Basty bet

Адалдықты ту еткен мемлекеттік аппарат құру – өте маңызды

Аптаның сәрсенбісі күні Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажанов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Е.Мақажанов бірінші кезекте аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен, атап айтқанда, аудан әкімінің орынбасарларымен, аудандық әкімдіктің бөлім басшыларымен, сондай-ақ, ауылдық округтің әкімдерімен арнайы кездесіп, жалпы кәсіби мемлекеттік аппарат құрудағы алғышарттар мен мұның төңірегінде атқарылатын жұмыстардың бірсыпырасын атап өтіп, сонымен қатар, аталған жиында ел экономикасына, ұлттық қауіпсіздікке орасан зор қауіп-қатер төндіретін кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығы да жан жақты сөз болды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында өткен жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп ашты.
-Құрметті жиынға қатысушылар!
Өздеріңізге белгілі, кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, оның алдын-алу бағытында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың, сонымен қатар бірқатар заңнамаларға енгізілген өзгерістерді кеңінен түсіндіру мақсатында бүгін ауданға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажанов және аталған департаменттің Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров арнайы келіп отыр,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, сыбайлас жемқорлық қызметі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды, сонымен қатар заңнамаларға енгізілген өзгерістер бойынша баяндама жасау үшін алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» тақырыбында көлемді баяндама жасады.
-Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22-бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде, жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша аталған кеселмен күрестің жүргізіле беретінін жеткізгені мәлім. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалып отыр.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтар: мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, инвесторлар, тәуелсіз сарапшылар, еріктілер және басқалар тартылуда. Департамент тарапынан барлық мүдделі тараптармен бірлескен жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру – Агенттік қызметінің маңызды және өзекті бағыттарының бірі болып табылады.
Бүгінгі күнге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістердің бірқатар топтамалары әзірленіп, іске асырылды.
Заңнамалық өзгерістердің бірінші топтамасы 2019 жылдың 19 желтоқсанында қабылданды. Енгізілген өзгерістерге тоқталып өтетін болсам:
– Бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі туралы нормалар енгізілді;
– Нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы қалпына келтірілді, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді;
– Сыбайлас жемқорлыққа қатысты ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды;
– Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазасы қатаңдатылды; (ҚК-нің 366-бабында судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты жаңа құрам енгізіліп, 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі санкция күшейтілді)
– Мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына шектеулер енгізілді;
– Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын шектеу қойылды.
Заңнамалық өзгерістердің екінші топтамасы 2020 жылды 6 қазанында қабылданды. Енгізілген өзгерістерге тоқталып өтетін болсақ:
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге өзге тұлғалардан сыйлықтарды алуға және өзге тұлғаларға сыйлықтарды сыйға тартуға толық тыйым салынды. (Азаматтық кодекстегі «мемлекеттік қызметшілерге рұқсат етілген сыйлық құнының шегі» толық алынып тасталды. Кез-келген сыйлық мемлекетке тиесілі болғандықтан ондай жағдай орын алса, белгіленген тәртіппен және мерзімдерде оларды ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне өтеусіз өткізу арқылы мемлекеттік мүлік құрамына түсуге тиіс екенін ұмытпаған жөн. Ал қызметтегі жетістіктері және басқа да еңбектері үшін берілетін сыйлықтар бұл тізімге жатпайды);
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қолданылатын тұлғаларға, сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлеріне жатады. Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана қатысты болатын. Енді бұл тізім айтарлықтай кеңейтілді;
– Квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі институты енгізілді;
– Бір мемлекеттік органда немесе ұйымда туыстардың жұмысын құқықтық реттеу. (Бұл шектеу бір мемлекеттік органда, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде жұбайларына, жақын туыстары мен жекжаттарына жұмыс істеуге үзілді-кесілді тыйым салынатынын білдірмейді. Бұл шектеуде тек туыстары атқаратын лауазымдарға тікелей бағыну жағдайлары туралы айтылған. Енді мемлекеттік лауазымға үміткер өзі лауазымға орналасуға үміткер ұйымның басшылығына онда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті). Заңда осы алдын алу нормасының болуы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіндегі мүдделер қақтығысын болдырмауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығына сәйкес, «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Президент Агенттіктің алдына қойған міндеттемелері мен басымдылықтарын белгіледі. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру және жемқорлық фактілеріне баратын жолдарды барынша азайту тұрғысынан тиісті жұмыстар жалғасатын болады.
