Basty bet
Есті алған есірткіге ел болып қарсы тұрсақ
«Жастармен жұмыс салалық бір реттік гранттар беру, жастар практикаларын ұйымдастыру, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу сияқты науқандық шаралармен шектелуде. Жастармен жұмыс жүргізу керек. Бізге терең білім мен мықты тәрбие қажет. Азаматтарға сапалы жоғары білім беру, техникалық кәсіптік дағдыларды оқытып үйрету, оларды әлеуметтік жұмыспен қамту шаралары бүгінгі күннің талаптарына толық жауап бермей отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан жастары елдегі жұмыс күшінің шамамен 40 пайызын құрайды.
Былтыр ұлттық қордан кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтарға гранттар беруге 69,2 млрд теңге бағытталған болса, оның 6,9 млрд теңгесі игерілмеген. Жоғары аудиторлық палата, жас кәсіпкерлер, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға гранттар беру, халықтың осал топтарынан шыққан азаматтарға гранттар беру іс-шаралары бойынша көрсеткіштерді игеру және оларға қол жеткізу дәрежесін бағалау мүмкін емес деп отыр. Қол жеткізетін нәтижені көру мүмкін болмаса, бұл жұмыстарды қалай жүргізіп отырмыз?Сондай-ақ грант алған тұлғалар саны да және сандық көрсеткіштерге қол жеткізуді бағалауда деректердің сәйкессіздігі бар. Жоғары білімді қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
Түлектердің 30 пайыздан астамы бірден жұмыс таба алмайды. Олардың ішінде мемлекеттік тапсырыспен оқығандар да жеткілікті. Қазақта «арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөз бар, осындай жағымсыз факторлардың кесірінен жастардың жайлы өмір іздеп шетелге қоныс аударуы жиілеп жатқан сияқты. Биылғы 1 сәуірдегі статистикаға қарасақ, 600-ден астам жас адам шетелге қоныс аударған. Осындай қалыпты тенденциялардың қатарында жастар арасында суицидтік көңіл-күйдің өршуі, ойын құмарлыққа, синтетикалық наркотикке тәуелділіктің артуы бар. Қазақстан суицид деректері бойынша әлемде үшінші орында және Орталық Азия елдерінің арасында көшбасшы болып тұр», – дейді сенатор Нұртөре Жүсіп.
«Ашық» НҚА порталында жарияланған 2023 –2027 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы туралы құжаттағы деректерге сүйенсек, соңғы бес жыл ішінде синтетикалық есірткіні тұтынатын балалар мен ересектер саны 14 есе өскен.
«2022 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша психоактивті заттарды пайдалану салдарынан «психикалық мінез-құлық бұзылыстары» диагнозы қойылып, бақылауға алынған 18 бен 29 жас аралығындағы 6 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың 46 пайызы есірткі және психотроптық заттарды қолдану салдарынан осы халге душар болған. Синтетикалық есірткілерді тұтынатын адамдар санының айтар-лықтай өсу үрдісі байқалады. Бес жыл ішінде бұл контингент балалар мен ересектер арасында 14 есе өсті. Қазақстан жастары арасындағы аса маңызды әлеуметтік проблема — суицидтің таралуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау мәліметі бойынша 2019 жылы Қазақстан әлем елдері арасында суицид деңгейі бойынша 20-орында болған. 2019 жылы 3 738 суицид жағдайы тіркелді», – делінген құжатта.
Тұжырымдамада жазылғандай, соңғы бес жылда 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында қайғылы аяқталған суицидтер саны 13,3 пайызға, ал өз өзіне қол жұмсауға оқталу фактілері 37,1 пайызға өскен.
Нашақорлықтың әлеуметтік мәртебесі жоқ
Психологтар «тәуелділікке душар болған жастардың барлығы әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан» деген пікірге келіспейді. Өйткені бүгінгі статистика материалдық жағдайға да, жас мөлшеріне де қарап жатқан жоқ, күн сайын өсіп барады.
