Basty bet

Оңайлатылған іс жүргізу – сот төрелігін жедел жүзеге асырудың тиімді жолы

Елімізде азаматтық сот ісін жүргізудің тиімділігін арттыру мақсатында оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу институты кеңінен енгізіліп, қазіргі таңда сот тәжірибесінде белсенді қолданылып келеді. Бұл институттың негізгі мақсаты – істерді қарау мерзімдерін қысқарту, сот жүктемесін азайту және азаматтардың сотқа қолжетімділігін қамтамасыз ету. Азаматтық даулардың едәуір бөлігі құжаттық сипатта болғандықтан, оларды жазбаша тәртіпте қарау процестік тұрғыдан орынды болып табылады.
Сонымен бірге процестің жеделдігі əділ сот қағидаттарының əлсіреуіне əкелмеуі тиіс. Азаматтық сот ісін жүргізудің табиғаты тараптардың дербестігіне, дəлелдеу бастамасына жəне соттың бейтараптығына негізделеді. Осы жүйеде жарыспалылық пен тең құқықтылық қағидаттары негізгі құқықтық тірек ретінде танылады. Егер бұл қағидаттар толық сақталмаса, жазбаша өндірістің тиімділігі тек формальды сипатқа ие болады.
ҚР Конституциясы əркімнің сот арқылы қорғалу құқығын бекітеді жəне сот ісін жүргізудің жарыспалылық пен тең құқықтылық негізінде жүзеге асырады. Азаматтық процестік кодекс бұл қағидаттарды нақтылап, тараптардың дəлел ұсыну, қарсылық білдіру, түсініктеме беру жəне сот актілеріне шағым жасау құқықтарын бекітеді. Осы тұрғыдан алғанда, оңайлатылған іс жүргізу институтын қолдану – азаматтық процестік заңнаманы қолдану сапасымен тікелей байланысты.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу істерді сот отырысын өткізбей, жазбаша материалдар негізінде қарауға мүмкіндік беретін ерекше тəртіп. Ол күрделі емес құжаттармен дəлелденетін істерге қолданы лады. Мұндай тəсіл күрделі істерге көбірек уақыт бөлуге жəне жалпы сот жүйесінің жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл тəртіп соттың негізгі міндеттерін жоймайды.
Сот істің мəн-жайларын анықтау, дəлелдемелерді жан-жақты зерттеу жəне заң нормаларын дұрыс қолдану міндетінен босатылмайды. Өзгеретіні, процестің нысаны, яғни, дəлелдемелер мен уəждердің жазбаша түрде ұсынылуы.
Жарыспалылық қағидаты тараптардың дəлелдер мен құқықтық уəждерді өздері ұсынуын білдіреді. Сот тараптардың орнына дəлел жинамайды, тек ұсынылған материалдарды бағалайды. Ал, тең құқықтылық қағидаты тараптардың осы процестік мүмкіндіктерді тең пайдалануын қамтамасыз етеді. Бұл қағидаттар бір-бірімен тығыз байланысты жəне бірінсіз бірі толық жүзеге аспайды.
Жазбаша іс жүргізуде жарыспалылық пен тең құқықтылық қағидаттарының жүзеге асуы құжат алмасу арқылы қамтамасыз етіледі. Сондықтан, тараптардың уақытылы хабардар болуы, іс материалдарына қол-
жетімділік жəне қарсы тараптың уəждеріне жауап беру мүмкіндігі ерекше маңызға ие.
Бұл талаптар сақталмаса процестің əділдігіне күмəн туындайды. Жазбаша өндірісте бірнеше маңызды элементті бөліп көрсетуге болады.
Біріншіден, тараптарды хабардар ету – іс жүргізу тəртібі мен мерзімдері туралы ақпараттың уақытылы жеткізілуі.
Екіншіден, құжаттардың өзара қолжетімділігі – тараптардың бір-бірінің дəлелдерімен танысу мүмкіндігі.
Үшіншіден, мерзімдердің теңдігі – тараптардың жауап беру мүмкіндіктерінің тең болуы. Төртіншіден, сот актісінің уəжділігі шешімнің толық жəне негізді болуы.
Сонымен қатар, апелляциялық бақылау да маңызды рөл атқарады. Егер бірінші сатыда тараптардың құқықтары толық қамтамасыз етілмесе, апелляциялық саты оларды қалпына келтірудің қосымша тетігі ретінде қызмет етеді. Бұл жазбаша өндірістің жалпы əділдігін қамтамасыз ететін маңызды кепілдік болып табылады.
Практикада оңайлатылған іс жүргізуді қолдану барысында бірқатар проблемалар байқалады. Олардың қатарында процестің формалдануы, тараптардың құқықтық мүмкіндіктерінің əркелкілігі, цифрлық инфрақұрылымға тəуелділік жəне істердің күрделілігін дұрыс бағаламау мəселелері бар.
Біріншіден, кейбір жағдайларда жазбаша рəсім тек құжаттарды формальды бағалаумен шектеледі. Бұл жарыспалылық қағидатының мазмұнын тарылтады. Екіншіден, тараптардың құқықтық дайындық деңгейінің əртүрлі болуы тең құқықтылық қағида тына əсер етеді.
Үшіншіден, электрондық жүйелердегі техникалық ақаулар процестің сапасына ықпал етуі мүмкін. Төртіншіден, істердің күрделілігін дұрыс бағаламау да өзекті мəселе болып табылады. Кейбір даулар сырттай қарапайым көрінгенімен, іс жүзінде қосымша зерттеуді талап етеді.
Мұндай жағдайларда істі жалпы тəртіппен қарау қажеттілігі туындайды. Сот актілерінің уəжділігі жазбаша өндірісте ерекше маңызға ие. Шешімде барлық маңызды дəлелдер мен уəждер қарастырылып, оларға нақты құқықтық баға берілуі тиіс. Бұл тараптардың əділ сотқа деген сенімін қамтамасыз етеді.
Статистикалық деректер оңайлатылған іс жүргізудің кеңінен қолданылатынын көрсетеді. Бұл институт сот жүктемесін азайтуда маңызды рөл атқарады. Алайда оның тиімділігі тек істерді жылдам қараумен емес, процестік кепілдіктердің нақты сақталуымен бағалануы тиіс.
Қорытындылай келе, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу азаматтық процестегі маңызды əрі қажетті институт болып табылады. Ол сот төрелігінің қолжетімділігін арттырып, процестік үнемділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Алайда, оның шынайы маңыздылығы жарыспалылық пен тең құқықтылық қағидаттарының толық сақталуына байланысты. Бұл қағидаттарсыз оңайлатылған іс жүргізу өзінің құқықтық мəнін жоғалтады. Сондықтан, соттар бұл институтты қолдану барысында тек жеделдікке емес, əділдікке де басымдық беруі тиіс.
Осыған байланысты сот практикасы үшін келесі бағыттар маңызды болып табылады: істердің күрделілігін дұрыс бағалау, тараптарды толық əрі уақытылы хабардар ету, құжаттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, сот актілерінің уəжділігін күшейту жəне цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру.
Осы шаралар оңайлатылған іс жүргізудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Байжан Жамалбекұлы,
Жуалы аудандық
сотының судьясы

Таңдаулы материалдар

Close