Basty bet

Көлігіңізді жуумен бірге желімдеп те береді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артқанын айтқан болатын. «Еңбек еткеннің – еңсесі биік» демекші, ниеттенгеннің екі қолына бір күрек табылары анық.
Кәсіп ашып, кәсібінің берекесін көріп отырған жандар арамызда жылдан-жылға көбейіп келеді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу орталығы мен дөңгелек жөндеу шеберханасын ашып, тұрғындарға тиімді жағдай жасап отырған кәсіпкер Рустам Бипозов.
Қазіргі уақытта қала мен ауыл көшелерінен автокөліктің түр-түрін көруге болады. Осыған орай автокөліктерге қызмет көрсететін орындар да көптеп ашылуда. Бұрын дөңгелек жөндеу шеберханасымен өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу орталығын көру қиынға соғатын. Көліктері кірленсе үйде жуып, ал бұзылса көліктің тілін білетін мамандардың үйінің жанындағы гаражда көлік иелері жөндетіп алатын болған. Ал қазір арнайы сервистік қызмет көрсету орталығын ашып, талапқа сай қызмет түрін көрсетіп отырған Қарасаз ауылының тұрғыны Рустам Бипозов көлік дөңгелегін жөндеп беріп, халықтың алғысына бөленіп жүрген азамат.
-Кішкентай кезімнен машинаға қызығатын едім. Өз көлігімді өзім жөндей беретінмін. Қазір көліктен көп нәрсе жоқ. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Содан көліктердің дөңгелектерің жөндейтін орын ашсам деген ой келді. Халық үшін бұл қызмет түрі бірден-бір қажет деп есептеймін. Алдағы уақытта қызмет көрсету аясын кеңейтуді мақсат етудемін,- дейді кәсіпкер.
Талапты кәсіпкер арнайы орында автокөлік дөңгелегіне түрлі қызметтер көрсетуде. Дөңгелекті ашып жабу, босатып алу секілді жұмыстардан бастап, дөңгелек камераларын желімдеу, қысымын өлшеу қызметі де бар. Кез келген кәсіп қажырлы еңбекті талап етеді.
Ерекше көлік жуу орталығы Қарасаз ауылының орталық көшенің бойында орналасқан. Орталықтың ерекшелігі – тұтынушы өз көлігін өзі жуып алады. Ал ең тиімдісі – уақыт пен қалтаға салмақ салмайтындығында. Айта кетерлігі, аталған орталыққа келіп, арнайы құрылғыға қалауыңызша ақша салып, көлігіңізді лезде тазалап аласыз. Бір секундты бір теңгемен өлшейтін аппарат автокөлігіңізді қаласаңыз жай сумен, тетігін бассаңыз арнайы көбікпен де тазартып береді.
-Қазір техника дамыған. Бұндай өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу орталықтары біздің ауылда сирек. Ерекшелігі – орталық жылдың төрт мезгілінде де, сондай-ақ тәуліктің кез келген уақытында қызмет көрсете алады. Яғни құрылғы үздіксіз жұмыс жасайды, – дейді талапты кәсіпкер Рустам Серікбайұлы.
Білікті кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті. Болашақта автокөліктің майын ауыстыратын бекет ашсам деген ниетте. Мақсаты – шағын ауылға жаңашылдық әкелу, халыққа қолайлы жағдай жасау. Осы жолда аянбай жұмыс жасап келеміз, – дейді кәсіп иесі. Бос уақытында «Бауыржан Момышұлы – Тараз» бағыты бойынша жолаушыларды тасымалдайтынын әңгіме арасында айтып берді. Одан бөлек диқаншылықпен айналысып несібесін жер анадан тауып отырған азаматтардың қатарында. Иелігінде 100 гектардай жері бар. Бүгінде қолда бар жерден табысқа кенеліп, мол өнім алып отыр. Біз Рустам сияқты жан-жақты кәсіпкердің жұмысының дөңгеленуіне, кәсібінің өркендеуіне тілектестік білдірдік.

Анар ТІЛЕНШИЕВА
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close