Basty bet
Халықтың пікірі маңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл жолғы жалпыұлттық референдум Қазақстан Республикасындағы өте маңызды әрі саяси қадам болмақ. Қазіргі энергетикалық қуатымыз әлі де көмірге тәуелді. Бұл елдің экономикалық дамуына кері әсер етіп қана қоймай, экологиялық тұрғыдан да үлкен қауіп төндіріп отыр. Елімізде АЭС салу қажеттілігі бірнеше себепке байланысты. Біріншіден, елдің экономикалық өсуі мен халық санының артуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Екінші мәселе – елдегі ескірген энергетикалық инфрақұрылымның тозуы. Әсіресе көмірмен жұмыс істейтін стансалар экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып барады.
Мемлекетіміздің уран қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі екенін атап өткен жөн. 2022 жылы еліміз әлемдік уран өндірісінің 43%-ын қамтамасыз еткен. Бұл елдің атом энергетикасын дамытуға қолайлы жағдай жасайды.
АЭС құрылысы бойынша қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Бір жағынан, қазіргі заманда «бейбіт атом» ұғымы атом энергиясының қауіпсіздігін баса көрсетеді. Барлық қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда, атом электр стансаларының зиянына қарағанда, пайдасы көп болары сөзсіз.
Сондықтан біз АЭС салуды қолдай отырып, сонымен бірге еліміз үшін жауапты және оны болашақ ұрпақ үшін қорғау қажет екендігін ұмытпауымыз керек.
Әбуғали ЕРАЛИЕВ,
аудандық әкелер
кеңесінің төрағасы