Basty bet

Орман қоры жерінде өрт қауіпсіздігі қатаң сақталуы қажет!

Апат айтып келмейді. Десек те тұрғындардың өміріне қауіп-қатер төндіріп, қоршаған орта мен ел экономикасына орасан зор залал келтіретін табиғи апаттар, басқа да төтеннен туындайтын жағдайлардың алдын алу үшін дайындық шараларын пысықтаудың маңызы зор. Қауіпсіздік шараларын сауатты қолдану арқылы ғана айтпай келетін апаттың шығындары мен залалын азайтуға болатынын естен шығармаған абзал!
Айтпай келетін апаттардың ішінде «тілсіз жау» өрттен келетін залал орасан. Өрттің қызыл жалыны айналаны түгел жалмап, табиғат байлығы саналатын ормандар мен жануарлар дүниесінің жойылуына да әкеп соғады. Ең маңыздысы – адамның өмірі. Сондықтан, өрттің салдарымен күрескенше, оның алдын алып, барлық салада қауіпсіздік шараларын барынша сақтаған жөн.
Ағымдағы жылдың 8-14 шілдесінің аралығында Жуалы ауданының орман қоры аумағында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің арасындағы бірлескен жоспарға сәйкес, «Орман» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілу үстінде. Аталған іс-шаралардың негізгі міндеті – орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
Осыған сәйкес, бейсенбі күні «Nurai Plaza» бизнес орталығының мәжіліс залында брифинг өтті. Оған Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев, Жуалы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі директорының орынбасары Азамат Зият және аудандық полиция бөлімінің өкілі Ринат Ыдырысбекұлы қатысып, аталған іс-шараның аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралардың барысы туралы баяндады.
-«Орман» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының аясында өңірде бірқатар жұмыс атқарылу үстінде. Әсіресе, орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау, сонымен қатар, жеке тұрғын үй секторларындағы өрт қауіпсіздігі мәселелеріне баса назар аудару жөнінде тұрғындар арасында ағарту және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл бағытта тиісті мобильдік топтар құрылып, жұмыс істеуде.
2024 жылдың алғашқы айынан осы мерзімнің аралығын алып қарайтын болсақ, ауданда 15 өрт оқиғасы тіркелді. Былтыр бұл кезеңде 21 өрт оқиғасы тіркелген болатын. Тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігін сақтау бағытында рейдтік және аулаларды аралау жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде, биыл өрт оқиғалары 11 есеге төмендеп отыр. Онымен қоса, тұрғындарға ескерте кететін маңызды жайт, автокөліктегі өрт оқиғаларының да алдын алу қажет. Өрт қауіпсіздігін сақтамау немесе оны өрескел бұзу жағдайларында кінәлі азаматтар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің тиісті баптарына сәйкес, әкімшілік жауапқа тартылып, жеке тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде айыппұлдар салынады,- деп атап өтті Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев.
Айта кету керек, 2024 жылы аудан аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөнінде аудан әкімінің тиісті Қаулысы бекітілген. Брифинг барысында аудандық полиция бөлімінің және Жуалы орман шаруашылығы және жанауарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің өкілдері аталған іс-шараның аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close