Basty bet
Мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің биік тұғыры, ұлттық бірліктің негізі
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және қазақ халқының рухани байлығы, ұлттық болмысының негізі. Ол – әлемдегі сөздік қоры мол, көркемдігі мен бейнелілігі жоғары тілдердің бірі. Қазақ тілі ғасырлар бойы халқымыздың тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен бірге жасасып келеді. Сондықтан ана тілі әрбір қазақ үшін қастерлі де қасиетті.
Тіл адамға ана сүтімен дариды. Бала дүниеге келген сәттен бастап өз ана тілінің әуезін естіп өседі. Сол арқылы оның дүниетанымы қалыптасып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Ана тілі адамның ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, туған халқына, туған жеріне және Отанына деген сүйіспеншілігін арттырады. Сондықтан туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік әр адамның жүрегінде бала кезден қалыптасуы қажет.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру – әрбір азаматтың борышы. Ол үшін күнделікті өмірде қазақ тілінде таза әрі сауатты сөйлеуге, дұрыс жазуға мән беру керек. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай, сөз арасына орынсыз өзге тілдің сөздерін араластырмай, ана тіліміздің байлығын орынды пайдалану маңызды. Тілдің көркемдігі мен тазалығын сақтау – ұлт мәдениетін сақтаудың бір жолы.
Дегенмен, қоғамда қазақ тілінің тазалығын сақтауға байланысты кейбір мәселелер әлі де кездеседі. Көптеген адамдар күнделікті сөйлеу барысында қазақ сөздерінің орнына өзге тілден енген сөздерді жиі қолданады. Мысалы, «сәлем» сөзінің орнына «привет», «сау бол» сөзінің орнына «пока» деп айту, сондай-ақ сөйлем арасына «в общем», «ну и что», «и так та» сияқты сөздерді қосу жиілеп кеткен. Сонымен қатар жастар арасында «норм», «стрем» секілді жаргон сөздер кең таралып, олардың күнделікті сөйлеу мәдениетінің бір бөлігіне айналуда.
Мұндай құбылыстар қазақ тілінің сөздік қорын толық пайдалануға кедергі келтіреді. Әрине, өзге тілдерді білу – заман талабы. Алайда ана тіліміздің тазалығын сақтап, қазақша баламасы бар сөздерді орынды қолдану әр азаматтың жауапкершілігі болуы тиіс. Тілдің байлығы мен көркемдігін сақтау арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, келер ұрпаққа таза күйінде жеткізе аламыз.
Халық даналығында «Тіл – ұлттың жаны» деп айтылады. Мемлекеттік тілдің мәртебесі заңмен ғана емес, оның күнделікті өмірдегі қолданысымен айқындалады. Соның ішінде ресми хат алмасу мен құжат айналымы – мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен беделін көрсететін маңызды салалардың бірі. Бүгінде көптеген мекемелер іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге бет бұрғанымен, бұл бағытта әлі де өзекті мәселелер бар. Құжаттардың сауатты рәсімделуі, ресми стильдің сақталуы және мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуы – назар аударуды қажет ететін мәселелердің қатарында.
Жалпы елімізде қазақ тілінде сөйлейтін халықтың үлесі артып келеді. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясы кеңейіп, оның беделі жылдан-жылға нығаюда. Бүгінде мемлекеттік тілде хат алмасу көрсеткіші де жоғары деңгейге көтерілген. Мәселен, Жуалы ауданында кіріс және шығыс құжаттарының 100 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бұл – қазақ тілінің мемлекеттік басқару саласында толыққанды қолданылып келе жатқанын көрсететін нақты нәтижелердің бірі.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетованың айтуынша, өңірде кіріс және шығыс құжаттарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Атап айтқанда, жыл сайын әр тоқсан сайын аудан әкімдігіне қарасты бөлімдерден, ауылдық округ әкімдіктерінен, аудандық білім бөлімінен, аудандық мәслихат аппаратынан және аудан әкімдігінің кеңсе бөлімінен құжат айналымына қатысты мәліметтер жиналады.
Мұндағы басты мақсат – кіріс және шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде жүргізілу сапасын анықтау ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәдениетін қалыптастыру және құжаттардағы мемлекеттік тілдегі деректемелердің сауатты рәсімделуін қамтамасыз ету. Өйткені ресми құжаттардағы әрбір сөз бен әрбір сөйлем мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс деңгейін көрсетеді.
Маманның айтуынша, кейде мекемелерден ресми тілде, яғни орыс тілінде де хаттар келіп жатады. Мұндай жағдайда хат жолдаушы мекемеге неге мемлекеттік тілде жазбадыңыз деп талап қою мүмкін емес. Себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі де ресми қатынас тілі ретінде қолданылады. Сондықтан орыс тілінде келіп түскен хаттарға жауап беру барысында алдымен өтініш иесімен немесе хат жолдаушы тараппен байланысып, жауапты мемлекеттік тілде алуға келісімі бар-жоғы нақтыланады. Егер келісім берсе, жауап қазақ тілінде әзірленеді. Ал келісім болмаған жағдайда жауап ресми тілде жолданып, қосымша мемлекеттік тілдегі нұсқасы бірге тіркеледі.
