Basty bet
Қайырымдылық дүкені жұмыс істеуде
Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық пен мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Мұндай игі істерді жасау әр жастардың бойында рухани, адамгершілік, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастырады. Жақсылыққа қайырымдылықпен жауап беру – әр жанның болмысына біткен ізгі амал. Маңайыңдағы мұқтаждарға мейірімділік пен ізгілік, достыққа адалдық таныту – адамгершіліктің белгісі болса, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет.
Біз, ауданның жастары үнемі қайырымдылық істердің жаршысы болудан жалықпаймыз. Өйткені, көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созу – әр адамзат баласының парызы. Сол себепті де аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан «Qamqor» волонтерлік қайырымдылық клубы құрылған. Қайырымдылық клубында 120 ерікті волонтер бар. Әртүрлі мақсатттағы қайырымдылық жұмыстарды клубтың төрағасы Дамир Рақымбек ұйымдастырып, жастарды жақсылыққа үндеуде. Жастар тек қайырымдылық жасап қана қоймай, ауданның экологиялық тазалығына да үлес қосуда.
Сонымен қатар, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының Жамбыл көшесінің бойында орналасқан «Qamqor» қайырымдылық дүкені жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда дүкеннің жұмысын Нәзипа Әлиева жүргізуде.
Қайырымдылық дүкеніне қойылатын киімдердің де өз талабы бар. Яғни, киім таза, жыртылмаған, бөтен иісі жоқ болуы керек. Онда алып келген киімдерді қарап, тексеріп, тазалығы міндетті түрде қаралады. Мұқтаж жандар дүкенге келіп, өздеріне ұнаған заттарын таңдап алуға мүмкіндігі бар.
Қазақ халқы қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз ізгі істі үлкенді-кішілі деп бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ ортасының орнауына ерекше назар аударған. Сондай-ақ, қайырымдылық жасаған адам ешқашан кедейленіп қалмайды «қолы ашықтың – жолы ашық»,- деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Сондықтан да Алланың берген ризығынан аз да болса бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін қайырлы істерге жұмсасақ, оның қоғамға тиер пайдасы мол болатыны сөзсіз.
Назерке Мақтабаева,
аудандық жастар ресурстық орталығының психолог-маманы