Basty bet

Адамгершілігі мол ұрпақ-жарқын болашақтың кепілі!

«Отбасы» ұғымы пайда болғаннан бері адамдардың әлеуметтік өмірінде зорлық-зомбылық әлі күнге дейін өзінің құқықтық мәні бойынша кең таралған түсінік болып табылады. Отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбы әлемнің көптеген елдері үшін өзектілігін жоймауда. Жалпы тұрғыда тұрмыстық зорлық-зомбылық – негізі қоғамдық институттарға, оның ішінде отбасы институтына айтарлықтай әсер ететін өткір әлеуметтік проблемалардың бірі.
Қазіргі кезде қоғамда шешілмей отырған көп мәселелердің бірі отбасындағы әйелдерге қатысты тұрмыстағы зорлық-зомбылық болып отыр. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа балалар, қарттар, мүгедектер мен әйелдер қауымы көп ұшырайды.
Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді. Қазіргі қоғамда көбінде, жас отбасылардың үйлене салысымен, ажырасып жатқаны естіп-көріп жүрміз. Тіпті үш-төрт, бес-алты балалы ерлі-зайыптылардың да ажырасып жатқанын еститін болдық. Дамыған қоғамда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездесуде. Көбінесе адамдар отбасындағы мұндай жағдайларды ашық айтпайды. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп анық жазылған.
Еліміздің қоғамдық өмірінде орын алып жатқан түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, адам құқықтарының тапталуының, азаптаулардың алдын алу мақсатында және қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдердің көбеюіне байланысты, оларды қорғау мақсатында республикамыздың әр облыстарында «Дағдарыс» орталықтары ашылып, жұмыс атқаруда. Сол орталықтардың бірі Тараз қаласындағы «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығы» 2017 жылы ашылып, қызмет алушыларға көмек көрсетуде. Орталықтың Жамбыл облысы бойынша 8 ауданында «әлеуметтік-психологиялық кеңес беру» кабинеттері бар. Солардың бірі Жуалы аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинеті 2020 жылы ақпан айынан бастап жұмыс атқаруда. Бұл кабинетте екі маман жұмыс істейді: әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Әлия Шәмшиева мен әлеуметтік психолог Айгүл Дәрібаева.
Кеңес беру кабинетінің мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмек пен қолдау көрсету. Ажырасу сатысында тұрған жанұяны отбасымен қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процесіне жәрдемдесу. Кеңес алуға келген аналар мен балалардың жеке басының және олардың жеке құпияларын сақтау. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік беру.
-Әрине жанжалдасқан отбасылар қайта татуласып жатса нұр үстіне нұр. Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары деп танылған жандарға стандарт бойынша 8 бағытта көмек көрсетіледі.
Жыл басынан бері 46 әйелге, соның ішінде үшеуі балаларымен дағдарыс орталығына орналастырылды. «Сенім» телефонына 30 қоңырау шалынып, оларға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілді.
Қызмет алушыларды әлеуметтік оңалту, олардың азаматтық, мүліктік және өзге де құқықтарын қайта қалпына келтіру мәселелерін шешу жолында жергілікті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ішкі істер және әділет органдарымен, үкіметтік емес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасалуда. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі ауылдық елді мекендерде сын мен міннен қорқып, құқық қорғау органдарына шағымдаудан бас тартып жатады. Алдағы уақытта әйелдер мен қыздар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі,- дейді Әлия Шәмшиева.
Ал аудандық полиция бөлімінің, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Диас Үсіпбаевтың мәліметіне сүйенсек, аудан аумағында ағымдағы жылдың 6 айында тұрмыстық қатынаста жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында отбасы саласында жалпы 21 тұлғаны қабылдап, олардың арыз-шағымдары тыңдалып дер кезінде шешімдер қабылданған. Сондай-ақ, аудан аумағында отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты 73 қорғау нұсқамасы шығарылса, оның ішінде ерлі-зайыптыларға қатысты 60 қорғау нұсқамасы шығарылған, 13 қорғау нұсқамасы ағайын-туыстар арасында орын алған.
Ағымдағы жылы 6 айында Жуалы АПБ-нің жеке құрамымен және аудандық соттың қаулысымен жалпы 12 тұлғаға мінезіне ерекше талап есепке қойылған, оның ішінде ерлі-зайыптыларға қатысты 10 ерекше талап қойылды (ӘҚБтБ 461 бабымен 3-дерек. Ал қалған 7 дерек ҚР ӘҚБтК-нің 440 бабы бойынша 2-дерек.
Жуалы ауданы аумағында ағымдағы жылдың 6 айында әйелдерге қатысты өзіне-өзі қол жұмсау дерегі тіркелген жоқ.
ҚР ӘҚБтК 73-бабымен көзделген отбасылық қарым-қатынаста құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін жалпы 98 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар Жуалы аудандық полиция бөлімінің «Маскүнем», «Нашақор», «Қолайсыз отбасы», «Қорғау нұсқамасы», «Ерекше талап» шаралары аясында тағы басқа санаттағы есепте тұрған тұлғалар ұдайы түрде күнделікті Жуалы АПБ-нің ЖПҚБ жеке құрамымен тексеріліп, алдын алу жұмыстары атқарылған.
Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңға биыл 15 сәуір күні қол қойды. Заң 15 маусымнан бастап өз күшіне енген болатын. Бұл заңда көптеген өзгерістер бар.
Құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралады. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көрші, туыстарының сөзіне сүйеніп, тергеу жүргізе алады. Әрі тараптарға екінші рет татуласуға мүмкіндік берілмейді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте алдын алу шараларының маңыздылығына назар аудартқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек», деген болатын. Өйткені, статистикалық мәліметтер зорлық-зомбылыққа көбінесе әйелдер мен балалардың ұшырайтынын растайды.
Аталған заң 15 маусымнан күшіне енгенімен, биыл шілде айында Қызылорда қаласының 26 жастағы азаматы өзінің әйелін аса қатыгездікпен ұрып, ажал құштырған. Яғни қанша жерден заң қабылданып жатса да отбасылық зорлық-зомбылықтың азаятын түрі жоқ.
«Ел болам десең, бесігінді түзе», «Тәрбие – тал бесіктен» деп дана халқымыз айтқандай, парасатты, зерек, кішіпейіл, адал, адамгершілігі мол ұрпақ – ұлтымыздың басты құндылығы. Саналы да білімді жас ұрпақ – болашағымыздың кепілі.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close