Basty bet

Әрбір ауыл аталы сөзге толы болуы керек

Жарнамалар мен көрнекі ақпарат құралдарындағы сауаттылық мәселесін барлық басылымдар көтеріп келеді.
Ауданымызда аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы топ та үнемі ауылдық округтерге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, комиссияның отырысында көтеріп, талқылап, орын алған қателіктер үшін жауапты басшыларға жұмысшы топ тарапынан ескертіліп, нақты тапсырмалар берілуде. Бірақ, өкінішке қарай, қателер әлі де көп. Сондықтан көрнекі ақпарат құралдарындағы, жарнамалардағы сауаттылық, ҚР Тіл туралы Заңының талаптарының орындалмау мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді.

Жамбыл облысымен көршілес жатқан Түркістан облысы Түлкібас ауданына барсаңыз, ауылдарда жол бойында көрнекі ақпарат құралдарда даналар сөзі мен мағынасы терең мақал-мәтелдер көптеп жазылған. Жол жүріп бара жатып, қаншама даналық сөздерді оқып, ой түйесіз.
Кісіге ой салар аталы сөздердің құны халқымыз үшін қашан да жоғары. Сондықтан әрбір ауыл аталы сөзге толы болуы керек. Себебі, аталы сөздеріміз арқылы үлкен идеологиялық жұмыс атқарамыз.
Ал, біздің ауданда даналық сөздер жазылған көрнекі ақпарат құралдар өте аз. Ауылдық округтерді аралау барысында байқағанымыз, кейбір ауылдық округте бір-екеу, әрі кеткенде үш-төртеу ғана. Ал, кейбір ауылда мүлде жоқ. Есесіне, ауылдық округтерде бос тұрған, яғни көк бояумен бояп қойған көрнекі ақпарат құралдары бар.
Көрнекі ақпарат құралдары туралы мәселе аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы топ отырысында қанша айтылғанымен, ауыл әкімдері әлі күнге дейін бір ретке келтіре алмай келеді. Яғни, қатемен жазылады, не болмаса, жазылған көрнекілік құрал күнге оңып, ағарып, жыртылып кеткен, не болмаса әріптердің көлемі тақтайшаның көлеміне сәйкес келмейді, тым кішкентай әріппен жазылған. Мәселен, Қоңыртөбе ауылындағы жол бойындағы тақтайшалардағы даналық сөздер майда жазумен жазылған. Көліктегі кісі былай тұрсын, жаяу өтіп бара жатқан кісі жанына барып тоқтап оқымаса, оқылмайды. Кәріқорған ауылындағы көлемді көрнекілік ақпарат құралы мүлдем боялмаған, тот басып тұр. Күреңбел ауылындағы Жүсіпбек Аймауытовтың ана тілі туралы мына дәйекті сөзі “Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына” деген сөзі үш қатемен жазылған. “Ұрпақтан-ұрпаққа” деген сөзі “ұрпақтын-ұрпаққа” деп жазылған, “жеткізіп” деген сөзден кейін үтір, сөйлем аяқталған соң нүкте қойылмаған. Ал, екінші тіл туралы сөз жазылған көрнекі ақпарат құралы жыртылып, жазулары өшіп, әлем-жәлем күйге түскен.
Көктөбе ауылы мен Қосбөлтек ауылының ортасында №30 Көктөбе орта мектебінің орналасуына байланысты жол жиегінде “Абайлаңыз балалар” деп жазылған тақтайша бар. Ескертпе сөздің тыныс белгілері дұрыс қойылмаған. Сөйлемде айтатын сөзді нақтылы, дәл түсінікті етіп жеткізуде тыныс белгілердің рөлі үлкен. Бұл сөйлемде “балалар” сөзі қаратпа сөз. Қаратпа сөз сөйлемнің соңында келіп тұрғандықтан, оның алдына үтір қойылады және ескертпе сөз болғандықтан сөйлем аяқталған соң леп белгісі қойылуы керек. Яғни, дұрысы “Абайлаңыз, балалар!”. Сонымен бірге осы тұста “Тазалық – иманның жаршысы” деген сөзде “Тазалық” деген сөзден кейін дефис қойылмаған. Нақыл сөз халықты тазалыққа үндеп тұрғандықтан тазалық сөзін ерекшелеу мақсатында тіл заңдылығына сәйкес дефис қойылуы қажет.
Бауыржан Момышұлы ауылындағы Зиябек Толымбайтегі атындағы орталық мешіттің қақпасының жанындағы “Лаңкестікке қарсы күрес – ортақ міндет” деген жазылған билбордта да “Лаңкестікке қарсы күрес” деген сөзден кейін дефис қойылуы керек. Айта берсе, қатемен жазылған көрнекі ақпарат құралдары көп. Бұл ауыл әкімдерінің тілге деген немқұрайды көзқарасы деп түсінеміз. Әйтпесе, ел-жұрттың назарына ілінетін дүниенің сауатты жазылуына неге мән бермейді? Көрнекі ақпарат құралындағы сөзді қате жазудың өзі үлкен ұят.
Бүгінгі қоғамдағы өкінішті жайт – қатеге мән бермеу. Кейбір жастарға қате жазылған сөйлемді көрсетіп, қатені тапшы десең, қатені таба алмайды. Себебі, сөздің дұрыс жазылуын білмейді. Мұның салдары өте қиын. Тілді өзге тіл құртпайды, тілді сауатсыз жазу, сауатсыз сөйлеу арқылы өзіміз құртамыз.
Келесі мәселе кәсіпкерлік нысандардағы жарнама тілі. Тіл туралы заңға сәйкес кез келген жарнама бірінші мемлекеттік тілде, қажет жағдайда ресми тілде жазылуы керек. Алайда бізде тек орыс тілінде жазылған жаранамалар көп. Мәселен, Б.Сафинов көшесінің бойындағы “Прием метала. Дорого! Черный. Цветной”, “СТО Ходовой цех”, басқа да автокөлік майын сататын дүкен, т.б бірқатар дүкендердің жарнамалары тек орыс тілінде жазылған. Базарда және Рысбек батыр көшесінің бойымен жүріп өтсеңіз де осындай деректерге куә боласыз. Бұл кәсіпкерлердің тілге деген құрметінің соншалықты төмен екенін білдіреді. Аталған кәсіпкерлік нысандардың иелері өзіміздің қара көздер. Олай болса, жарнаманы неге олар қазақша жазбайды? Қазақ тілінің сөздік қоры кез келген ойды көркем, ұғынықты, кәсіби түрде жазуға мүмкіндігі бар. Сондықтан орыс тілін “асқар таудың шыңы” ретінде қарастыруды қойған жөн.
Ал, көрнекі ақпарат құралдарына келсек, мақал-мәтелдің мағынасы терең, сөзі көркем болғандықтан, оның жас ұрпақ тәрбиесінде де үлкен рөл атқаратынын ескергеніміз абзал.
Жалпы, сыртқы көрнекі ақпарат көпшілік назарына іліне отырып, оларға әсер етудің басты жолы. Яғни, күнделікті тұрмыста тұрғындар мақал-мәтелдер, аталы сөздер арқылы қазақ тілін білудің дейгейін көтеріп, көркем сөзге бірқадам жақындай түседі. Осыны ескере отырып, көшедегі жазбаның күшін тұрғындардың игілігіне оңтайлы пайдалана білуіміз керек. Сонымен қатар еліміздегі өзге облыс, аудандардағы озық тәжірибелерді алып, өзімізге талап қоя білгеніміз жөн!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close