Basty bet

KAZAKH STYLE немесе сән әлеміндегі қазақтың ұлттық киімі

Қазақ мәдениетінде қайталанбас орны бар бөлімнің бірі – ұлттық киімдер. Өзінің әсемдігімен, түстерінің үйлесімділігімен, мағыналы оюларымен ерекшеленетін қазақи стиль қашан да болсын, “менмін” деген сән кутьюрелерінің, әлем жұлдыздарының ыстық ықыласына бөленуде. Түрлі-түсті көйлектер мен сырт киімдерден жалыққан сән әлемі үнемі өзіне бір жаңашылдықты іздейді. Расында, тоқтаусыз өзгеріп отыратын трендтер ешқашан бір орында тұрған емес. Соңғы бірнеше жылда этникалық элементтері бар киімдер тек түркі тілдес елдердің азаматтарын ғана емес, бүкіл әлемдік сәнгерлерді қызықтыруда.
Егер тарих беттеріне үңілер болсақ, ұлттық киім жаратылысы қазақтың ұлт болып қалыптасқан шағынан бастап тамырлас ілгері жылжып келеді. Ең алғашқы киімдер қатарына жүннен тігілген тон, жадағай, киізден жасалған екі қабатты қаттау жатады. Қазақ даласын алғаш мекендеген сақ тайпасының бас киімдері тұрмысқа шығатын қыздардың «сәукеле» деген бас киімінің прототипі болған деп есептеледі. Сақтардан тек бас киім прототиптері ғана емес, стильдердің негіздері де алынды. Киімдерді әрлеудегі ең алғашқы стильдердің бірі болып саналатын «аң стилі»- сегізінші ғасырдан бастап қолданысқа енді. Әрине, біріншілердің ішінде сақ тайпасының шебі алда. Жануарлардың бейнесін темір мен әртүрлі материалдарды балқыту арқылы құя білген зергерлер, кейіннен бейнеге ою мотивтерін қоса бастады. Осылайша, бұл стиль қазақтар мен қырғыздардың киім өнерінде бірнеше ғасырлар бойы көрініс тапты. Жануарлар бейнесі мен оюдың үйлесім тапқаны соншалықты, өз кезегінде олар сән мен зергерлік өнердің тың жаңалығына айналды. Мысалы, «қошқар мүйіз» оюы. Әртүрлі вариацияларда қазақи стильдің негізгі ою мотивтерінің бірі саналады.
Уақыт иірімдерінің толысуымен «аң стилінің» орнын «полихромдық стиль» басты. Материалға асыл тас жабыстыру, сіркелеу, сымкәптеу, алтындау, күмістеу, эмальмен қаптау секілді жаңа үрдістердің пайда болуына себеп болған ерекше стиль ғұн, үйсін, қаңлы кейіннен, қыпшақ пен қарлұқ тайпаларының киім өнерлерінде сақталды. Этникалық мәдениетте түркілер мен қыпшақтарда балдырғандар мен бойжеткен қыздардың тақиясына үкі қауырсынын тағу дәстүрі міндетті болды. Үкі қасиетті құс деп саналып, қауырсыны бәле-жаладан қорғайды деген сенім қалыптасты. Ары қарай, қазақ киімдерінің трансформацияға ұшырауына орыс, татар, сондай-ақ, Орта Азия халықтарының мәдениеттері ықпал етті. Неге десеңіз, көйлектерде жаға, ерлер киімдерінде бел тұсынан қысатын бөлшектер пайда бола бастады. Зерттеуші А.А. Жиенбекова қазақтың ұлттық киімдері геометриялық тұрғыда әдемі әрі ыңғайлы, сонымен қатар, ол жерде күрделі философиялық ой да болуы мүмкін деген дерек келтіреді. Өйткені, киім қоғам мен мәдениеттегі ауқымды өзгерістердің көрінісі.
ХХІ ғасырдағы қазақ киімі әлі де болсын өзінің бірегейлігін сақтап қалғанымен ерекшеленеді. Ғасырлар баспалдағының ауысуына байланысты талай формацияға ұшырағанымен этникалық бөлшектерін еш өзгеріссіз сақтап қалған. Тиісінше, заманауи дизайнерлерде бұл бөлшекті өз қиялдарының талғамы бойынша оң пайдаланып жатыр. Француз немесе итальян бутиктерінің арасында өзінің көркемдігімен көзге шоқтай басылатын этностильдегі киімдер көзге үйреншікті болып қалған бір типті киімдерден мынадай белгілермен дараланады.
1.Табиғи материалдар. Былғары, жүн, киіз, түлкі немесе бұлғын терілерінің пайдаланылуы киімді сапалы және денеге жайлы етеді;
2.Боямалы түстер. Этникалық киімдер монотонды және жабық түсте тігіледі. Дегенмен, онда ашық түсті декор қолданылады. Ол өз кезегінде киімге жоғары баға береді.
3.Қызыл түстің мол қолданылуы.
4.Масаты, жаккард сынды материалдардың пайдаланылуы. Киімге көрік сыйлайды.
Малайзияның атақты дизайнері Джимми Чу қазақтың ұлттық киімдеріне жоғары баға берген. Сондай-ақ елімізде болған небір атақты саясаткерлер, спортшылар мен өнер майталмандары шапанды ерекше қастерлеп, өздеріне берілген қымбат сый деп қабыл алды.
Әлемге «Kazakh style» деген атпен белгілі қазақи стильдегі киімдерге арналған сән көрсетілімдері де жиі көрсетіледі. Аида Кауменова, Балнұр Асанова секілді шетел білетін дизайнерлер өз туындыларында ою мотивтерін жиі пайдаланады. «Symbat Fashion Academy»-дің арт-директоры Балнұр Асанова 2016 жылдан бастап қазақи стильдегі киімдердің шетелдерге танылуына өз септігін тигізіп келеді. Жыл сайын өтетін «Mrs. Globe» (Жер шары аруы) әлемдік сұлулық байқауында да қазақи стильде тігілген көйлектер көпшілікті сүйсіндіріп, қошеметіне бөленеді.
Этнокорсет, этножакет, этнодорба бүгінде әлемдік сұранысқа ие топтама. Жастар арасында жоғары сұранысқа ие бұл топтама болашақта да өз маңыздылығынан айырылмайды. Себебі, сан ғасырлар бойы қазақтардың стилі шексіз өзгеріске түссе де, өз ерекшелігінен ешқашан айырылған емес. Демек, келешекте де ол солай жалғаса бермек.

Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
қазақ журналистикасы ББ-ның ІІІ курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close