Basty bet
Мақсат – цифрлық сауатты ұрпақ тәрбиелеу
Бүгінде елімізде балалардың 46 пайызы интернет желісіне 5-8 жас аралығында кірсе, 5 пайызы 4 жасқа толмай жатып цифрлық әлемнің есігін ашады екен. Смартфон – баланың ойыншығы ғана емес, ұстазына да айналғаны жасырын емес. Цифрлық дәуірде дүниеге келген ұрпақ үшін технология таңсық емес – табиғи ортасы. Ендеше, олардың ақпаратты қалай тұтынатыны, неге сенетіні, тіпті қандай тілде сөйлейтіні – осы құрылғыға байланысты болып отыр.
Сол себепті қазіргі таңда балаларға арналған қазақша цифрлық қосымшалар мен жобалардың маңызы арта түсуде. Осы ретте, төл басылымның тұрақты оқырмандарына бірқатар цифрлық қосымшалар мен жобалар тізбегін ұсынамыз.
«Bilimland». Балаларға цифрлық білім беру саласында айтарлықтай жұмыс атқарған отандық жобаның бірі – «Bilimland». Бұл жоба – білімнің қолжетімді әрі сапалы болуына бағытталған, технология мен мазмұнды үйлестіре алған ерекше экожүйе. Платформа 2011 жылдан бас¬тап үздіксіз даму үстінде. «Білімдіге дүние жарық» деген сөздің салмағы қазір бұрынғыдан да артып, әр баланың тағдырына әсер ететін факторға айналуда. Бағдарламада бала үшін қызықты, есте қалатын анимациялық видеолар, заманауи тренажерлер мен симуляторлар, әртүрлі деңгейдегі интерактивті тапсырмалар жинақталған. Мұғалімдерге әдістемелік көмек алуға, ата-аналарға баласының білім алуын бақылауға, оқушыға білімді ойын түрінде игеруге жол ашық. «Bilimland» тек техникалық өнім емес. Оның артында білім саласын жете білетін кәсіби мұғалімдер мен әдіскерлер, шынайы шығармашылық иелері – аниматорлар мен дизайнерлер, мазмұнға жан бітірген редакторлар мен технарь-программистердің ерен еңбегі жатыр.
Олар тек визуалды немесе техникалық сапаға емес, педагогикалық мәнге де аса назар аударады. «Bilimland» ұстанатын басты қағида – білімді баршаға қолжетімді ету. Компания еліміздегі электронды оқыту нарығының негізін қалаушылардың бірі ретінде оқушы мен мұғалімді ғана емес, ата-аналарды да қамтуға тырысады. Әр бала білім алуы үшін ерекше тәсілді қажет ететіні белгілі. Осыны ескерген «Bilimland» контентті жасайтын кезде баланың қабылдау қабілетіне, қызығушылығына бейімдейді. Бұл – ертеңгі ұрпақтың талабына жауап бере алатын жобалардың бірі де бірегейі.
«iBars Kids». Бала ойыны – болашақтың тәрбиесі. Қазір ұялы телефон ұстаған балдырған құрылғыны бізден жылдам меңгереді. Демек, олардың қолындағы телефонда не бар – сол маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, «iBars Kids» – ойын арқылы ойландыратын, қызықтыра отырып дамытатын қазақ тілді алғашқы мобильді қосымша. Ол жай қосымша емес, сәбидің сөйлеу қабілетін ұштап, логикасын жетілдіретін цифрлық көмекші.
2-5 жас аралығындағы балаларға арналған қосымшада миды дамытуға арналған ойын форматындағы тапсырмалар жинақталған. Әсіресе «Интеллект» пен «Логика» бөлімдері баланың ойлау қабілетін ширатып, таным көкжиегін кеңейтеді. Математика әлеміне алғашқы қадам жасағысы келетін балақайларға арналған «Сандар» бөлімі де бар. Ал үш тілді қатар меңгерту – бүгінгі заман талабы. Соған орай «iBars Kids» қосымшасы арқылы балалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар үйрену мүмкіндігіне ие.
Қосымшада балалар тек жаттап қана қоймай, шығармашылыққа да бет бұрады. «Боямақ» бөлімінде әлем мультфильмдеріндегі кейіпкерлерді бояу арқылы баланың қиялы мен сезімі қатар дамиды. Ең бастысы – қосымшада сапалы дыбыстық сүйемелдеу бар. Бұл сәбидің сөз тануына, сөйлеу тілінің қалыптасуына оң әсер етпек. Жобаның авторы, «IT»-кәсіпкер Қазбек Сағидолла бұл бастаманы жай бизнес емес, ұлтқа қызмет деп білетінін айтады. «Ойын балаларға барынша қызықты болуы үшін ерекше педагогикалық тәсілдерді, жарқын дизайн мен сапалы дыбыстық сүйемелдеуді пайдаландық. Қазіргі таңда бұл мобильді ойын республикалық және халықаралық нарықққа шықты. Алдағы уақытқа жоспарымыз айқын. Қазіргі кезде ойынның компьютерлік нұсқасы да бар» – дейді стартап негізін қалаушы.
«iBars Kids» қосымшасын «App Store» мен «Google Play» дүкендерінен жүктеп алуға болады. Ең бастысы, бұл қосымша баланың білімге деген алғашқы қадамын ана тілінде бастауына мүмкіндік бермек.
«BalaTime». «BalaTime» – заманауи балалардың күн тәртібін оңтайлы ұйымдастыруға арналған мобильді қосымша. Ата-ананың да, баланың да уақытын жүйелеп, тәртіпке шақырады. Баланың ұйқы уақыты, тамақтануы, серуені, тіпті экран алдындағы уақыты – барлығын жүйелі бақылауға болатынын ерекше айта кеткен жөн. Цифрлық көмекші баланың күн тәртібін қалыптастырып қана қоймай, оның психологиялық жай-күйін де басты назарда ұстайды. Ең бастысы, «BalaTime» – қазақтілді контентті дамытуды көздейтін санаулы жобаның бірі. Оның интерфейсі де, мазмұны да қазақ тілінде. Ұлттық рухты жаңа технологиямен үндестіріп, баланың күнін пайдалы әрі қызықты өткізуге бағытталған «BalaTime» – XXI ғасырдың саналы ұрпағын тәрбиелеудегі тамаша құрал.
«Кибер Тұмар». Балаға тұмар таққан жұртпыз. Бірақ бүгінгі ғасырда тұмар тек мойынға тағылатын көзмоншақ ғана емес, цифрлық әлемде қорған болатын цифрлық жоба. Интернет желілері күн санап балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. ЮНИСЕФ (Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры) ұсынған деректерге сүйенсек, балалардың интернет желісін қолдану жасы жыл өткен сайын кішірейіп барады. Баланың қиялын оятар, шығармашылығын ұштар мүмкіндік мол болғанымен, ғаламтордағы қауіп-қатер олармен бетпе-бет келіп отыр. Әсіресе қыз балалар жиі кибербуллинг құрбанына айна¬луда. Осы сын-қатерге тосқауыл болу үшін ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Еуропалық Одақпен, Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен және Peremena.media платформасымен бірлесе отырып, «Кибер Тұмар» атты маңызды жобаны іске қосты. Бұл – балаларға цифрлық қауіпсіздік мәдениетін үйрететін платформа.
Айша ҚҰДАЙҚҰЛ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің веб-журналистика мамандығының
2-курс студенті