Basty bet
Ұлы Жеңіс рухы асқақтап, бейбітшілік салтанат құрған күн
Қасиетті Жуалы жұртшылығы 9 мамырдағы Ұлы Жеңіс күні мерекесінде майдан даласында мерт болған сарбаздарды және соғыстан кейін елге келіп, еңбек майданында тер төккен ардагер асыл азаматтарды еске алып, олардың рухына тағзым жасауды естен шығарған емес. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын тауып, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың аппараттары, аудандық ардагерлер ұйымы, оның ішінде, еңбек ардагерлері, Ауған соғысының және Чернобыль-Семей ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және орталықтағы бірнеше мектептің ұжымы аудан орталығындағы «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жаужүрек жерлестердің рухына тағзым жасады.
Қанша жанның тағдырын қиып, бірін – әкеден, бірін – бауырдан, енді бірін асыл жарынан айырған қанқұйлы соғыстың аяқталып, еліміздің көгінде Жеңіс туының салтанат құрғанына биыл 78 жыл толып отыр. Біз – Жеңіске жеткен бабалардың ұрпағымыз. Сол алдыңғы буын – әкелеріміз бен аталарымыздың арқасында бейбіт өмір сүріп келеміз. Сондықтан ардагерлеріміз мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де құрметке лайық. Кейбір деректерге қарағанда, Ұлы Отан соғысы жылдары әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды.
Ұлы Жеңіс күні мерекесіне арналған митинг басталмас бұрын аудандағы еңбек ұжымдары ескерткішке гүл шоқтарын қойылып, автоматтан үш рет оқ атылды. Аудандық мешіттің найб имамы Алмас Нұрбеков майданда ел қорғап, қаза болған жауынгерлердің және одан беріде өмірден өткен соғыс ардагерлерінің рухтарына бағыштап, қасиетті Құран сүрелерін оқыды.
Митингтің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
-Құрметті ардагерлер және тыл еңбеккерлері!
Қымбатты жерлестер!
9 мамыр – майдангерлер мен тылда қажырлылықпен еңбек еткендердің жанқияр ерлігі мен еңселі елдік рухының және қайсарлығының жемісі.
Биыл біз Ұлы Жеңіс мерекесін 78-ші рет қарсы алып отырмыз. Бұл Жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабалардың ерлігі мен ерен еңбегінің арқасында келді. Қасиетті де қастерлі Отаны үшін жанын беріп, өмірін қиған азамататтарды жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің басты парызымыз. Сұрапыл жылдары майданға елімізден 1,5 млн-ға жуық адам шақыртылып, 600 000-нан астам қазақстандық қаза тапты. Қазақ жерінен 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50 жеке полк құрылды.
Ата-бабаларымыздың ізін жалғап, біздің жерлестеріміз ерліктің үлгісін әлемге паш етті. 528 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанып, 110 000 адам «Даңқ» орденінің иегері атануы – осының айқын дәлелі. Олардың ішінде, Кеңес Одағының 2 дүркін батырлары ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Сергей Луганский және Иван Павловтар бар. Сондай-ақ, жауынгер-жазушылар, Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, батыр-аруларымыз Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметовалардың ерлігі бір төбе.
Елдік пен ерлік сыналған сол бір сын сәттерде, жуалылық жауынгерлер де ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ауданнан майданға 5 мыңға жуық ер азамат аттанып, оның жартысынан астамы ұрыс даласында қаза тапқан көрінеді. 1500 жуалылық жауынгер соғыста көрсеткен ерліктері мен батырлықтары үшін КСРО Үкіметінің наградаларына ие болды. Солардың ішінде, полковник Бауыржан Момышұлы, генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий, Федор Кердань Кеңес Одағының Батыры, ал Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Сөйтіп жуалылық батырлар саны алтыға жетті.
Ал қатардағы жауынгер Төрен Сейтаев пен Ипполит Шаповалов 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысқан еді. Сол майданда қан кешкен ардагерлеріміздің соңғы қатары Николай Лебединский мен Шәріпбай Ақжолов аталарымыз да ортамыздан кетті.
Миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған сұрапыл соғыста майдангер әкелеріміз бен аналарымыздың теңдессіз ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес. Жерлестеріміздің майдандағы ерліктері бүгінде елге – үлгі, ұрпаққа – ұран болып отыр.
Қадірменді көпшілік!
Бүгінде мемлекет тарапынан ардагерлерге деген қамқорлық аясы арта түсті. Баршаңызды еліміздің Ұлы мерекесі – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, сәттілік пен табыс тілеймін,- деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, митингте аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев жұртшылықты Жеңіс мерекесімен құттықтады. Айта кету керек, митингте мектеп оқушыларынан құралған барабаншылар тобы өнер көрсетсе, аудан мектептеріндегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары саптық жүріс көрсетті.
Ұлы Жеңіс күні мерекесіне арналған тағылымдық іс-шаралар ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының жесірлеріне және тыл еңбеккерлеріне сый-құрмет көрсетілді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»