Basty bet

Ұстаздық жолдағы ұстанымым – барлық баланың тілін табу

“Елді түзетуді әуелі бала оқыту ісін түзеуден бастау керек” дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Яғни, қоғам қайраткері мұғалімнің білімі мен тәжірибесі, жалпы жақсы ұстаздың елді түзетуде, рухани тұрғыда дамытуда рөлі қаншалықты үлкен екенін анық жеткізіп тұр.
Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Халида Пралиеваның ұстаздық еңбек жолына келер жылы 40 жыл толады. Халида Исабекқызы шәкірттерінің жүрегінен жол таба білген, өз ісін жақсы білетін білікті маман.

Өзінің ұстаздарына еліктеп бала кезден мұғалім болуды армандаған Фарида Исабекқызы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түскен. Кейін Қорқыт атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде сырттай оқып, білім алады.
-Өзіңнің мамандығыңды сүйіп тұрған соң, әрбір сәтіңнен ләззат аласың әрі жұмысың қызықты, өнімді болады.
Менің ұстаздық жолдағы ұстанымым – барлық баланың тілін табу. Аллаға шүкір, қазір әр салада жемісті еңбек етіп жүрген, әрі мақтан тұтатын білімді шәкірттерім көп.
Жаман бала жоқ. Баланың тілін тауып, аша білу мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Баланы ашу үшін оны жақсы көріп, мейіріммен қарым-қатынас жасап, балаға сенім арта білу керек. Шеберлік мұғалімге өз еңбегі, тынымсыз ізденісі арқылы келеді. Ол үшін мұғалім күнделікті жаңалықтан құр қалмау керек. Жаңашыл болуы маңызды. Кітап, газет-журналдарды көп оқуы тиіс.
Сабақ барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Күнделікті сабақ бір сарында өтетін болса, бала да ол сабақтан жалығады.
Мен сабақтарымды сыни тұрғыдан ойлау, деңгейлік оқыту, топтық және жеке жұмыс жасау арқылы жүргіземін. Мүмкіндігінше бір сабақты бір сабаққа ұқсамайтындай етіп өткізуге тырысамын.
Кабинетке кіріп келе жатқанда балалар алдымнан жүгіріп шығып: “апай, бүгін сабақты қалай өтеміз?” деп сұрайды. Яғни, балалалар менен үнемі тың жаңалықты күтеді, жаңашылдықты талап етеді деген сөз.
Қазіргі балалар тез қабылдайды, бірақ тез ұмытып қалады. Кітап оқудан көрі телефонда көп отырғанды ұнатады. Дегенмен бүгінгі балалар жаңашыл, жан-жақты, ойын ашық айтады. Сондықтан мұғалім балалардың көңілінен шығу үшін, кез келген сұрағына мүдірмей жауап беру үшін жан-жақты болуы керек.
“Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас-жауы” демекші, тәрбие мәселесі өте күрделі.
Баланың тәрбиесіне ең бірінші ата-ана жауапты. Қазір кейбір жас ата-аналар өзінің бала алдындағы ата-аналық жауапкершілігін түсінбейді. Мүмкін болса, барлығын мұғалімге ысырып қойғысы келеді.
Бала отбасында жақсы тәрбие алса, ол мұғалімді де, үлкенді де сыйлай біледі.
Әрине, мұғалім де сабақ барысында тек білім берумен шектелмей, әр сабағы тәрбиеге құрылуы керек. Әр сабақтан бала ой түйіп қайтатындай болуы тиіс. Ұқыптылық, тазалық, жалпы адами қасиеттер әр сабақта мұғалімнің сөзінен, іс-әрекетінен анық байқалып тұруы тиіс. Мұғалім баланы қызықтыра білуі, үлгі болуы тиіс.
Мектепте ата-ана мен мұғалімнің арасында әлі де алшақтық бар. Дегенмен мектепте ата-анамен байланысты түзету мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.
“Педагог мәртебесі” заңы арқылы көптеген мәселелерге қол жеткіздік. Айта кетерлік бір мәселе – мұғалімнің еңбегі тек жетістікке жеткен шәкірттерімен ғана емес, әр сабағы басшылық тарапынан тексеріліп, қадағаланудың, жалпы сыныптың білім сапасының нәтижесінде бағаланса деген тілек бар.
Екінші мәселе – мұғалімнің мәртебесі тек заңмен емес, мұғалімдік этикаға байланысты да көтеріледі. Яғни, мұғалімнің киім киісі, сөзі, жүріс-тұрысы мамандығына сай болуы керек. Қай ортада болса да, мұғалім өзінің ұлы мамандық иесі екенін ұмытпай соған лайық болуы тиіс. Бойындағы қасиеттерге қарап-ақ “Сіз мұғалім емессіз бе?” деп сүйсіне қарайтындай дәрежеде болуы керек,- дейді Халида Пралиева.
Педагог-зерттеуші санатындағы ұлағатты ұстаз өткен оқу жылында еліміз бойынша үздік педагогтар қатарына еніп, білім саласының үздіктерінің энциклопедиясы жинағына енді.
Шәкірттерін түрлі байқауларға қатыстырып, жүлделі орындарды иленгені үшін және өзінің кәсіби шеберлігін көрсете білгені үшін түрлі марапаттарды иеленді.
Педагог мәртебесін көтеруде және жас ұрпақтың мұғалім мамандығын таңдауда үлгі бола білген Халида Исабекқызы қоғамда өз орнын жаңылмай таба білген білікті ұстаз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close