Basty bet
Цифрландыру – Қазақстанның жаңа даму кезеңінің негізі
Бүгінде цифрландыру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Мемлекет заманауи цифрлық технологияларды мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларына кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі артып, бизнес жүргізу жеңілдеп, азаматтардың күнделікті өмір сапасы жақсаруда, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге, жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге және жоғары білікті IT-мамандар даярлауға басымдық беріп отыр. Бұл жұмыстар инновациялық экономиканы қалыптастырып, еліміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электрондық форматта ұсынылады. Денсаулық сақтау жүйесінде электрондық медициналық карталар, цифрлық рецепттер және онлайн кеңес беру қызметтері енгізілсе, білім беру саласында қашықтан оқыту платформалары мен цифрлық білім беру ресурстары тиімді қолданылып келеді.
Отандық жасанды интеллект экожүйесінің дамуына серпін берген маңызды бастамалардың бірі – Astana Innovations Accelerator бағдарламасы. Биыл бағдарламаға түскен 350 өтінімнің ішінен денсаулық сақтау, білім беру, көлік және қалалық инфрақұрылым бағытындағы 29 үздік стартап іріктелді. Олардың қатарында ParkKing, ZhanCare.AI, Seer City, TrafficData, OnayOQU, AIQALAM және Úmit секілді инновациялық жобалар бар.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, технологиялық компанияларды қолдау еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Ал акселерациялық бағдарламалар жас кәсіпкерлердің идеяларын нақты өнімге айналдырып, оларды халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы экожүйе қалыптасқан. Astana Hub және Jambyl Hub алаңдары жас әзірлеушілерге кәсіби білім алуға, тәжірибелі тәлімгерлермен жұмыс істеуге, инвесторлармен байланыс орнатуға және инновациялық жобаларын жүзеге асыруға кең мүмкіндік ұсынып келеді.
Соңғы жылдары Salyq.AI, Qural.AI, TabiLens, RE Video секілді жобалардың табысты іске асырылуы, сондай-ақ Digital Qazaqstan 2026 форумында таныстырылған жаңа технологиялық шешімдер қазақстандық әзірлеушілердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті өнімдер жасай алатынын дәлелдеді.
Цифрландыру жаңа мамандықтардың қалыптасуына ғана емес, жастардың инновациялық жобалар әзірлеп, жеке стартаптарын іске қосуына да жол ашып отыр. Сондықтан бағдарламалау, жасанды интеллект, деректерді талдау және цифрлық кәсіпкерлік бағыттарын меңгеру – болашақтың сұранысына сай кәсіби дамудың маңызды кепілі.
Қазақстан цифрлық трансформация бағытын жүйелі түрде жалғастыруда. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, азаматтардың өмірін жеңілдетумен қатар, ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне, инновациялық әлеуеттің нығаюына және елдің әлемдік цифрлық кеңістіктегі орнын күшейтуге зор үлес қосып келеді.