Basty bet

Қолөнер шебері, өнегелі жан, ұлағатты әже

Қазақ халқының ертеден бүгінге өшпей жеткен қолөнерінің бірі – құрақ құрау. Астарында үлкен тәрбие жатқан бұл өнер түрі әлі күнге ел санасынан өшкен жоқ. Керісінше соңғы жылдары халықтың қайта қызығушылығын оятып, күнделікті қолданысқа кеңінен ене бастады. Өресі биік, өрісі кең қазақ халқының құрақ құрау өнерінің тарихы тереңде. Әрі берер мағынасы да түрлі мән мен тәрбиеге толы.
Құрақ құрау қолөнерімен кез келген адам айналыса алмайды. Өйткені бұл қолөнердің де өз қиындығы бар. Алдымен, өнерді түсінетін, ұшқыр ой мен бояу сырын білетін танымы бар адам ғана істің көзін таба біледі. Сондай-ақ түс пен түсті сәйкестендіру жоғары шеберлікті қажет етеніні анық. Құрақ өнерімен айналысуыдың пайдасы адамды шыдамдылыққа, үнемділікке, төзімділік пен әсемдікке баулып, жан дүниесін байытады. Ерте заманда қыз балалар кішкентайынан құрақ құрауды біліп, үйренуге тиіс болған. Ал қазір бұл қолөнерді ісмер келіншектер мен көнекөз әжелеріміз ғана ермек қылады.
Солардың қатарында 75 жастағы қарт әжей Дарихан Сыдықова да бар. Өзбекстан Республикасы Хорезм облысы Хиуа ауданының Тахияташ ауылында дүниеге келген ол 2004 жылы атажұртқа біржолата қоныс аударады. Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылына тұрақтаған кезден бастап күні бүгінге дейін өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласуда. Жастайынан адал еңбек еткен ол бүгінде зейнет демалысында.
Еңбек демалысына шыққан әжей үйінде қол қусырып бос отыруды қош көрмейді. Қиынды маталардан құрақ құрап, қонақтың астына төсейтін түрлі көрпешелер мен жастанатын жастықшалар тігуді ермекке айналдырады. Үйінің жабдықтарын өзі тігіп, өзі құрап, тұрмыстық бұйымдар, оның ішінде, қыз жасауы, кесте түрлерін тігумен қатар, ел өміріндегі белгілі бір даталарды, атаулы күндерді және танымал тұлғалардың мерейтойларын матаға кестелеп бейнелегенді ұнатады. Келген қонақ тамағына емес, әжейдің ісіне тамсанып кететіні айтпаса да белгілі. Осы ретте жақсы іс көпке үлгі болсын еңбексүйгіштігін сөз ете отырып, оның сүйікті ісі ісмерлікпен айналысып, тоқыма тоқудың шеберіне айналған Дарихан Сыдықова жайлы оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Жалпы тоқыма өнері үлкен шыдамдылық пен ептілікті қажет ететін қол өнер түрі. Көздің майын алып, шыдамыңды тауысатын тірлік екенін осы салады жүрген жандар жақсы біледі. Ілмек іліп, қос таяқшалармен жұмыс жасай отырып, жіп түстерінен әдемі компазиция құрау – нағыз фантазиясы мықты жандардың қолынан келетін дүние. Әжеміздің осы бағытта жұмыс жасауы – қиялы мен ойының жүйріктігінің дәлелі болса керек.
Әжейді әңгімеге тартып, еңбегінің қыр-сырын білу мақсатында қара шаңырағына іздеп бардық. Құшақ жая қарсы алып, сүйікті ісі жайлы біраз сыр шертті. Жүзі жылы, жанары нұрлы әженің күн ұзаққа ермегі осы.
– Жұмыс жасаймын деген адамға екі күрек қандай жағдайда болсын табылары сөзсіз. Мен мүны балаларыма жиі айтып отырамын. «Жұмыссызбен» деу нағыз еріншек адамның сөзі. Заман дамып, көш ілгерілеп жатқанда өзіңнің несібеңді таласып-тырмысып жүріп алғанға не жетсін.
Біріншіден, бұл өнер қазақ әйелдерін ысырапшылдыққа жол бермеуге үйреткен дүние. Кезінде ата-бабаларымыз түрлі маталардың қиындыларын тастамай, кәдесіне жаратқан. Әртүрлі үзінділерден түрлі киімдер жасаған. Жеңгелеріміз бір киімді тіккен кезде неше түрлі кесінділері қалады ғой, содан жіне жыртыстардан нешетүрлі дүниелер жасап шығаратын. Одан бөлек, маталарды түр-түсіне және қалың, жұқалығыңа қарай іріктеп қоятын. Осылайша іріктеу болғасын өзінің қиялына қарай құрастыратын. Қазір де көздің жауын алатын тұрмыстық бұйымдар көбейіп, сәнге айналуда. Ұлттық бұйым төрінде жарқырап тұрса қандай керемет,- дейді ақ жаулықты Дарихан әжей.
Иә, «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаса керек. Міне, 75 жастан асып тоқыма өнерінің шебері атанып, еңбек жолында жарқын жетістікке жеткен әжейдің ісі көпке үлгі болатынына сенім мол.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close