Basty bet
Мемлекеттік тілге басымдық беруіміз керек
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін бекіту тәуелсіздік алған соң қайта жан-данды. Тоқсаныншы жылдардың соңында ел соттарында іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мақсатты түрде қолға алынды. Соттар тарапынан бұл мақсатта атқарылып жатқан іс шаралар нәтижесіз емес. Қазіргі күні республика соттарының іс қағаздары мемлекеттік тілге толықтай өткен, барлық шығыс құжаттары мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Дейтұрғанмен, сот құжаттарын қазақша жүргізу мәселені шешпейтінін уақыт көрсетіп отыр. Оны республика соттарында қазақ тілінде қаралатын істер санының аздығынан көруге болады. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 13-бабына жүгінсек, «Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледі, ал, қажет болған жағдайда, орыс немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады». Яғни, сотқа талап-арыз қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралады. Ал іс жүргізу тілін білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта аудармашының қызметін тегін пайдалану қамтамасыз етіледі.
Судьялар істі екі тілде бірдей қарап, сот ісін жүргізу тілінің қағидаттары мен заңдылығын қатаң сақтайды. Судьялыққа іріктеуде үміткердің мемлекеттік тілдегі сауатына басымдық беріледі.
Мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламаларына байланысты сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы ұдайы назарда. Тіл саясаты тиісті бағамдар бойынша қадағаланады. Сот билігі – биліктің бір тармағы ретінде мемлекеттік тілді дамытуға мүдделі. Дегенмен, процестік заңнама талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі талап қою берілген тілде іске асырылады. Тіл мәселесі кезең-кезеңімен жүйелі шешіліп келеді. Тілге қатысты айқын да нақты істер керек. Қазақстанда тілді дамыту үшін барлық жағдайлар жасалынып жатыр. Қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында да лайықты биігіне көтерілуде.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оны қоғамымыздың барлық саласына дендеп ендіру елдік іс. Сол себепті, азаматтар қазақ тіліне бейжайлық танытпай, оны өз тұғырына қондыруға жаппай атсалысқандары абзал. Сонда ғана тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесі шешімін табады.
Әрбір қызметкер, әсіресе, басшылық құрам өзі еңбек етіп отырған мекемеде мемлекеттік тілге басымдық берсе, сол аумақтың тұрғындары үшін үлкен үлгі-өнеге болар еді. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер халыққа қызметті қазақша сауатты әрі мәдениетті түрде көрсетсе, қоғамның мем лекеттік тілге деген құрметі, сол арқылы қажеттілік артады. Сондықтан, мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруда мемлекеттік қызметкерлерден үлкен жауапкершілік талап етіледі. Солардың тиімді тетігінің бірі ретінде әрбір мемлекеттік мекеме мен құқық қорғау органының кіріс-шығыс құжаттарын, сондай-ақ, хат-хабарламаларды мемлекеттік тілде дайындауды атауға болады.
Жасыратыны жоқ, өңірде заңды тұлғалар тарапынан берілетін талап қоюлардың көпшілігі орыс тілінде түседі. Мысалы, банктер қарыз алушымен несие шарттарын қазақ және орыс тілдерінде рәсімдейді. Шарт бойынша дау шығып, сотқа жүгіну қажеттігі туындағанда талапты мемлекеттік тілде емес ресми тілде береді.
Азаматтық процестік кодекстің 14-бабында сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленетіні жазылған. Яғни, талап арыз сотқа қай тілде берілсе, іс сол тілде жүргізіледі. Тілді білмейтін іске қатысушылар сотта аудармашымен қамтамасыз етіледі. Талап арыз орыс тілінде жазылғанымен, сотта талапкер қазақша түсінік беруді сұрайтын да жағдайлар кездеседі.
Мұны олар іске тіркелген құжаттардың орысша немесе қорғаушысының орыс тілді болуымен байланыстырады. Егер арызға тіркелетін құжаттар ресми тілде болса немесе іс бойынша жасалған сұраныстарға іс жүргізу тілінен басқа тілде жауап берілсе талапкерлер ондай құжаттардың аудармасын қоса тіркей алатынын білгендері абзал.
Әрбір адам өзінің конституциялық құқығын дұрыс пайдаланып, арызды өзі жақсы білетін қазақ тілінде жазса нұр үстіне нұр. Сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің орны ҚР Жоғарғы Сотының «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысымен де айқындалған. Бұл өз кезегінде сот процесіне қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді.
Қазақ тілі мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі. Ал өзге тілдер қажет болған жағдайда ғана мемлекеттік тілмен қатар қолданылады. Сондықтан, қай салада болмасын іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу нормасы әрқашан да жоғары тұруы тиіс.
Жуалы аудандық
сотының төрағасы
Бабырхан Абуев