Basty bet

АТА ЖҰРТЫНДАҒЫ ҚАНДАСТАР

және жалпыресей қазақтарының құрылтайы өтті

Ресей Федерациясының Төмен қаласында жоспарланған жалпыресейлік қазақтардың құрылтайына Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы үлкен жауапкершілікпен қарады. Стратегиялық маңызы жоғары көрші елде отырған қандастармен жолығу, шетін мәселелер мен ортақ мүдделерді талқылау тек көңілді ғана қозғап қоймайды, қашан да жаңа бастамаларға жетелейді. Сондықтан Қазақстан делегациясының құрамы нақтыланып, жолға әзірлік барысында көп нәрселерге мән беруге тура келді.
Төмен облысында және өзге де аймақтарда тұрып жатқан қазақ диаспорасының ежелгі шежіресі, ұлы тарихы Ресеймен ғана емес, ең әуелі Атажұртымен тамырлас, тағдырлас екенін бір сәт те естен шығармаған жөн. Шекараның арғы жағында қалған, бүгінде көршілес мемлекетте өмір сүріп жатқан қандастардың жүрегінің төрінде, көңілінің көкжиегінде Қазақстанға деген сағыныш пен мақтаныш қатар тұратыны аян.
Рухы биік, мінезі қайсар қазақ ұлты қай елде өмір сүрсе де артында Тәуелсіз Қазақстан деген мемлекеті барын арқа тұтады, оның жетістігі мен жеңісіне марқаяды. Өйткені, ол жақтағы елге тарихи Отанның орыны қашан да бөлек. Сондықтан олардың құрылтай өткізуі, Атажұрттан ағайындарын алқалай шақыруы – ұлы жиынға өздері ғана бас құрап қоймай, оған қазақ елінен бауырлары да қатысып, аралас-құраласты жандандыра түсуді көздейді.
Осындай бауырлардың ұлы жиынына жол шеккен делегацияның жандүниесінде де алай-түлей толқыныс бар еді. Ертеңгі үлкен бас қосу – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Ресей қазақтарының федеральдық ұлттық-мәдени автономиясы» жалпыресейлік қоғамдық ұйымы бірлесіп өткізіп отырған жалпыресейлік қазақтардың құрылтайы – сағынысқан елдің құшағын қауыштыратыны қақ. Бұл – әшейінгі бас қосқан той-томалақ емес, туысқандардың талап-тілектерін тыңдап, ағайынның аманатын арқалап, елге оралу – үлкен міндет жүктейді. Сонысымен ол – аса бір құнды кездесу болмақ.
Өткенді қайтару, өлгенді тірілту, әрине, ешкімнің қолынан келмейтіні белгілі. Ата-бабалары өмір сүрген аймақта тұрып жатқан жергілікті қазақтар үшін, ежелгі атақоныс – бүгінгі мерейлі мекендері өздеріне ыстық, өздеріне жайлы жерұйық. Олардың бір күнде түп көтеріліп, Қазақстанға ауып кетуі де ақылға қонбайды. Қайта, өсы өңірді гүлдендіре қазақтандырып, ұстап отырулары ұтымды амал сияқты.
Соңғы деректерге сүйенсек, 92 пайыз Ресейдегі қазақтар Қазақстанмен шекаралас аймақтарда өмір сүреді екен. Яғни, ұлттық ұғыммен бейнелі түрде айтқанда – қол созым жер. Соның бір дәлеліндей, таңертең ерте атқа қонған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков бастаған делегация мүшелері түс ауа, шекарадан өте шықты. Ресей Федерациясының шекарасындағы бақылау пунктінен аттап өте салысымен алдарынан аңқылдап қазақтың қайсар азаматы, Ресей қазақтарының Федеральдық Ұлттық-мәдениет Автономиясының басшысы Есенғали Қамзейұлы Ыбыраев қарсы алды. Жанында бір қауым ел бар. Мәре-сәре болдық та қалдық.
Қанмен берілетін намыс деген қасиетті ұғымды ту етіп ұстаған азаматтар ата дәстүрінен жаңылмай, шалдығыңқырап жеткен қонақтарды қазақтың асының төресі бал қымызбен шөл басқызып, ақ дастарханға шақырды.
Ал, алғашқы ұшырасқан қалаға кіре берісте тағы да бір қауым ел жиылып тұр екен. Сөйтсек, РФ Төмен облысы Ишим қаласының мэрі Шишкин Борис Федорович қазақ делегациясын өзі қарсы алып, құрмет көрсетпек ниетте екен.
– 2018-ші жылдан кейін бірінші рет келіп тұрған құрметті қонақтарымызсыздар, Зауытбек Қауысбекұлы, – дейді мэр жайдары жымиып. – Атүсті өтіп кетпеңіздер.
