Basty bet

Бірлігі жарасқан еңбекқор отбасы

Қайрат ауылында сыйластығы мен бірлігі, мейірбандығы мен сүйіспеншілігі жарасқан Әлімбековтар отбасы тұрады. Қасиетті қара шаңырақтың түтінін түзу түтетіп, осы үйден өсіп-өніп отырған бұл жанұя ауылдағы мерейлі отбасылардың бірі. Отағасы Әбілқасым Дәулетбайұлы Қайрат ауылының төл тумасы. Таңның атысы, кештің батысы тіршіліктің көзін тауып, еңбекпен күнін өткізетін жан. Ауылдың тыныс-тіршілігімен, мәселелерімен етене таныс, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын азаматтың бірі.

Адам дамуының ең басты кепілшісі – еңбек. Қазақ даналары «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаған. Шыныменде, адамды адам еткен еңбек.
Ақсай ауылдық округінде «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Оның төрағасы – Әбілқасым Әлімбеков. Кооператив Қайрат және Диқан ауылдары тұрғындарын біріктіріп, олардың жерін игеруді, бірге мал азығын дайындауды, өндірілген өнімді АШӨК арқылы өткізуді мақсат етіп отыр.
Ауыл тұрғындары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілігін танытып, бір кооперативке бірікті. “Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру” қанатқақты жобасының Ақсай ауылдық округінде жүзеге асырылғанына тұрғындар да дән риза. Өйткені, көпшілік жоба арқылы төмендетілген пайызбен несие алып, табысын арттырды. Үй іргесіндегі жерін тиімді пайдаланып, мал басын көбейтуде. Әртүрлі бағыттағы кәсіпкерлікке бет бұрып, өзінің жеке кәсібін ашу мүмкіндігіне ие болды.
Әбілқасым Дәулетбайұлының әкесі Дәулетбай өмір бойы автобус паркінде автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген. Бүгінде ауылдың қадірменді, сыйлы қарияларының бірі. Ал, анасы Ғалия Усипова Түлкібас ауданының түлегі. Ол аудандық орталықтандырылған кітапханада кітапханашы болып жұмыс істеген.
Әбілқасым – көпбалалы әке. Осы тірліктің барлығын балалары үшін жасауда. Балаларының алаңсыз білім алып, тәрбиеленуі үшін бар күш-қайратын салуда.
-Ауыл шаруашылығымен айналысқаныма үш жылдан астам уақыт болды. Тірліктің көзін табу үшін, табысты болу үшін ерінбей еңбек ету керек. Жұмысты бар ынтаңмен, күліп жүріп жасау керек. Немқұрайдылық танытсаң, істің берекесі болмайды. Негізінен, қандай мамандық болса да, қандай жұмыс болса да сол істің нағыз маманы болуы керек. Мал бағу үшін де ептілік қажет. Сол сияқты ауыл шаруашылығын қолға алып, ісіңді дөңгелету үшін таңдаған салаңды жақсы білуің керек. Біліміңмен қатар, тәжірибең де болуы тиіс. Тәжірибе мен біліміңді ұштастыра білген жөн.
Отбасымызда тәрбиенің жөні бөлек, бізді ата-анамыз шыншылдыққа, өзгенің ала жібін аттамауға, тазалыққа, бауырмашылдыққа баулып өсірді, бала кезімізден еңбекке үйретті. “Бақыттың кілті – еңбекте деп отырады. Әкем өте жақсы жан, кішіпейіл, үлкенге құрмет, кішіге ізет, көрсете біледі. Анамның да орны мен үшін бөлек. Мен ата-анамды шексіз құрмет тұтамын, – дейді Әбілқасым Әлімбеков.
«Әке асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал, ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Әбілқасым ағаның жары, отбасының ұйытқысы Гүлнұр Егеубаева «Күміс алқа» иегері.
Екеуі 2005 жылы отау құрған. Гүлнұр Егеубаева Тараз қаласындағы бұрынғы Тараз педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі, әдебиеті және ағылшын тілі мамандығымен бітірген. Қазіргі таңда ол аудандық орталық кітапхананың балалар бөлімінде кітапханашы болып жұмыс істейді.
Гүлнұр Абдуллақызы келін болып түскен шаңырағы ауылға сыйлы жандар екенін айтады. Алғаш келін болып түскен сәттен бастап бұл отбасының жылулығын сезініп, олардың өзара жақсы қарым-қатынасын үлгі тұтатынын да айтып өтті.
-Анамыздың жүрегінің кеңдігін, қонақжайлылығын ауыл тұрғындары жақсы біледі. Анамызға біздің екінші қызымыз қатты ұқсайды. Ата-енем шаңырағымыздың құт-берекесі.
«Балалы үй – базар» демекші, Әбілқасым екеуміз өмірге екі ұл, төрт қызды әкеліп тәрбиелеудеміз. Байлығымыз, барымыз осы балалар. Балалар кішкентай кезінде жолдасым екеуміз бірге жұмыстың барлығын істейтінбіз. Жас кезімізден бір-бірімізге демеу болып, әрдайым қолдау білдіріп келеміз. Қазір шүкір, көмекшілеріміз балаларымыз. Ұлдарым әкесімен бірге жүреді. Әкесінің тілін алып, қолғабыс етеді. Қыздарым менің жанымда үй шаруашылығына көмектеседі. Тамақтың түр-түрін пісіргенді ұнатамын. Ұлттық тағамдар мен сусындар үйден үзілмейді.
Әр баламыз әртүрлі. Мінез-құлқы, қызығушылығы, болмысы бір-біріне ұқсамайды. Бірі тұйық болса, бірі ашық мінезді. Тұла бойы тұңғышым мектепті үздік аттестатқа бітіріп, қазіргі таңда Астана медицина университетінде 1 курс студенті. Екінші қызым 11 сынып оқушысы, ол болашақта дизайнер болғысы келеді. Барлығы сабақтарын жақсы оқиды.
Атамыз тауға барғанды жақсы көреді. Таудың жемісін теріп алып келеді, оны қыстай шайға қосып ішеміз. Көктемде қозықұйрық теруге шығады. Үйдегі бау-бақшаға да жақсы қарайды. Атамыз бен апамыз балаларымның сабағына да көп көңіл бөледі. Осылайша немерелеріне де еңбектің үлгісін көрсетіп, тәрбие беруге өз үлестерін қосуда, – дейді Гүлнұр Абдуллақызы.
«Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, жанұядағы мейрімділік, өзара сыйластық баланың жақсы тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Әкенің мейірімділігі, ананың парасаттылығы ұрпағын дұрыс жолға сілтейді. Осы ретте, Әлімбековтар жанұясының отбасылық ұстанымы, бала тәрбиесіндегі ерекшеліктері осы адами қасиеттерімен ұштасады. Яғни, балаларын иманды, тәрбиелі, еңбекқор, білімді етіп тәрбиелеп, азамат етіп өсіруді көздейді. Ешкімнің ала жібін аттамай, тура жолда, адал еңбек пен табыс табуды, тірліктің көзін тауып, кез келген істің маманы болуды үйретеді.
Бала – өмірдің қызығы, ұрпағыңның жалғасы…

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close