Basty bet
Еркін күресті еркін меңгерген
Елімізде уақыт өткен сайын спорт саласы жоғары деңгейде дамып келеді. Оған дәлел жерлестеріміздің әлем чемпионаты төрінде туымызды желбіретіп, жеңімпаз атануы болып отыр. Соның ішінде спорттың еркін күрес түрінен де дүйім дүниеге танылып жүрген спортшыларымыз жетерлік. Иә, еркін күрес дегенде ойымызға бірден Қажымұқан атамыздан бастап, Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Ғапсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Мәлік Нәдірбеков сынды қазақтың апайтөс балуандары ойға келері анық. Осылардың көпшілігі өз заманында КСРО аймағында өткен байрақты жарыстарда топ жарып, еліміздің атын танытқан біртуар балуандар.
Ресми мәліметтер бойынша, еркін күрес елімізге ХХ ғасырдың бел ортасында келген екен. Тұңғыш республика біріншілігі 1951 жылы ұйымдастырылған.
Ауданда да еркін күреске қызығып, онымен айналысып арнайы үйірмеге жазылып, аудан абыройын асқақтатар спортшы жандар жетерлік. Соның бірі – Рахат Қалжан. Еркін күрестен ұлттық құраманың мүшесі.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін жуалылық еркін күрес шебері Рахат Қалжан ауданға қарасты Нұрлыкент ауылының тумасы. Жас өрен №5 Ломоносов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 9 сыныптан кейін Тараз гуманитарлық колледжінде оқып бітіреді. Кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дене шынықтыру мамандығы бойынша тамамдайды. Қазіргі таңда Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық-инновациялық университетінде дене шынықтыру пәні мамандығының магистратурасының II курс білімгері.
«Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» демекші, баласының тілеуін тілеп отыратын бірінші кезекте ата-ана. Әкесі Құралбай Қалжанов, анасы Гүлбаршын Ержепова. Отбасында үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Рахат үйдің төртінші перзенті. Рахат өз саласы жөнінде:
– Шапшаңдықты, ептілікті, күштілікті және жан-жақтылықты талап ететін бұл күрес бізге ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жеткен жанымызға жақын күрес түрі деуге болады. Жалпы, өзім еркін күреспен сегіз жастан бері айналысып келемін. Бұл спорт түріне келуіме ауылда ашылған еркін күрес үйірмесі себепші болды. Болашақта өзімді осы саланың маманы ретінде көрген соң, денешынықтыру және спорт мамандығының магистратурасында білімімді жалғастыру үстіндемін. Келешектегі арманым аға буын спортшыларымыз сияқты облыс, республика, халықаралық деңгейде боз кілемді жағалап, әлем жұртшылығына елімізді таныту. Қай спорт түрінің болмасын өзіндік қиындықтары болады. Еркін күресте адамның бүкіл денесі күреседі. Мәселен, грек-рим күресінде тек белден жоғары ұстап, түрегеп жүріп күрессең, ал еркін күресте барлық жерден ұстап күресуге рұқсат етілген. Яғни қарсыласың аяғыңды да, қолыңды да аңдып жүре алады. Сонымен бірге бұл спортпен айналысатын адамның барлық дене мүшелерінің ширақ болуы қажет. Сол үшін атаулы спорт түрі спортшыға көп дайындықты қажет етеді,– дейді спорт саңлағы.
–Еркін күреспен айналысып келе жатқаныма 16 жылдан астам уақыт болды. Алдында айтып өткендей, сегіз жасымда қызығып, қатыса бастадым. “Ұстазсыз шәкірт тұл” демекші, қандай адамға болмасын алғашқы білім берген ұстазы ыстық болары сөзсіз.
Күрестің әліппесін үйреткен алғашқы бапкерім Талғат Тойшыбеков. Ал кейінірек, еркін күрестен Әділет Сарыбаев пен Дәурен Тобоков ағаларымның қол астында жаттығып жүрмін. Бұл спорттың қиын тұсы адам бойындағы талант аса рөл ойнай бермейді. Мұнда қажымас қайрат пен тынбас еңбек керек,- дейді еркін күрес чемпионы Рахат Құралбайұлы. Кез келген жеңіс адамға оңайлықпен келмейді. Жетістік те, жеңіс те үлкен арманның, еңбектің нәтижесі. Еңбекпен келген жеңіс адамға бақыт сыйлайды. Жуалы ауданында еркін күрестен өткен жарыста І орын иеленді. Еркін күрестен 2021-2023 жылдары үш жыл қатарынан Қазақстан чемпионы. Египет, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінде өткен бірнеше рейтингтің жүлдегері.
«Шынықсаң, шымыр боласың» демекші тынбай дайындық пен еңбектің арқасында Моңғолияда өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Астана қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері. ҚР 6-шы жазғы спартакиадасының жеңімпазы. Әлемнің әр мемлекеті бақ сынаған додада еркін күрес спорт түрінің биіктен көрінуі, біздегі бұл спортының жақсы дамығанын тағы бір қырынан көрсетіп берді. Франция мемлекеті Париж қаласында өтетін 2024 жылғы олимпиадаға еркін күрестен үміткер. Өмірін күреспен өрнектеген даңқты балуанның өмір жолы туралы аз-кем сөз тарқаттық.
Иә, еркін күресті бала кезден жанына серік етіп, сол арқылы көптеген жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз жетерлік. Аудан атын көпке танытып, еліміздің айбынды спортшылары тізімі көбеюіне тілектеспіз.
“Намыс бар жерде табыс бар” демекші, намысты ту етіп жеңісті күндері алда деп білеміз. Рахаттай жас өреннің арманның биік шыңына жететініне сенеміз.
Анар ТІЛЕНШИЕВА
«Жаңа өмір»