Basty bet

Тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік жасалуда

Бүгінде жоғары оқу орнын немесе колледж бітірген жас маманның бірден жұмысқа орналасып кетуі оңай еместігі анық. Тәжірибесі жоқ, білім ұясының қабырғасынан енді ғана түлеп ұшқан жастың жұмыс берушілердің де оң жамбасына келе қоймасы тағы бар. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ел көлемінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның бөлігі ретінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылуда.

Жастарды қолдау бағытында қолға алынған «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу кезеңінің ұзақтығы 1 жылдан 18 айға дейін. Жоба 29 жастан аспаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа орналастыруды көздейді. Яғни, дипломын енді ғана қолға алған түлектер өзі қалаған саласына барып, жұмысқа тұра алады.
Жастар қауымына үнемі қолдау білдіретін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін ұзартып, еңбекақысын көбейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын. «Жоғары оқу орны, колледж түлектері, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүргені бар. Кейбіреулері табыс іздеп, заңнан аттауы мүмкін» деген Мемлекет басшысы NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруді де тапсырды. Аталған бағдарламаның тиімділігін ескере келе бұл жастарға жасалған тағы бір маңызды мүмкіндік екенін ұғамыз.
Ауданда «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жұмысқа орналасып, білімін тәжірибе жинауға арнап жүрген Жанерке Тілеуқұл қазіргі таңда «Топжарған» оқу орталығында балаларға ағылшын тілінен сабақ беруде.
Жас маман №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны бітірген соң, Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне оқуға түседі. Өткен жылы университетті екі шет тілі мамандығымен бітірген ол ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген.
Тәжірибесі де, еңбек өтілі де жоқ бірақ қолында дипломы бар Жанерке ауылға келіп, жерлестерінің өзге тілді білуіне өз үлесін қосуды көздейді. Алға қойған мақсатына жету үшін бірден аудандағы «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде тіркеледі. Орталықтың мамандары оған «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жұмыс ұсынып, жолдамамен «Топжарған» орталығына ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде жолдайды. Екіжақты келісімшартпен Жанерке бір жыл алты ай уақытқа аталған оқу орталығына жұмысқа орналасады. Бір айта кетерлігі, Жанеркеге жұмыс беруші «Топжарған» орталығы болса, жалақыны бағдарлама аясында мемлекет төлейді. Ендігі кезекте, жас маманға тек өз мүмкіндігін жан-жақты көрсетіп, білімі мен тәжірибесін шыңдау міндеттеліп отыр.
Жанерке оқыту орталығында бүгінгі күні 35 оқушының ағылшын тілі пәнінен қосымша білім алуына септігін тигізуде. Оның айтуынша, мұндағы балалардың деңгейі әртүрлі, яғни, оқушылардың ішінде алғыр, қызығушылығы жоғары озат оқушылар да бар. Көбінесе, орталыққа 3-9-сыныптың оқушылары келеді, яғни, 8-9 жастан, 15-16 жас аралығындағы балалар. Балалармен аптасына үш рет сабақ өткізіледі. Оқушылар алты топқа бөлінген.
– Адам мамандық таңдаудан қателеспеуі керек. Дұрыс әрі жүрек қалауымен таңдалған мамандық иесі атанған кезде өз жұмысыңды бар ынта-жігеріңмен атқаратының белгілі. Менің де бала кезімнен тіл үйренуге деген қызығушылығым жоғары болды. Өз тілімді құрметтеуім бір бөлек. Бірақ бүгінгі күннің талабымен өзге тілді білудің еш артықшылығы жоқ. Тілді білу арқылы өзге елдің мәдениетімен, тарихымен, табиғатымен және өнерімен таныса отырып, өзіңді дамытуға мүмкіндік мол. Сондықтан да менің таңдауым дәл осы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болды.
Жоғары оқу орнын бітіріп келген соң, бірден «Мансап» орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Орталықтың ықпалымен жеті күннің ішінде жұмысқа орналастым. Жұмысқа тамыз айының 15-і қабылданып, бүгінгі күні өз мамандығыммен тәжірибе жинақтаудамын. Негізгі жұмыс істеуіме берілген уақыттан кейін де оқу орталығында жұмысымды жалғастырамын деген ойдамын, – дейді жас маман.
Оның алға қойған мақсаты айқын. Бастысы, өз мамандығының білгірі атану, балаларға сапалы білім беру. Аталған мақсатына жету үшін ол әрі қарай екінші жоғарғы оқу орнын тамамдап, ағылшын тілінің білікті маманы атануды көздеуде.
Жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдау көп. Соның бірін бүгінде жас маман Жанерке көріп, Ұлттық жоба шеңберінде жұмыста өзін көрсетіп, жан-жақты дами түсуіне мүмкіндік алуда.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close