Basty bet

Тұрғындарды толғандырған мәселелер қаралды

Өткен апта аудан әкімдігінің үлкен залында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында аудан көлеміндегі бірқатар маңызды мәселелер кеңінен талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Маңызды басқосуға Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімшесінің бас маманы Нұрахмет Сейтқұлов, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Айтбаев және аудан әкімдігіне қарасты «Жуалы-Су» мекемесінің директоры Дархан Есенгелдіұлы қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы баяндама жасап, 2025 жыл мен 2026 жылдың І-ІІ тоқсандары аралығында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Баяндама барысында көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілгені айтылды және кеңес мүшелері аталған жұмыстарға оң қорытынды берді.
Күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелер бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторлық бөлімшесінің басшысы Нұрахмет Сейтқұлов баяндама жасады. Жиында Жуалы ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 16 тамыздағы «Сайлау учаскелерін құру туралы» №1 шешіміне өзгерістер енгізу және аудан аумағында барлық кандидаттар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыру орындарын белгілеу туралы қаулыға өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Талқылау барысында қосымша сұрақтар қойылмай, ұсынылған жобалар кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Келесі кезекте аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Айтбаев күн тәртібіндегі кезекті үш мәселе бойынша баяндама жасады. Атап айтқанда, аудан бойынша әлеуметтік мәні бар жолаушылар тасымалы тарифтерін белгілеу, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшеріне толықтыру енгізу және бөлімнің 2026 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары талқыланды. Кеңес мүшелері тарапынан Б.Үсенов көшесіндегі аялдама мәселесі көтеріліп, бөлім басшысы бұл аялдаманың жасанды өткел құрылысына байланысты уақытша алынғанын, қазіргі таңда қайта қалпына келтіру жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жаңа бес қабатты тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары бойынша түсініктеме беріліп, мәселенің бақылауда екені айтылды. Ұсынылған жобалар мен атқарылған жұмыстар кеңес мүшелері тарапынан оң бағаланды.
Күн тәртібіндегі жетінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің «Жуалы-Су» мекемесінің директоры Дархан Есенгелдіұлы 2025 жыл мен 2026 жылдың І-ІІ тоқсандарында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Баяндама барысында мекеме тарапынан сумен жабдықтау, коммуналдық қызмет сапасын жақсарту және санитарлық тазалық бағытында атқарылған жұмыстар қамтылды. Кеңес мүшелері аталған жұмыстарды бірауыздан қолдады.
Сондай-ақ, отырыста әртүрлі мәселелер қаралып, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің ұсынысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабына сай аудандық жер комиссиясының жаңа құрамына аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Мұратбек Нысановтың кандидатурасы ұсынылды және бұл ұсыныс кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Рақымғазы ҚҰНИЯЗОВ,
аудандық қоғамдық
кеңестің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close