Бұл ұсынысқа біз де ықтиярмен келістік. Ол бізді әдейі бұрып апарып, шаһардың өлкелік мұражайымен таныстырды.
Ескі тарихтан, ел мен жердің тағдырынан сыр шерткен мұрағаттың жәдігерлері шетінен құнды. Адамзат баласының өсуімен, өркен жаюынан, қоғамның келеңсіздіктері мен ең бағалы құндылықтарын дәріптеп, «әй, дүние-ай» деп тұрғандай. Көптеген экспонаттар мен жазба жәдігерлердің арасынан қазақ халқының бейнесі мен сілемі де анық аңғарылады.
Жергілікті қазақтардың өкілдері де әлгі жерге жиналыпты. Қазақстаннан келген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшысына үлкен құрмет көрсетіп, жыпырлай сәлемдесіп жатыр. Сағына көрісіп, аман-саулық сұрасып, арнайы атбасын бұрып келгенімізге шексіз ризашылықтарын білдіруде.
Арғы-бергі тарихтан сөз қозғаған Зауытбек Қауысбекұлы екі тілде еркін көсіліп, бір сағат тоқтамай сөйледі.
– Қазаққа керегі – ауызбіршілік, сосын елге, жерге деген құрмет. Өзге елде тұрсаңыздар да ұрпақтарыңызды рухты етіп тәрбиелеп, қазақ екенін ұмыттырмай өсіріп отырған сіздерге рахмет! – деді Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.
Шығыс пен Батыстың тарихын, жалпы, әлемдік өркениеттің дамуын өте терең білетін майталман дипломат, әрбір сөзін таразылап, қорытып, сан мың жылдық тағлым-тәжірибені қазіргі уақытпен байланыстыра, түпкі ойын тұспалдап жеткізді. Осындайда еріксіз тілдің ұшына өзі кеп оралатын, көп мінберлерде сөз етіле бермейтін ақтаңдақтарды да айта кетуге тура келді.
– Бүгінгі күнге оралсақ, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты сақтай отырып, шетелдегі қазақ диаспора балаларына арналған бағдарламаларды меңгеріп, білім саласындағы квоталарды пайдаланып, ұрпақтарыңызға мықты білім беріңіздер, – деп ойын түйіндеген Зауытбек Қауысбекұлы, қазақы дәстүрімен алақан жайып, ақ батасын беріп, сөзін тәмамдады. Жиылған жұрт дән риза болды.
Алғашқы күнгі ресми жиын осылай аяқтады. Сосын 300 шақырым қашықтықта жатқан Төмен қаласына қарай тартып кеттік.
Ертеңінде жалпыресейлік қазақтардың құрылтайы басталар алдында Қазақстаннан барған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мырзаны Ресей Федерациясы Төмен облысының губернаторы Александр Викторович Моор шара өтетін орында өзі қарсы алды.
Губернатор құрметті қонаққа жылы лебіз білдіріп, келген қадамдарына сәттілік тіледі.
– Мен сіздің өткен өмір жолыңызбен түгел танысып шықтым, – деді облыс губернаторы Александр Моор. – Өмірлік тәжірибеңіз мол, жоғары мемлекеттік лауазымдарда атқарған ісіңізге сүйсіндім. Әсіресе, құдай қосқан көршілер Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасын арттыру бағытындағы тындырымды тірлігіңізге риза болдым. Халқыңызды өте жақсы сүйетініңіз көрініп тұр. Бөкей ханға кешенді ескерткіш тұрғызудың өзі – үлкен жүректі қажет етеді. Елші болып жүргеніңізде ынтымақ арта түскен екен. Сізден ел басқару ісінде көп дүние үйренуге болады, – деді.
Өз кезегінде Зауытбек Қауысбекұлы екі ұлт өкілдерін бөліп-жармайтынына, қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлылығына тоқталды. Бұл жақтағы қазақтардың арасында ана тілге деген құрмет сақталғанына ризашылық білдірді. Өзге елде тұрса да бар қазаққа ортақ жалғыз Отаны барын, ол – Тәуелсіз Қазақстан екенін, барша қазаққа құшағымыз ашық және жастарға білім алуға, демалуға бар жағдай жасалғанын баса айта келіп, қазіргі қолайлы жағдайларды баяндады.
