Basty bet
«Теңдесі жоқ тарихи Жеңіс»
Отан үшін тылда еңбек еткен ардагерлерге көрсетілетін құрмет – бүгінгі буынның парызы мен адамгершілік борышы. Бұл құрмет тек сөзбен ғана емес, сонымен қатар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәңгілік аманат болып табылады. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында қаншама боздақтар өз өмірін қиып, елдің тәуелсіздігі мен бейбіт күнін қорғады. Олардың ерлігі ұмытылмайды, ал бүгінгі ұрпаққа олардың тәлім-тәрбиесі мен батырлығы үлгі болып қалмақ.
9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының орынбасары тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің бастығы подполковник Данияр Рамазанұлы Сарымсаковтың ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты құрмет кеші өткізілді. Бұл шараның мақсаты – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухын жоғары көтеріп, олардың Отан алдындағы еңбегін қадірлеу, сонымен қатар жас ұрпаққа ерлік пен патриотизмді насихаттау болды.
Соғыс жылдары қаншама отбасы баласынан, ағасынан, әкесінен айрылып, мыңдаған боздақтар майданға аттанып, туған жерін қорғау үшін ерлікпен күресті. Сол қанды қырғынның салдарынан көптеген ер азаматтарымыз өмірімен қош айтысып, олардың жанқиярлық ерліктері тарихта мәңгі қалды. Биыл – осы ұлы жеңістің аяқталғанына 80 жыл. Әрбір өскелең ұрпақ үшін осы күннің маңызы зор. Бұл – бейбітшілік пен татулықтың шежіресі, әлем тарихындағы маңызды беттерінің бірі.
Мерекелік шараға арнайы шақыртылған құрметті меймандар мен ардагерлер кештің мән-маңызын арттыра түсті. Кешке Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл ауданы бойынша қызметінің сарбаздары, сондай-ақ Жамбыл облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының мемлекеттік мекемесінен сарбаздар қатысты. Олар ел тыныштығын қорғап, Ұлы Отан соғысының өшпес ерлік дәстүрін жалғастырып жүрген бүгінгі күннің батырлары. Олар осы кеште өткеннің өнегесін, болашақ ұрпақтың ел алдындағы жауапкершілігін айрықша атап өтіп, соғыс ардагерлерінің ерлігін өскелең ұрпаққа жеткізу міндетіміз екенін еске салды.
Жеңіс күніне арналған бұл шарада өткен уақыттың мұрасы ерекше көрсетілді. Кеш барысында Тараз қаласы №2 орта мектебінің оқушылары Жеңіс күніне арналған өлеңдер оқып, көрермендерге өздерінің патриоттық сезімдері мен еліне деген құрметін көрсетті. Әндер мен өлеңдерден кейін Тараздың жас өнерпаздары, «Шабыт» үйірме орталығының бүлдіршіндері өз өнерлерін көрсетіп, кешке ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, балалардың өнері кештің әсерін еселей түсті, олар өздерінің өнерімен соғыс жылдарынан естелік болып қалған әндер мен өлеңдерді тебірене орындап, барлық көрерменді шабыттандырды.
Бұл кеште бейбіт өмір мен ерліктің маңыздылығы айтылып қана қоймай, оның мәні қазіргі заманғы жауынгерлерге жеткізілді. Бұл – болашаққа деген жауапкершілік, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет ету ардақты іс екенін жастарға түсіндірудің бір жолы. Кешті ұйымдастырушылар мен қатысушылар осы шара арқылы тек өткеннің құрметін көрсетіп қана қоймай, қазіргі заманғы жауынгерлер мен жастардың да патриоттық сезімдерін оятуды мақсат етті.
Ардагерлерге көрсетілетін құрмет тек сөзбен ғана емес, осы сияқты іс-шаралар арқылы жүзеге асады. Олардың ерлігі мен еңбегін ұрпақтар байланысы ретінде жалғастыру – әрбір азаматтың, әсіресе, жауынгерлердің басты міндеті. Сол себепті мұндай мерекелік шаралар ұрпақтар сабақтастығының үзілмей, ұлттық патриотизм мен ел бірлігін сақтаудың тиімді құралына айналады. Бұл рухани мұра әрқашан болашақ ұрпақ үшін темірқазық болары сөзсіз.
капитан А.А. Жексенбин «OS-ЧР».