«Нашақорлық – бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың проблемасы деген ой қалыптаспауы қажет. Қазіргі уақытта нашақорлықтың әлеуметтік мәртебесі жоқ. Бұл проблема ауқатты отбасылардың балаларына әсер ете бастады, өйткені бұл отбасыларда қалта шығындарына, қаржылық салғырттыққа бойұрған көзқарас бар. Шығындарды бақылау жоқ. Негізгі жағдай отбасының жауапкершілігіне жатады. Бұл баланың алдындағы алғашқы қылмысы, өйткені синтетикалық есірткі оған аз мүмкіндік береді және 3-5 жылдан кейін мүгедек етеді. Екінші қылмыс – оның жанында оқитын балаларға қарсы жасалатын қылмыс.Әлемдік статистика көрсеткендей, бір есірткі қолданушы жылына 4-тен 15 адамға дейін өзіне тартады. Егер сыныпта есірткі қолданатын бір бала болса, онда бір жылдан кейін олар кем дегенде төртеу болады. Сол себепті, балалардың бос уақытты қалай өткізетініне, араласатын ортасына мұқият болған жөн. Түрлі әлеуметтік желідегі жарнамаларды, хабарландыруларды дұрыстап тексеріп, ондағы ұсынылатын жұмыс сипатына аса мән беруге, сайт әкімшісінің, курьердің жұмысы туралы ұсыныстарды қабылдамауға кеңес берер едім»- дейді балалар мен жасөспірімдер психологы Ержан Нұрым.
Бүгінде жасөспірімдер улы заттың бүркеме жарнамасын әлеуметтік желілерден оңай табады. Сондықтан өңірде интернет-дүкендерге қарсы күрес мықтап қолға алына бастады. Атап айтқанда, ішкі істер органдары интернет желісіндегі құқыққа қайшы контентті бұғаттау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістіктің мониторингін жүргізеді. Ал 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген толықтыруларға сәйкес есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз өткізу бабына (297-бап) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы деген тармақ қосылды. Бұл қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Сондай-ақ осы заңдағы тағы екі бапқа толықтыру енгізілді. Енді электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. Ал олардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымы үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған.
Желілерде қызған сауда
Бірақ синтетикалық есірткі саудасымен айналысатындардың заңнан хабары жоқ па, болса да сенері бар ма, белгісіз, ашық саудаға еркін кірісіп кеткен. Біз осы орайда Telegarm Bot арқылы синтетикалық есірткі саудасын көруге тырыстық. Сатушы ер адам болғанғандықтан, жолдасымның атымен байланысқа шықтым.
— Брат, бас ауырып тұр, бір нәрсе бар ма?
— Саламалейкум. «Скорость» керек пе, «мефедрон» ба?
— Қайсысы күшті?
— Мефедрон 5 мыңға ал, брат, өлмейсің, ғарыш қой ол!
Ары қарай сөйлесуге шама жетпеді, жүрек дүрсілдеп кетті. Ал енді мефедронның не екенін білу үшін маман кеңесіне жүгініп көрдік.
«Мефедрон – психикалық белсенді препарат, ол психикалық функцияны, физикалық функцияны немесе екеуін де уақытша күшейтеді. Бұл синтетикалық стимулятор. Психоактивті препараттар ерекше эмоционалды және әлеуметтік әсер етеді. Мефедронның әсерлері экстазидің әсеріне ұқсас (MDMA). Бұл амфетамин және катинон. Ол таблетка, капсула немесе ақ ұнтақ түрінде болуы мүмкін және есірткіні қабылдаудың ең кең тараған тәсілі. Сондай-ақ сізге ұсынған «скорость» деген химиялық есірткінің героинмен салыстырғанда 20 есеге әсері қатты. Жасөспірімдер жеңіл есірткі деп ойлайды да, пайдаланып көреді. Бірақ артынан бізге психозбен түседі, шизофрения болады.Ондай ауруды емдеуге болады, алайда толығымен жазылып шығу мүмкін емес. Себебі адамның жүйке жүйесі тез бұзылады»,- дейді психиатр-нарколог Анна Трубникова.
Маманның айтуынша, бүгінде нашақорлардың өмір сүру ұзақтығы да қысқарған. Мәселен, бұрын нашақор адам, шамамен, 10-15 жыл өмір сүрсе, қазір ол ары кетсе, 5-7 жыл өмір сүреді екен, тіпті кейбірі есірткіден кейін екі жылдан соң қайтыс болатын көрінеді.
Қазір құқық қорғау органдары 1500-ге жуық сайтты бұғаттап, бұл мәселемен белсенді түрде күрес жүргізіп жатыр. 2018 жылдан 2022 жылға дейін Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК 106 есірткі зертханасының жұмысын тоқтатқан. Олардан 654,1 кг синтетикалық препараттар тәркіленген.
Айта кетейік, синтетикалық есірткімен күрес мәселесі ең алғаш рет Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 2022 жылы тамыз айында өткен отырысында қозғалғаны белгілі. Осыдан кейін қыркүйек айында жариялаған Жолдауында Президент синтетикалық есірткімен күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атады. Одан бөлек, Мемлекет басшысы бұл мәселені өзінің сайлауалды бағдарламасына да енгізді. Осындай стратегиялық құжаттарды жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленіп жатыр.