– Былтыр Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылғанына 30 жыл толды. Қауымдастық шеттегі қандастармен тұрақты байланыс орнатып, мемлекетіміздің саясатын жалпыға ұғындырудан жалыққан емес. Осы аралықта 1,5 миллионға жуық қандастардың тарихи Отанына оралуына мұрындық болды. Келгендеріне барынша жағдай жасады, келетіндеріне оңтайлы жол ашып, тынымсыз еңбек етіп жүр. Соның бірі – биылғы жылы 14-ші шілдеден қолданысқа енген сырттағы этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы. Бұл бастаманы Қауымдастық «Қазақ картасы» деген атаумен 2017-ші жылдары көтерген едік. Еңбек министрлігі қолдау білдіріп, қандастарымыздың тарихи Отанына емін-еркін кіруіне тағы бір оңтайлы жол ашып отыр. Азаматтық алмай-ақ он жыл бойы Қазақстанда емін-еркін тұруға болады, барлық нормалар азаматтығы барлармен теңдей сақталады. Тек саяси сайлау сияқты шараларда шектеулері бар.
Сондай-ақ, Қауымдастық қандастарға арнап, Астананың іргесінен мемлекеттің бюджетінсіз елдімекен салуда. Онда 1282 отбасы жайғасады. Бүгінде 40-тан астам қос қабатты үй бой түзеді. Үкімет қолдау білдірсе, осындай ауылдарды Петропавл, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау облыстарында қолға алуға әзірміз. Бұл аймақтарға қандастарды шетелден ауылымен көшіріп әкелу жөнінде мәміле жүруде. Оларға мемлекет кепілдік еткен қаражаттан бөлек, Еңбек министрлігі тарапынан 4 миллион теңге қаржы үй салуға ұсынылады.
Оның сыртында қазақ диаспоралары балаларына арналған Жоғары оқу орнына қабылдау квотасы бар, «Балдәурен» жазғы демалыс лагерінде оқушылардың ақысыз демалу дәстүрлі ұйымдастырылып келеді, – деп, көп жайттарға кеңінен бөгелді.
Ресей Федерациясының 20-ға тарта аймағынан бұл құрылтайға басы құралған дүйім жұрттың ұзын саны 17 мыңға жетіпті. Көздері жәудіреп, Зауытбек Қауысбекұлының әр сөзіне мейірін төге қарайды. Артында арқа сүйер, өздерін іздейтін елі барын іштей сезінгендей.
Жиын соңында барша жұрт бұған дейін Ресей қазақтарының Федеральдық Ұлттық-мәдениет Автономиясының басшысы болып келген Есенғали Қамзейұлы Ыбыраевты Жалпыресей қазақтарының Федеральдық Ұлттық-мәдениет қауымдастығының басшысы етіп сайлады.
Ынтымақпен біткен іске, арқа-жарқа көңілмен қандастарымыз бір серпіліп қалды. Ресми шара аяқталысымен жапа-тармағай Қазақстан делегациясы мүшелерімен қол алысып, суретке түсіп, көпке дейін Зауытбек Қауысбекұлының маңынан қаумалаған адам легі ыдырамады. Қоршап жібергілері келмейді. Бәрі бұрынғы атажұртында отырса да көкейлеріндегі асыл мұратын айтып қалып жатыр. Ол – ана тілдері, тарихи Отанда білім алу мәселесі, ата-баба салт-дәстүрі мен болашақтары жайлы толғаныс. Әсіресе, «Ата жолы» картасының жайын пысықтай сұрады.
Шара аясында атжарыс, қазақша балуандар күресі және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Айнала тігілген киізүйлермен қатар салтанатты шатырлар да ұлы жиынның рухын асқақтатып тұрды. Ұлттық тағамдармен көмкерілген ақ дастарханда қазақтың үлкен асы – ет тартылып, қонақасы берілді.
Төмен облысының губернаторы Александр Моор мырза Қазақстаннан келген делегацияны өзі күтіп алып, күнімен Зауытбек Қауысбекұлымен бірге жүріп, жиынның басы-қасында болып, соңында өзі шығарып салды. Осы бір ілтипат құдай қосқан көршіге деген ықыластың бұрынғыдан өзгеше екенін аңғартты.
Сөйтіп, бұл күн – шежіреге жазылар тарихи күнге айналды. Ыстық ықыластар ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасын нығайта түскендей. Көңілдегі көптеген түйткілді ойлардың түйіні шешілген шуақты сәт ағайынды толқытты.
Көтеріңкі көңіл күйде өткен жалпыресейлік қазақтардың құрылтайы осылайша өз мәресіне жетті. Алда Қазақстанда өтетін кезекті Дүниежүзі қазақтарының VI-шы Құрылтайында бас қосуды барша қазаққа Алла нәсіп етсін!
Ежелгі Тұран жерінен, ұлы мұрат жолындағы қайталанбас сапарға шыққан қауымдастық ұжымы, елге қарай тоқ көңіл-күймен ат басын бұрды.
Жалпыресейлік қазақтардың бұл құрылтайы – соңғы кезеңдегі үлкен шараның біріне айналғаны даусыз.
Жәнібек ЛЕСБЕКОВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы
төрағасының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close