Basty bet

«Диқан дарысын!»

жергілікті диқандар алқапқа қырыққабат көшетін қондыру үстінде

Топырағы қасиетті, ауасы саф, жері мен суы дуалы Жуалы ауданының диқандары соңғы жылдары бау-бақша дақылдарының алқабын біршама ұлғайтып, жергілікті ауа райы жағдайында адам денсаулығына зиянсыз экологиялық таза өнімдердің көлемін ұлғайтуға күш салып отыр. Мал азығына арналған дақылдарды қоспағанда, былтыр жуалылық диқандар барлығы 700 гектарға жуық алқапқа көкөніс дақылдарын егіп, баптаса, биыл өңірде егілетін көкөніс алқабының көлемі – 445 гектар, ал бақша дақылдары – 10 гектарға егіледі деп жоспарланған.

Айта кету керек, халық күнделікті тұтынатын көкөніс және бақша дақылдарын көбінесе аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы, орталыққа жақын орналасқан – Ақсай, Мыңбұлақ, Көкбастау, Қызыларық, Ақтөбе және Нұрлыкент ауылдық округтерінің диқандары өсіріп баптайды. Көкөніс және бақша дақылдары алқабының көп бөлігі аудан орталығы мен Нұрлыкент ауылының диқандарына тиесілі. Нұрлыкент ауылында әрбір екінші үйде (үй іргелік жерде) көкөніс көшеттерінің егіліп, бапталатынын ескерсек, көкөніс көшеттерінің де алқабын ұлғайтып отырған да сондағы диқандар. Бұл үшін жылдағы дәстүрмен үй ауласында парник егіледі. Парникте өнген көшеттер кейіннен ауыл маңындағы алқаптарға қондырылады. Қарап отырсаңыз, бұл үлкен еңбек пен уақытты талап ететін жұмыс процесі. Тек істің көзін тауып, ерінбеген жан ғана диқан бола алмақ. Диқанның өз «кетпеніне» адал болатынын осыдан-ақ түсінуге болатындай…
Экологиялық өнім – ең таза өнім. Мұны жуалылық жергілікті диқандар жақсы біледі. Оның үстіне, жергілікті ауа райы да қайбір өнім болсын, экологиялық жағынан таза болуға мүмкіндік береді. Бұл ретте қандай да бір пилоттық жобаларға қатыспай-ақ, экологиялық тұрғыдан сапалы азық-түлік өндіру ісінде ұзақ жылдан бері белсене әрі жемісті жұмыс жасап келе жатқан жергілікті диқандардың қатарында Өтеновтар әулетін атап өтсек жеткілікті. Бақ пен берекенің ынтымақты жерде, бірлікте ғана болатынын бұл әулеттің мүшелері жақсы білсе керек. Сондықтан бірлесіп еңбек етіп, еңбектің жемісін де әулеттің ортақ игілігіне айналдыруда.
Олардың айналысатын кәсіптері негізінен диқаншылық. Қанға сіңген қасиет деп айтамыз ба, әлде жыл сайын айналысатын үйреншікті кәсіп дейміз бе, әйтеуір бұл әулетті диқаншылық салтынан бөліп қарай алмайтынымыз анық. Олар жыл сайын Б.Момышұлы ауылының маңындағы 10 гектар егістік алқапты күш біріктіру арқылы игеріп отыр. Тәжірибелі диқандар биыл да осыншама гектар алқапқа қырыққабат көшеттерін отырғызып, баптауға қызу кірісіп кетті.
Жылдағыға қарағанда, биыл көктем суықтау болып тұр. Осыған байланысты болу керек, жергілікті диқандар да есік алдындағы парниктегі көшеттерді алқапқа көшіруге асыққан жоқ. Себебі, ауа райының ыңғайы солай. Алдыңғы апталарда ауыл-аймақтағы жекелеген диқандар болмаса, алқапқа қырыққабат қондыру жұмыстары екі-үш күн бұрын ғана басталды. Көшет қондыруға әлі де кеш емес. Бау-бақша жұмыстарына белсене кіріскен еңбекқор азаматтарға «Диқан дарысын!» дейік.
Айта кету керек, нұрлыкенттік Өтеновтар отбасы жылдағыдай ең алдымен екі гектар алқапқа қырыққабаттың ерте өнім беретін «Ринда» сортының көшеттерін қондыру үстінде. Сәтін салса, қырыққабаттың бұл тұқымы тамыз айының алғашқы он күндігінде және орта тұсында өнім бере бастайды. Содан кейін араға бір-екі апта салып басқа да алқаптарға көшеттер кезегімен қондырыла береді. Диқандар осы аптаның алғашқы күндерінен бастап ең алдымен бір гектарға қырыққабаттың «Ринда» тұқымын қондырды. Онымен қоса, қырыққабаттың «Бухарест» тұқымының да көшеттері егіліп жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, алқап басында қызу еңбек. Диқаншылық кәсібінің жұмыстары негізінен қолмен атқарылады. Қырыққабат көшеті де солай. Қолмен бапталып, алқапқа да қолмен егіледі. Ол үшін көшет егу жұмыстарына құрамында 20 шақты жұмысшысы бар бригаданың көмегі қажет. Өтеновтар да өздерінде жұмысшы күші жетпегендіктен, алқапқа көшет қондыру кезінде қосымша жұмысшы күшін тартуға мәжбүр. Қазір алқап басында бір бригада көшет қондыру жұмыстарына жұмылдырылған.
-Көшет қондырмас бұрын егілетін алқап агротехникалық шараларды сақтау арқылы техникамен өңделеді. Алқаптың топырағы әбден тегістелгеннен кейін ғана жүйектер түзіліп, көшетті қондыруға арналған шағын лункалар жасалады. Оған міндетті түрде аммофос минералды тыңайтқышын себу қажет. Жүйектерге ағын су жіберілген соң көшеттер өз орнына қондырылады. Әрбір істің көзі болатыны сияқты, көшет егудің және одан кейін оны баптаудың да өзіндік технологиясы бар. Сәтін салса, бір-екі аптада жұмысты толық аяқтаймыз. Қазір көшет қондыру жұмысы қызу жүруде. Алқапқа ағынсу да жақсы келіп жатыр. Бұған өте қуаныштымыз,- дейді тәжірибелі диқан Мұзаффар Әбдірайымұлы.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close