Basty bet

Діні беріктің діңгегі бұзылмас

«Қазыналы қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп ой мен бой түзеген халқымыз үлкендердің айтқанын тыңдап, аталы сөзге тоқтап, батадан қуат алып, ұлағатты өмір өрнегін қалыптастырған. Діні мен ділінің, салт-дәстүрі мен тілінің, ұлттық болмысының қаймағы бұзылмаған елдің тұғыры шайқалмайтынын тереңнен пайымдаған қазақ бұған ерекше көңіл бөлген.
Дін – адамзат тарихы мен мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дін – әлемдік өркениеттегі барлық қоғамдарға тән тарихи, саяси-әлеуметтік, дүниетанымдық және психологиялық құбылыс. Адам рухымен тікелей байланысты дін адамзатпен ықылым замандардан бері бірге жасасып келеді. Дін сан қырлы, күрделі және нәзік нәрсе. Дінді Жаратушы мен адамның арақатынасы, адамның танымынан тыс күштердің барлығына сенуі және илану деп анықтауға болады.
Дінін білген адамға тегі, тегін білген адамға діні ешқашан жат саналмайды. Әлемдегі барлық діндерде адамның өзін-өзі тәрбиелеуі, өз кемшіліктерімен күресуі туралы айтылады. Жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілік, рақымдылық, әділдік сияқты жоғарғы құндылықтарға негізделген. Солардың ішінде, ең соңғы кемеліне келген әрі мейірім мен рақымдылықты ту еткен дін – Ислам діні.
Қазақ халқының ежелден ұстанатын діні – Ислам. Тарихи деректерге сүйенсек, ата-бабаларымыздың ислам дінін қабылдағанына шамамен 1200 жылдан аса уақыт өткен. Содан бері ислам діні қазақ жерінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, бүгінгі күнге дейін дүниетанымымыздың бөлінбес бір бөлігі болып келеді.
Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөледі.
Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі болудан ешқашан да тыс қалмаған.
Бұған қоса жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атайтындығын атап айтуға болады.

Керімхан ТӨреҚұлов,
Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі

Таңдаулы материалдар

Close