Basty bet
Бірлік пен бейбітшіліктің берекелі 30 жылы
Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Бұл ұйым 1995 жылы құрылып, елдегі түрлі этностар мен мәдениеттердің ынтымақтастығы мен бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық институтқа айналды. Оның басты мақсаты – елімізде барлық этностар мен ұлттардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді қолдау және мәдени көптүрлілікті сақтау. Осы мерейтой аясында елде түрлі мәдени іс-шаралар мен форумдар ұйымдастырылу үстінде.
Алғашында оның мәртебесі Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган болып бекітілді. Десе де Ассамблея аталған мәртебеден де мықты құқықтық негізі мен қоғамдық-саяси мәртебесі бар конституциялық органға дейін өсті. Мемлекет басшысы Ассамблея ұсынған Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестік, аналар кеңесі және ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Одан бөлек, Президент тапсырмасымен құрылған «Ассамблея жастары» бірлестігі мен медиация кеңесі белсенді жұмыс істей бастады. Өңірлерде ашылған «Достық» үйлері де этномәдени бірлестіктердің ғана емес, жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың ортасына айналды.
20 жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея Президент төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.
Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің саны тұрақты өсуде.
Қазақ және орыс театрларын қоспағанда, елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істеуде. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынғы халықтық – Әз-Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі, масленица, сабантой мерекелерін тойлау дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматы мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жету болып табылады. Сондықтан 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы қабылданды. Қазақстанның ел бірлігі доктринасы – халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.
Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА тарихы Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасының ажырамас бөлігі екенін атап өткені белгілі. Сонымен қатар, ол жиында Ассамблеяның қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын және алдағы уақытта да солай болып қала беретінін атап өтті.
«Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын. Ассамблея барша азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керек. Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекеттің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздікті нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Біз болашақта да осы бағытта нақты шаралар қабылдаймыз» деді Президент.
Ақпарат және мәдениет министрлігінің мәлімдеуінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру және оған кемінде 1,5 млн адамды қамту жоспарланып отыр.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»