді жөн көрдік…
-Жалпы теміржолшылар күнін – темір жол көлігі тасымалы саласында еңбек етіп жүрген барша теміржолшыларды біріктіретін ортақ мереке деп айтуымызға толық негіз бар. Сонымен қатар, әрине бұл күн «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да қызмет ететін және магистраль майталмандарының ерен еңбегі еленіп, мерейі үстем болатын күн.
Теміржолшылар елдегі жолаушылар және жүк тасымалын қамтамасыз етсе, темір жолды дамыту жобалары бүтін бір аймақтың экономикасын қалыптастырудың драйвері десек те болады. Иә, қай салада да сын-қатерлер болатыны белгілі. Оны мойындауға тиіспіз. Бұдан бұрын елімізде коронавирус инфекциясының салдарынан орын алған пандемия кезінде де теміржол саласы бірқатар сын-қатермен бетпе бет келгені бар. Бірақ соған қарамастан теміржолшылардың жанкешті еңбегі мен олардың жаңа да қиын жағдайда жұмыс істеуге дайын болуы жұмыс сапасын сақтап қалуға мүмкіндік бергенін баса айтуымыз қажет. Олар тағы да теміржол саласы кез келген қиындықты еңсере алатындарын нақты істерімен дәлелдеді.
Теміржол қай уақытта да мемлекеттің шаруашылық және өндірістік дамуында экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтудегі негізгі саласы болып қала береді. Ал осы салада қызмет ететін еңбеккерлердің қоғамда зор сый-құрметке ие болуы да сондықтан,- дейді «Боранды» стансасының бастығы, кәсіби маман Махмұт Сәрсенбаев.
Біз тұратын қасиетті Жуалы ауданының аумағын әйгілі «Түркісіб» теміржолы басып өтетіні белгілі. Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев сынды Алаш ардақтыларының басшылығымен салынған шойын жолдың бойындағы қайнаған тіршілік бір ғасырдан бері бірде бір толастап көрген емес. Батыстан-шығысқа, шығыстан-батысқа қантамырдай таралып жатқан теміржолдағы қозғалыс бір сәт те саябырсымайды. Сәт сайын, сағат сайын гудок беріп арлы-берлі өтіп жатқан пойыздардың жаңғырығы – бұл ел экономикасының өркендеуіне қосылып жатқан сүбелі үлес екені даусыз.
«ПМС-57» мекемесінде машинист болып жұмыс істеп, осы салада біршама тәжірибе жинақтаған Махмұт Сәрсенбаев 1997 жылы Жуалы ауданындағы «Бурное» станциясына жұмысқа ауысып, осында станция кезекшісі қызметінде табаны күректей 14 жыл еңбек етті. Содан 2011 жылы «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Жамбыл жүк тасымалдау бөлімшесіне» қарасты «Боранды»бекетінің бастығы болып тағайындалды. Жалпы теміржолда жұмыс істейтін адамға өз мамандығын сүю аздық етеді. Теміржол саласы мамандарының бойында темірдей төзім мен шыдамдылық сияқты сирек қасиеттер болуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, мұнда екінің бірі тұрақтап жұмыс істей алмайды. Өзіңіз есептей беріңіз, қазіргі таңда тәулігіне орта есеппен бекет арқылы 130 жүк пойызы, одан бөлек, кестеге сәйкес 22 жолаушылар пойызы өтеді. Оның ішінде, аталған бекетке тоқтамайтындары да бар. Көлік қозғалысы бар жерде қауіп-қатердің де қоса жүретіні белгілі. Әсіресе, теміржолда…
Әйткенмен, теміржолда бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Бұл – бұлжымайтын қағида. Оның үстіне, біздің қазақ халқы тойшыл, қонақшыл халық. Осы себептен де Қазақстанның оңтүстігінен солтүстікке, батыстан-шығысқа күн құрғатпай ағылып жатқан жолаушылардың қарасы қашанда қалың. Әсіресе, жаздыкүндері теміржол қатынасы арқылы арлы-берлі жолаушылаған адамдардың да нөпірі көбейе түсетіні бар. Олар негізінен қатынас үшін пойызды таңдайды. Бұл – қауіпсіз, әрі десе қызметі мен жолақысы да анағұрлым қолжетімді. Міне, теміржолда жұмыс істейтін мамандар шойын жолдың бойында оқыстан орын алған ақаулықтарды дер кезінде анықтап, оны қалпына келтіруден бастап, пойыздардың өз жолымен дұрыс бағытта жүруін түзіп, сол арқылы жолсапарға шыққан жолаушылардың да алаңсыз болуына барынша жағдай жасайды.
Теміржол – қателікті кешірмейді. Бұл ретте теміржолшыларға жүктелген жауапкершілік жүгі де өте салмақты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бір ғана «Боранды» бекетінің өзінде энергетик, вагоншы, жол жөндеуші, электромеханик, билет кассасының қызметі, диспетчер мамандарын қосқанда мұнда барлығы 68 адам тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде, төрт диспетчер, билет кассасында төрт маман, жүк қабылдаушы, теміржолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін төрт полиция қызметкері, ССВ механигі – 12 адам, энергетиктер – 22 және 21 жол жөндеуші маман уақытпен санаспай еңбек етуде. Бұл ретте «Боранды» стансасына қарасты аумақтағы шойын жолдың бойында 30 жылдан артық үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан жол жөндеу шебері – Талғат Саурықбаевты және энергетик маман Берік Әбдірейімовтың есімдерін құрметпен атауға болады.
