Basty bet

Мемлекеттік қызметшінің әдебі – биік сенімнің негізі

Қазақтың қаһарман перзенті, әйгілі әскери қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Әдептілік – ардың сақшысыІ» деген қанатты сөзінде айтылғандай, қазіргі таңда қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді қарым-қатынастың басты негіздерінің бірі – мемлекеттік қызметшінің әдептілігі мен мәдениетті қарым-қатынас жасау қабілеті.
Мемлекеттік қызметшінің әрбір сөзі мен іс-әрекеті азаматтардың билікке деген көзқарасына және сеніміне тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің сөйлеу мәдениеті мен әдеп қағидаларын сақтауы – кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар, қоғам алдындағы биік жауапкершіліктің көрінісі. Мемлекеттік қызметшінің азаматтармен сөйлесу барысында сыпайылық танытуы, әдепті сөз қолданып, оларды мұқият тыңдай білуі – тиімді коммуникацияның негізі. Әдепті сөйлесу өзара түсіністікті арттырып, шиеленісті жағдайлардың алдын алады және мемлекеттік органның беделін көтереді. Мысалы, өтініш иесінің мәселесін қарау кезінде онымен жылы, байсалды үнмен сөйлесу, құрмет көрсету –азаматтың мемлекеттік органға деген сенімін нығайтады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде: «Әрбір мемлекеттік қызметші азаматтарға адалдықпен, сыпайылықпен, әділдікпен және ашықтықпен қарауы тиіс!» деп атап көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерді орындау кезінде дөрекі, бейәдеп мінез-құлық танытпауға, азаматтардың арыз-өтінішіне құрметпен жауап беруге, сондай-ақ, әріптестерімен және басшылармен өзара сыйластықта болуға міндетті.
Әдеп нормаларын бұзу – мемлекеттік қызметтің имиджіне нұсқан келтіріп қана қоймай, тәртіптік жауапкершілікке де әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайлар қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін азайтып, мемлекеттік аппараттың беделін түсіретіні даусыз.
Мемлекеттік қызметші – мемлекет пен халық арасындағы дәнекер тұлға. Сондықтан, оның әрбір сөзі, қимылы мен мінез-құлқы мемлекеттік биліктің бет-бейнесін қалыптастырады. Әдепті сөйлеу, сабырлы болу, азаматтардың пікірін тыңдау және құрметтеу – мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениетінің басты көрсеткіші. Әдептілік қағидаларын ұстанғанда ғана мемлекеттік қызметтің беделі артып, халықтың билікке деген сенімі нығая түседі!

Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
ҚР ҚМ МКК-ның «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі»
төсбелгісінің иегері.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close