Basty bet
«Қауіпсіз жол» ЖЕДЕЛ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ
Ауданымызда 19-21 тамыз аралығында полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Мақсаты – жүргізушілерді жол қауіпсіздігін сақтауда жол ережесін бұзбауға шақыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстарды жандандыру және азаматтардың ішкі істер органдарының қызметіне деген сенімін арттыру. Аталған іс-шара ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен ұйымдастырылып отыр.
Акция жайдан-жай өткізіліп отырған жоқ. Себебі, елімізде жол апатынан қаза табатындар саны жыл сайын артып келеді. Жолдағы қайғылы оқиғалардың көбейіп кетуіне басты себеп – жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыратыны және өздерін тым кәсіби шебер сезінетін жүргізушілер мен мас күйінде көлік басқаратындардың салдары.
Аталған іс-шараны өткізу мақсатында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәпиев Дәурен Нұржанұлы ауданның жеке құрамын аудандық орталық алаңға сапқа тұрғызып, профилактикалық іс-шара бойынша нұсқаулықтар жүргізіп, бағыттама берді.
«Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасына 24 полиция қызметкері қатысып, аудан аумағында азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге әкімшілік құқықбұзушылық жасаған азаматтарға айыппұл салуға хаттамалар толтырды.
Іс-шара бойынша құрылған 8 топ экипажы жол-көлік оқиғаларының алдын алу барысында барлығы 115 әкімшілік құқықбұзушылықтар анықтап, әкімшілік хаттамалар толтырып және 17 автокөлікті арнайы айып тұраққа қойды.
Жол қателікті кешірмейді. Бұл мәселе тек полиция қызметкерлеріне ғана емес, жалпы халық үшін де маңызды. Сондықтан жол ережелерін қатаң сақтап, қауіптің алдын алғанымыз абзал.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»