Basty bet

Жаңа оқу жылына дайынсыз ба?

Әне-міне, дегенше жаз мезгілінің қалай өтіп кеткенін аңғармай да қалдық. Екі аптадан соң мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, қызу өмір басталады. Оқуға түскен студенттер де жаңа өмірге қадам басқалы тұр.
Қыркүйек жақындағаннан кез келген ата-ананың мақсаты – баласын мектепке толық дайындап, керек-жарағымен қамтамасыз ету болатыны белгілі. Студенттер де жаңа ортаға жаңа стильмен барғысы келетіні анық. Ал оқуға дайындықтың құны қанша?

47 389 мың теңге – Ата-анаға көмек

Оқу ағарту министрлігі әр баланы мектепке даярлау үшін 47 389 мың теңгені көмек ретінде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға берілетінін хабарлады. Мемлекеттен бұл көмекті кімдер және қалай алады?
– Бұл – 5 түрлі санатқа берілетін көмек. АӘК, күнкөріс деңгейі төмен отбасылар, жетім және ата-анасыз қалған балаларға беріледі. Тиісті қаражат қазір барлық өңірге жеткілікті түрде бөлінді. Яғни, ауданның білім бөліміне қарасты 39 мектептен 2570 балаға «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан материалдық көмек алуға құжаттар жиналып, 2024 жылдың 1 тамызынан бастап ата-аналарға аударылуда,– дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Пірімқұлова.
– Жыл сайын мектеп формасының құны өседі. Арзан дегеннің өзінде жейденің бағасы – 7 мың теңге, ал шалбар мен белдемшенің құны – 12 мың. Одан бөлек, спорттық костюм, аяқ киім, сөмке, мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Қазір әр үйден кем дегенде екі-үш бала мектепте оқиды. 4 тоқсанда мектеп формасы тозады. Оны балаға қайта кигізе алмайсың. Одан бөлек, кеңсе тауарлары да әп-сәтте таусылады. Өз басым екі баламды жаңа оқу жылына сақадай сай ету үшін 200 мың теңге жұмсадым. Ал мұндай қаражат көптің қалтасына салмақ түсіретіні анық, – дейді ата-ана Альмира Саурықова.
Аймақтағы кеңсе тауарларының бағасына шолу жасап көрейік: қысқа сызғыш 150 теңге, ал 30 сантиметрден ұзын сызғыштың бағасы 350 теңгеге дейін жетеді. Мектеп күнделігінің бағасы 1000 теңгеге дейін, компас жиынтығы 250 теңгеден бастап 1350 теңгеге дейін, қалам салғыштың құны 500 теңгеден басталады. 12 беттік дәптердің бағасы – 20-30 теңге. Бұл – тек ең маңызды деген керек-жарақтардың құны.

«Мектепке жол» акциясы
Жыл сайын елімізде республика көлемінде дәстүрлі түрде «Мектепке жол» акциясы өтеді. Бұл науқан аз қамтылған, ата-анасынан айырылған немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларының жаңа оқу жылына еш қиындықсыз баруына көмектеседі. Акцияның маңызы жоғары, сол себепті еліміздің белді азаматтары мен кәсіпкерлеріне, депутаттар мен барлық ұйымдарға осы науқанға белсенді қатысуға шақырту жіберілді. Әрине, халық жанашырлары қол ұшын созып, әр баланың мектепалды дайындығына үлес қосса абзал. Дәстүрлі шара 1-30 тамыз аралығында өтеді.
Ал бүгінде ауданда мекемелер қайырымдылық акциясына белсенді қатысып, бүлдіршіндерді керек-жарақпен барынша қамтамасыз етуде.

Оқу орны сән алаңы емес
Жоғары оқу орнына түскендердің жайы қандай? Ересектердің киімі балаларға қарағанда бірнеше есе қымбат. Бүгінде киімнің сапасына да сызат түскендей. Бір жыл киген киімің екінші жылға жарамайды, аяқ киімдердің де бағасы шарықтап тұр. Десе де мектеп табалдырығындағы баладан университет қабырғасындағы студенттің шығыны аз. Тек «сән қуып», университетті подиумға айналдырған жандардың ғана қалтасына салмақ түсетін секілді. Қазіргі жастар трендтен қалғысы жоқ, сәті түссе сәнді киім кигісі келеді.
Елімізде ақылы оқу құны жоғары, осы орайда баласы ақылы оқуға түскен ата-ана үшін оны университетке дайындап жіберу ауыртпашылық тудыруы мүмкін. Өзге қалаға кететін болса әңгіме тым бөлек. Себебі, жатақхананың да бағасы арзан болмайды. Бұл кез келген қамқоршының қалтасына салмақ салады. Алайда оқу орны сән орталығы емес екенін ұмытпаған абзал. Бастысы – білім алу, жақсы маман атану.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close