Станса бастығы М.Сәрсенбаевтың айтуынша, мамандар бес топқа бөлінген. Әр топтың өз алдына аға мамандары бар. Оларға да басшылық жасау оңай шаруа емес. Ол үшін күнделікті таңертеңгі уақытта жұмыс жоспары түзіліп, әр топқа тапсырмалар беріліп, оның орындалуы жіті қадағаланып отырады. Одан бөлек, жұмысшылардың да қауіпсіздігі өз алдына қадағаланады. Жұмыс барысында жазатайым оқиғалардың орын алмауы басшылық тарапынан қатаң ескертілу дағдыға айналған.
-Менің түсінігімде, теміржол қатынасы ел экономикасының негізгі күретамыры іспетті. Олай дейтінім, шойын жолмен күнделікті бірнеше бағытта жүк тасымалданады. Өйткені, қасиетті Жуалы ауданы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан өңір. Атап айтқанда, Қытайдан Еуропа елдеріне тасымалданатын жүк пойыздары аудан аумағындағы шойын жолмен өтеді. Одан бөлек, Аудандағы мекемелердің көмірі, техникалар, құрылыс материалдары, жанар-жағармай, дизель отыны, ауыл шаруашылығы тауарлары дейсіз бе, көптеген тауар түрлері мен жүктер осы шойын жол арқылы тасымалданады.
Ауданнан шығарылатын тауарларды да ел ішінде және алыс-жақын шетелдерге тасымалдауға мүмкіндік мол. Мысалы, бір ғана Жуалы ауданының өзінен «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әр ай сайын (көбінесе күн салқындаған мезгілде) 20 вагонға дейін дайын сүт өнімдерін Қазақстанның әр қиырына, сонымен қатар, Ресей Федерациясының аумағына жөнелтуде. Одан бөлек, орталықта мақсары майын өндіретін «АгроАзықтүлікНанменЖабдықтау» ЖШС Қытайға мақсары майы мен мақсары дақылын осы теміржол вагондарының көмегімен жөнелтеді.
Теміржолдағы күнделікті жұмыс сырт көзге тыныш көрінгенімен, мұнда қарбалас сәттер өте көп болады. Әсіресе, қыста, боранды күндері станса қызметкерлерінің жұмысы қыза түседі. Жуалының қарлы бораны жұртшылықты әп-сәтте-ақ әбігерге салатынын жергілікті халық жақсы білсе керек. Қарлы боранның салдарынан үлкен күре жолдың бойында қалып кеткен жолаушылар жергілікті әкімшіліктің ұйымдастыруымен теміржол бекетіне жеткізіліп, олар пойызбен межелі жерлеріне тегін жеткізіледі. Кейде күннің суық болуынан шойын жол бойындағы бағыттағыштар да істен шығып жатады. Міне, станса қызметкерлеріне кез келген ауа райы жағдайында уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, теміржолшылардың өмірі қауіп пен қатерге толы,- дейді кәсіби маман М.Сәрсенбаев.
«Еңбегіне қарай – құрметі» деген бар. Махмұт Сәрсенбаев бекет қызметкерлерінің жұмысын үйлестіру арқылы күнделікті жұмыспен қатар «Қазақстан темір жолы» АҚ ұйымдастырған әртүрлі деңгейдегі конкурстарға тұрақты қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген кәсіби маман. Оған «Үздік станция бастығы», «Ең үздік маман» байқауларында еншілеген Дипломдары мен түрлі Грамоталары дәлел. Бірқатар мерекелік, мерейтойлық медальдармен де марапатталған.
Теміржолда жұмыс істеудің қиын екенін жоғарыда айттық. Олар жартылай әскери тәртіппен жұмыс істейтін болғандықтан, станса бастығы жұмысшыларды тәуліктің кез келген уақытында жұмысқа шақыртып алуға құқылы. Шойын жолда еңбек ететін мамандарда «демалыс, мереке күні» деген түсінік жоқ. Бұл – жұмыстан туындаған талаптың бірі. Сондай-ақ мамандардың біліктілік талаптарын ұдайы арттырып отыру да жақсы жолға қойылған.
Ал мамандардың алаңсыз жұмыс жасауына лайықты жағдайлар жасау – «Қазақстан темір жолы» ҰК басшылығының тұрақты бақылауында. Мамандарға жылына бірнеше рет сыйақы беріледі. Одан бөлек, оларды арнайы жұмыс киімдерімен, құрал-саймандармен қамтамасыз ету де жолға қойылған. Теміржолшыларға темірдей төзімділік пен шыдамдылық керек дейтін болсақ, олардың денсаулығын нығайту және жұмысқа деген құлшынысын арттыру мақсатында қызметкерлерге жылына бір рет еңбек демалысында сауықтыру орындарына 12 күнге тегін жолдама, пойызбен ел аумағында жолаушылауға, мамандардың балаларына лагерьлерде демалуға, тағы басқадан жақсы жағдайлар қарастырылған. Бір қуантарлығы, сала мамандарына төленетін айлық жалақы да жыл сайын арттырылып келеді.
Қосымша айта кететін болсақ, Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы қазіргі таңда көлік, коммуникация және экономика саласында бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда. Аталған оқу орнын бітірген мамандар «Боранды» бекетінде де жұмыс істейді. Сонымен қатар еңбек жолдарын осында жалғастырған мамандардың ішінен қызмет бабымен жоғарылап кеткендері де бар. Бұл үрдіс бекет жұмысының жүйелі әрі тәжірибелі сала мамандарының жоғары тәлімгерлік қасиеттерінен де хабар берсе керек.
Еңбекқорлық, жауапкершілік және адалдық, темірдей төзімділік пен рухтың биіктігі – бұл әрбір теміржолшының бойынан табылуға тиісті қасиеттер. Бір сөзбен айтсақ, шойын жолдың бойында шыңдалған мамандардың еңбегі ерен.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close