Basty bet

Округтік сайлау комиссиясы қалыптасады

Кеше аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс отыз жетінші сессиясы өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер қаралып, шешім қабылданды. Сессияға аудандық мәслихаттың депутататтары және ауылдық округтердің әкімдері шақырылды.

Сессия жұмысын аудандық мәслихаттың төрағасы Ерғали Тілеубеков ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібі және жұмыс регламенті бекітілді.
Жиынның күн тәртібінде бірінші кезекте округтік сайлау комиссияларының құрамдарын бекіту туралы мәселе қаралды. Аудандық мәслихаттың төрағасы Е.Тілеубеков аталған мәселенің заңдылықтарына біршама тоқталды.
-Округтік сайлау комиссиясы жаңадан құрылып отыр. Өздеріңіз жақсы білетіндей, учаскелік және аумақтық сайлау комиссиялары бұрыннан жұмыс істеп келеді. Ал Қазақстан Республикасының тиісті заңнама талаптарына сәйкес, жаңадан құрылып отырған округтік сайлау комиссиясының құрамына мүше болу үшін ең бірінші кезекте саяси партияларға басымдық беріледі. Одан кейін қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер аталған комиссияға өз мүшелерін ұсына алады. Оған мүше болудың да бекітілген өз талаптары бар.
Аумақтық сайлау комиссиясына мүшелікке біздің ауданнан саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардан барлығы 71 кандидат ұсынылған. Біз тиісті заңнама талабына сай оның 65 мүшесін ғана сайлауымыз қажет,- деді Ерғали Өтемісұлы.
Қосымша айта кететін болсақ, ауданда 13 округтік сайлау комиссиясы құрылады. Сессияда оған мүшелікке «АМАNАТ» партиясынан, Қазақстан Халықтық Демократиялық Партиясынан, «Ауыл» ХДПП және «Ақ жол» партиясынан, сонымен қатар, «Б.Момышұлы мейірімділік қоры» және «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестіктерінен кандидаттар ұсынылып, депуттаттардың дауыс беруімен олардың бірқатары округтік сайлау комиссияларына мүше болып сайланды.
Сессияның күн тәртібіндегі «Жуалы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 29 сәуірдегі №24-6 «Жуалы аудандық мәслихаты аппараты» мемлекеттік мекемесінің штаттан тыс бірліктерін бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы және «Жуалы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 05 желтоқсандағы №33-6 «Әкімдердің 2023 жылғы халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін келісу туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы екінші және үшінші мәселелер тұрақты комиссиялардың отырысында қаралғандықтан, қайта қаралған жоқ.

«Жаңа өмір»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close