Қыстың қамын жазда ойлайтын ауылдағы ағайын үшін қауырт кезең әлдеқашан басталып кеткені белгілі. Ерте көктемде егістікке егін еккен шаруалар, дәл шіліңгір шілденің екінші жартысында толысып піскен егін алқаптарына орақ салды.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бізге берген ресми мәліметінше, ауданымызда ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектарды құрайды. Оның ішінде, 95 449 гектары егістік, (жалпы суармалысы 8 707,5 га, оның ішінде суармалы егістігі 8 460 га.) Шабындық 2 046 гектар. Жайылым 114 559 гектар, ал көп жылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 4 017 гектарға тең.
Ал ауыл шаруашылығы дақылдарының орналасу жайына келетін болсақ, күздік бидай – 9 700 га, жаздық арпа – 29 100 га, майлы дақылдар – 22 120 га, картоп – 2 725 га, көкөніс – 745 га, дәндік жүгері – 340 га, бақша – 10 га, көпжылдық шөптер – 31 640 гектарға (сүрлемдік жүгері – 870 га, жаңа жоңышқа – 3 815 га, көпжылдық шөп – 26 955 га) егілген.
Дәл қазір қыстың қамын жазда ойлайтын шаруалар қауымы үшін қауырт шақ екені бәрімізге белгілі. Әсіресе, Жуалының таулы өңірін жайлаған шаруақор ағайын шөп дайындау науқанын аяқтап, егін орағының бел ортасына да келіп жетті.
Атап айтқанда, Жетітөбе ауылдық округінде алтын орақ науқаны бел ортасынан асып барады. Ауылдық округтің шаруалары биылғы жылдың өнімі үшін 2 600 гектар алқапқа жаздық арпа, 1 233 гектарға күздік бидай, сонымен қатар, 3 600 гектар алқапқа мақсары дақылының дәнін сепкен. Жалпы округте 15 мың гектардай егістік жер бар.
Егін орағы науқанына Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Майбұлақ ауылында орналасқан «Шәукей» шаруа қожалығының мүшелері де жақында қызу кірісіп, егіс алқаптарының жартысына жуығын орып, жаздық арпаны ысырапсыз жинау үстінде.
2000-шы жылдардың басында құрылып, содан бері жүйелі жұмыс жасаудың арқасында еңсе тіктеп үлгерген шаруашылық биыл көктемде өз иелігіндегі 70 гектар алқапқа жаздық арпа септі. Одан бөлек, 80 гектардай күздік бидай алқабы бар. Қалғаны мал азығына арналған жоңышқалық алқаптарға тиесілі.
Бүгінде Шыңбұлақ аймағындағы алдыңғы қатарлы шаруашылық саналатын «Шәукей» шаруа қожалығы ауыл маңында егілген арпа алқаптарының жартысына жуығын орып үлгерді. Ендігі кезекте қалған алқаптардың дәнін бастырып, одан соң күздік бидай алқабына орақ салмақшы.
-Биыл ерте көктемде және жаздың басында Жуалы өңірінде жауын-шашын мол түсті. Соның әсерінен де болу керек, алқаптарға егілген арпа дәні жердің бетіне ерте өніп шығып, тиісінше, тез көтерілді. Масағы да тез толысты. Әбден пісіп-жетілген арпа алқаптарының дәнін комбайнмен бастыруға жақында кірістік. Орақ науқаны ойдағыдай жүруде. Былтырғыдан қарағанда, биылғы өнім жақсы. Әр гектардан орта есеппен алғанда 15 центнерден өнім алып жатырмыз. Былтыр қуаңшылық болды, ал биыл табиғат ананың да адамдарға берер ырыздығы мол болып тұр. Оған әрине, шүкіршілік айтамыз,- дейді шаруашылықтың мүшесі әрі қожалық жұмысына басшылық жасап жүрген Асқар Билібайұлы.
Шаруасы шалқыған Майбұлақ ауылындағы шаруа қожалықты еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы салаларында мол тәжірибесі бар еңбекқор азамат Билібай Шәукеев басқарады. Бүгінде шаруашылықтың иелігінде 200 гектардан астам егістік алқабы, оны игеруге арналған екі дана «МТЗ-80», «МТЗ-82» маркалы доңғалақты тракторы, «Ростсельмаш» маркалы астық бастыратын комбайны, шөп оуға арналған «Германка», шөп турайтын және шөп тайлайтын агрегаттарымен бірге, қосымша ауыр жүк көліктері және ауыл шаруашылығына арналған тіркемелері бар. Шаруашылық осыншама техниканы өздерінің жеке қаражаттарына сатып алған.