Сонымен қатар мемлекеттік тілде келетін хаттардың өзінде де орфографиялық, грамматикалық және стильдік қателердің кездесіп жататыны жасырын емес. Бұл көбінесе құжатты әзірлеген маманның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне және сауатты жазу дағдысына байланысты. Осындай жағдайларда хат иесіне немесе құжат жолдаған мекемеге қателерді түзету жөнінде ескерту жасалып, мәтінді қайта қарау ұсынылады.
Құжат рәсімдеу барысында әрбір мемлекеттік қызметші қызметтік әдеп нормаларын сақтауы тиіс. Хат алмасу кезінде жеке көзқарасын білдірсе де, ресми іс қағаздарының талаптары мен хат рәсімдеу мәдениетін ұстануы қажет. Бұл – барлық мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме мамандарына қойылатын ортақ талап.
Тәжірибеде мекемелердің кейбірі мониторингке қажетті деректерді ұсыну барысында ескі үлгідегі кестелерді пайдаланатын жағдайлар да кездеседі. Жаңартылған нысандарға назар аудармаудың салдарынан жоғары тұрған органдарға қате немесе толық емес ақпарат жолданып кетуі мүмкін. Сондықтан мониторинг жүргізуге арналған кестелерді мұқият толтыру, деректерді нақты беру және есептерді сауатты әзірлеу аса маңызды. Өйткені бұл мәліметтер республика деңгейінде талданып, мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылу көрсеткіштерін бағалауға негіз болады.
Жалпы алғанда, әрбір мекемеде іс қағаздарын жүргізуге жауапты арнайы маман болады. Мекемеден шығатын құжаттардың сапасы мен сауаттылығы сол маман мен мекеме басшысының жауапкершілігіне тікелей байланысты. Егер олар мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, құжаттарды рәсімдеу талаптарын сақтаса, мекемедегі хат алмасу мәдениеті де жоғары деңгейде қалыптасады.
Ал мемлекеттік тілді одан әрі жетілдіріп, іс қағаздарын жүргізу саласындағы білімін арттырғысы келетін азаматтарға арнайы мемлекеттік тілді оқыту орталықтары қызмет көрсетеді. Мұндай орталықтарда мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін түрлі курстар ұйымдастырылып, тілдік сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар жылына екі рет облыстық деңгейде Қазтест жүйесі бойынша тестілеу өткізіледі.
Соңғы жылдары аудандық орталық аурухана қызметкерлері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері, мұғалімдер, кітапханашылар, мәдениет үйлері мен клубтардың меңгерушілері және әдіскерлері осы тестілеуге қатысып, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлерін анықтап келеді. Бұл олардың кәсіби қызметінде мемлекеттік тілді сапалы қолдануына оң ықпал етуде.
Фариза Оразымбетованың айтуынша, кейбір мемлекеттік қызметшілер мен өзге сала мамандары Қазтест жүйесінің маңызын толық түсіне бермейді. Кей жағдайда өздерін мемлекеттік тілді жақсы білеміз деп есептеп, тестілеуге қатысудан бас тартатындар да кездеседі. Алайда тест нәтижелері олардың тілдік білімінде белгілі бір олқылықтардың бар екенін көрсетіп жатады. Соған қарамастан кейбір мамандар білімін жетілдіру курстарына қатысуға құлық танытпайды.
Нәтижесінде дәл осындай мекемелерден келетін құжаттарда түрлі қателер жиі кездеседі. Әрине, анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер беріліп, оларды түзету талап етіледі. Дегенмен әрбір маман мемлекеттік тілде хат жазар алдында өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы қажет. Жазылған мәтіннің мазмұнына, мағынасына, грамматикалық дұрыстығына және ресми стиль талаптарына ерекше назар аударған жөн.
Өйткені мемлекеттік тілдегі әрбір құжат – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосатын маңызды құрал. Сондықтан ақпараттың сапалы, нақты және сауатты жазылуы әрбір мекемеден талап етіледі. Бұл тек кәсіби міндет қана емес, мемлекеттік тілге деген құрметтің де көрінісі.
Маманның айтуынша, құжат рәсімдеу барысында кездесетін қателіктер көбінесе жеке кәсіпкерлерден келетін хаттарда байқалады. Кейбір кәсіпкерлер іс қағаздарын жүргізу кезінде мемлекеттік тіл талаптарына жеткілікті деңгейде мән бермейді. Кейде Тіл туралы заң талаптары да назардан тыс қалып жатады. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, жеке сектор өкілдері де құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты жүргізуге ерекше көңіл бөлуі қажет.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл – тәуелсіз еліміздің тұғыры, ұлттық бірліктің негізі. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру әр азаматтың тілге деген құрметіне байланысты. Ана тілін дұрыс қолдану – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі бүгін де өзекті. Сондықтан қазақ тілін құрметтеу және оның тазалығын сақтау – әрбір қазақстандықтың қасиетті азаматтық парызы.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”