Тұжырымдаманың бірінші бағытында құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік аппараттың парасаттылығын арттыру және бизнестің парасаттылығына жәрдемдесу бағыттары айқындалған.
Азаматтардың билік органдарына деген сенімін арттыру үшін мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру маңызды бағыт. Мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлық материалдық жағынан тиімсіз болатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты мәдениет қалыптасуға тиіс.
Құрметті әріптестер, өздеріңіз көріп отырғандай, заң аясында жауапкершілік күшеюде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттіктің алдына қойған міндеттемелері мен басымдылықтарын белгіледі. Ендігі кезекте, жүктелген міндеттемелерді барынша жүзеге асыратын боламыз. Осы жұмысқа сіздерді белсенді қатысуға және жемқорлық әрекеттерден бойды аулақ ұстап, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырамын,- деді Дәурен Даниярбекұлы.
Келесі сөз Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажановқа берілді.
Ернар Абсейітұлы «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – басты міндет» тақырыбында нақты мәліметтерді ортаға салды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алғандығын және оның пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілетінін атап өткен болатын. Бұл әрине, біздің еліміз үшін маңызды мәселе.
Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда барлық салада заңнама талаптары күйшетілуде. Алайда соған қарамастан, біздің өңірде жемқорлық қылмыстар тыйылмай тұр. Атап айтатын болсам, департаментпен есептік кезеңде – 66 қылмыс тіркелген. Сыбайлас жемқорлық сипатындағысы – 46 болып отыр.
Қылмыстық жауапкершілікке – 54 тұлға тартылған, оның ішінде екеуі респуликалық деңгейдегі басшылар, төртеуі облыс деңгейіндегі, ал үшеуі аудандық деңгейдегі басшылар.
Өздеріңіз байқап отырғандай, қылмыс саны былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір өскен. Бұның негізгі себептері ретінде басшылардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытына тиісті көңіл бөлмегендігінен деп ойлаймыз.
Сондықтан, бөлінген бюджетті игеру барысында қатаң бақылау орнату қажет. Одан бөлек, мекеме тарапынан жүргізілетін ішкі талдау сапасы сын көтермейді. Бұл жұмыс көбіне формалды түрде жүргізіледі. Осы бағыттағы жұмыстарға назар аударуларыңызды сұраймын.
Құрметті әріптестер, еліміздің ертеңін ойлайтын, кемел келешек қалыптастыратын, адалдықты ту ететін мемлекеттік аппаратты қалыптастыру – бүгінгі күннің ең маңызды жұмысы болуға тиіс,- деп атап өтті департамент басшысының бірінші орынбасары Е.Мақажанов.
Мемлекеттік қызметшілермен болған жиын барысында департамент тарапынан әзірленген бейнеролик көрсетілді. Онда жемқорлық фактілерінің орын алуы, жемқорларды пара алу сәтінде құрықтау, сонымен қатар, облыс көлемінде дәл осындай сыбайлас жемқорлық бағытындағы қылмыспен ұсталып, жазаға тартылып, тергеу изоляторларында отырғандардың жай-күйі де экраннан көрсетілді.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров келесі кезекте аудан орталығындағы №15 мектеп-лицейдің базасында ауданның білім мекемелерінің басшыларымен кездесіп, онда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» тақырыбында баяндай отырып, білім бері саласының жалпы сыбайлас жемқорлық тәуекелі көп саланың бірі ретінде айта келе, басшыларға Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығына сәйкес, «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданғанын, онымен қоса, тұжырымдамада көзделген міндеттер мен басымдықтарды да атап өтті. Сонымен қоса, жұмыс барысында ықтимал жемқорлық жағдайларын болдырмау туралы айта келе, бұл туралы тиісті заңнамамен көзделген шараларды да атап өтті.
Д.Омаров келесі кезекте аудандық орталық аурухананың қызметкерлерімен, (денсаулық сақтау саласы), аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының, сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен (жеке құраммен) арнайы кездесіп, тақырыпқа сай баяндамалар жасалып, кеңінен пікірлер алмасылды. Қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Айта кету керек, білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік кірістер, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен болған кездесуді аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов жүргізді. Әрбір кездесуде департамент тарапынан әзірленген бейнеролик көрсетілді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close