Жаңадан тірлік бастау оңай болғанымен, оны ары қарай жүргізу оңай жұмыс емес екені белгілі. Ол үшін шаруаға күш-қайратпен қатар істің көзін таба білетін іскерлік те қажет. Әсіресе ауыл шарауашылығы саласында жетістікке жету үшін тынбай еңбек етудің маңызы зор. Сонда ғана белігілі бір нәтижеге жетуге болады.
«Шәукей» шаруа қожалығында да алғаш құрылған жылдары аз ғана егістік жер болғанымен, оны иегеретін бірде-бір техника болған жоқ. Қожалықтың басшысы Билібай Шәукейұлы бұрынырақта М.Горький колхозында мал дәрігері, кейіннен «Шыңбұлақ» өндірістік кооперативінде де мал дәрігері болып жемісті еңбек етті. Ұжым тарағаннан кейін де өз алдына ел қатарлы шаруашылық құрып, оның алғашқы іргетасын өзі қалап, 20 жылдан астам уақыттың аралығында оны аяғына нық тұрғызған да осы еңбекқор азамат Билібай аға болатын.
Жалпы Бекеңді еңбекқор әрі жан-жақты азамат десе де болатындай. Шаруашылық құрылған алғашқы жылдары балалары жас болды. Сондай кезеңдерде ол техниканың барлығын өзі жөндеп, өзі жүргізді. Сөйтіп балаларына жол көрсетіп, техника жүргізумен қатар істің көзін табуды да үйретті.
Ерлі-зайыптылар Билібай аға мен Шолпан жеңгейдің шаңырағында үш ұл бала тәрбиеленген. Ұлдың үлкені – Ардақ облыс орталығында халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істесе, ең кенжесі Димаш Қарағанды қаласында ішкі істер органдарында қызмет етуде. Әскери шені – капитан. Ал отбасының ортаншы ұлы – Асқар да әскери борышын өтегеннен кейінгі жылдары бес-алты жылдай 5513 әскери бөлімінде арнайы мақсаттағы топта қызмет еткен. Бірақ осыдан жеті жыл бұрын әкесінің ақыл-кеңесімен және шақыртуымен ауылдағы шаруашылық жұмыстарына бас-көз болып, өзі де жұмысшылармен бір сапта ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізіп, аянбай еңбек етіп жүр. Отбасында келіншегі Дамира екеуі үш бала тәрбиелеп өсіруде.
Жалпы «Шәукей» шаруа қожалығының жұмысы негізінен егін және мал шаруашылығы бағытында дамып келеді. Шаруашылық мүшелері осыдан 10 жылдай уақыт бұрын «Сыбаға» бағдарламасымен 10 миллион теңге несие алып, оған 50 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алғандарын айтады. «Абердин-Ангус» аталатын асыл тұқымды сиырлар Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының бірінен сатып алынып, содан бері аталған тұқым осында бағылып, басы өз төлінен көбейтілуде. Шаруашылықта жыл он екі ай бойы 30 басқа дейін ірі (екі-үш жасар) бұқалар бордақыға байланады. Одан өндірілген бірнеше тонна экологиялық таза ет тиісінше, өз облысымыздың орталығындағы ет дүкендеріне келісім-шарт арқылы өткізіледі.
Шаруашылықта одан бөлек, сүт бағытында 30 бастай сауынды сиыр бағылады. Оның сүті де тиісінше, аудан орталығындағы сүт өңдейтін зауыттарға өткізіледі. Етті және сүтті бағыттағы ірі қара малдың барлығы шаруашылықтың Майбұлақ ауылындағы өз базасында бағылады. Қожалықта мал азығына арналған дақылдардан арпа-бидай және көпжылдық шөп молынан егілетіндіктен, ірі қаралар жемшөптен қысылмайды. Мал азығы шаруашылықтың өз алқабынан дайындалады.
Жұмысты жүйелеп, шаруашылықты ұлғайтуды мақсат тұтып отырған «Шәукей» шаруа қожалығында науқан кезінде 10 адамға дейін жұмыс істеп, нәпақа табуда. Олардың қатарында шаруашылық басшысы Б.Шәукеевтың туған інісі Молдияр Шәукеев және Ерболат Наурызовтар аталған қожалықта 2002 жылдан бастап жұмыс істейтіндіктерін айтады. Жалақылары да тұрақты беріледі.
Бір сөзбен айтқанда, «Шәукей» ШҚ мүшелері өңірдің асыраушы саласының дамуына үлкен үлес қосып отыр. Алға қойған бағыттары мен мақсаттары да айқын. Әдетте мұндай шаруашылықтың даму жолында ешқандай күрделі проблемалар болмауы керек…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»