Basty bet
Мемлекеттік қызметшілерге құрмет пен марапат
Апта басында аудан әкімі аппаратында 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні және Полиция күні мерекелеріне орай салтанатты жиын ұйымдастырылып, оған қасиетті өңірдің дамуы мен халық тұрмысының өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан мемлекеттік қызметшілер және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шақырылып, мерекеге жиналған азаматтарды аудан әкімі Жалғас Мұртаза кәсіби қос мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
-Өздеріңізге белгілі, 2003 жылдың наурыз айында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдады. Бұл тәжірибе Қазақстан Республикасына 10 жылдан кейін енгізілді. Президент Жарлығымен 2013 жылы 23 маусым Қазақстанда да Мемлекеттік қызметші күні мерекесі болып бекітіліп, 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде атап өтіле бастады.
23 маусым – Полиция күні мерекесі. Міне, осы жылдардан бері қатар атап өтіліп келе жатқан қос бірдей кәсіби мереке Тәуелсіз елімізде халық игілігі үшін аянбай қызмет атқарып келе жатқан 90 мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің мерекесі. Еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде және құқық қорғау органдарында жемісті қызмет етіп келе жатқан азаматтарды мерекемен құттықтаймын. Біз бойдағы білім мен біліктілікті елдің игілігіне арнап, осы мамандықты таңдау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру жолында еңбек ете беретін боламыз.
Құрметті қос кәсіби мерекенің иелері! Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қызметшінің Отаншыл, адал болуы және өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Сіздер елдің игілігіне адал қызмет етудің озық үлгісін көрсетеді деп сенемін. Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасына амандық, атқарып отырған қызметтеріңізге табыс тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Осылай деп ізгі тілек білдірген аудан басшысы Жалғас Мұртаза мемлекеттік қызметте және өңірдің қоғамдық тыныштығына атсалысып жүрген бірқатар үлгілі қызметшілерді Жамбыл облысы әкімінің және Жуалы ауданының Құрмет грамотасы және Алғысхаттарымен марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Жоғары марапатқа ие болған азаматтардың қатарында аудан әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы ісінің білгірі Рақымғазы Құниязов, тағы да басқа үлгілі азаматтар бар.
Кәсіби мерекенің иелерін аудандық мәслихаттың атынан мәслихаттың аппарат басшысы Шынаркүл Әбдікерімова құттықтап, бірқатар азаматқа марапат тапсырды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»