Basty bet
Тағылымы мол, танымы биік ұстаз
«Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты.
Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде сөйлеген сөзінде.
Елімізде ел Президентінің бастамасымен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданған болатын. Осыған орай, соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Сонымен қатар, мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Бұл оқушылардың толыққанды білім алуына өз септігін тигізері анық.
Елімізде ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылдың ішінде 220-ға жуық педагог шетелде оқып, өз біліктілігін арттырды. Педагог мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап та күшейіп, осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есеге көбейді. Бұл дегеніміз – педагогтердің ел дамуына қосар үлесі мен қоғамдағы рөлі орасан зор екендігінің айғағы.
«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы Ыбрай Алтынсарин бекер айтпаған. Мұғалім тек мектептің ғана емес, елдің жүрегі десек артық айтқандық емес. «Ел болашағы – жастардың қолында» деп жиі айтып жатамыз. Ал өскелең ұрпақтың санасына сапалы білімді сақтап, бойына рухани құндылықтарды сіңіруде ұстаздың тигізер ықпалы мол. Бүгінгі мақала да өзінің өмір жолын ұстаздыққа арнаған білікті маман, ұлағатты ұстаз – Ергебек Өтегенов жайында болмақ.
Ергебек Айтбайұлы Жуалы ауданына қарасты талай ақын-жазушыларды түлеткен Қошқарата топырағында дүниеге келген. Отбасында 14 бала тәрбиеленген. Әкесі Айтбай Сарыбайұлы колхозда темір ұстасы, ал анасы Балагүл Жолшайқызы үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан ұлағатты жан болатын. Олар балаларының бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, адал еңбекке баулып және білім алуына бар жағдайды жасаған. Соның арқасында балаларының барлығы дерлік білімді азаматтар болып қалыптасқан. Айта кетер болсақ, өнегелі отбасында елімізге белгілі жазушы Талғат Айтбайұлы да тәрбиеленген.
Ергебек Өтегенов туған ауылындағы №9 Абай атындағы он жылдық мектепті бітірген. Мектепті аяқтаған соң, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Агроном» мамандығын меңгерген. Алғашқы еңбек жолын қазіргі Абай облысының Үржар ауданы Таскескен ауылындағы кәсіптік-техникалық колледжде білім беруден бастаған. Аталған ауылда бір жыл еңбек еткен соң, туған өлкесі Қошқарата ауылындағы XXII партсъезд атындағы колхозда агрономның көмекшісі болып еңбек жолын жалғап, одан бөлек, колхоздың басқа да жұмыстарын атқарған.
Бала кезінен мұғалім болуды армандаған Ергебек Айтбайұлы 1990 жылы өзі бітірген №9 Абай атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасып, оқушыларға химия-биология пәнінен сабақ беріп, осында 16 жыл жұмыс істейді. Кейіннен Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетіне сырттай түсіп, аталған оқу орнынан «Химия және биология» пәнінің мұғалімі мамандығын игереді.
Өз мамандығының білгірі, білікті ұстаз Е.Өтегенов 2006 жылдан бері аудан орталығына отбасымен қоныс аударып, осында ұстаздық қызметін жалғастыруда. Алғашқыда бұрынғы Герцен атындағы орта мектепте және Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде қатар жұмыс істеп, кейіннен Мыңбұлақ орта мектебіне толыққанды ауысқан.
– Қандай қызметтік сала болсын, білімділік пен біліктілікті қажет етеді. Жастардың білімді болуы, ел болашағы үшін өте маңызды. Жастардың білімді болуымен қатар, олардың мамандықты дұрыс таңдауы ұстаздарға да тікелей байланысты.
Қазіргі таңда отандық агроөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласының маңыздылығы жылдан-жылға артып келеді. Осы орайда, түлектерге биология пәнінің маңызын ұқтыру – басты міндеттердің бірі. Онымен қоса, жастар агрономия саласының жұмысын жетік білгендері жөн. Өйткені, Президенттің аграрлық саладағы ғылымды дамыту туралы тапсырмасы бар. Осыған байланысты қазір білім саласына да елеулі өзгерістер көптеп енгізілуде.
Алайда мұның барлығын тиімді деп айта алмаймыз. Өзімнің 33 жылдық ұстаздық тәжірибем мен білімімді қазіргі дәстүрлі білім беру бағдарламасымен ұштастыра отырып, және жаңартылған білім бағдарламасының аясында бар білгенімді бір арнаға тоғыстыру арқылы оқушылардың бойына сіңіру үстіндемін. Жастарға дұрыс берілмеген білім және бағыт-бағдар берудегі жіберілген олқылықтар олардың тамырына балта шапқанмен бірдей екенін ұстаздар жадында ұстауға тиіс,- дейді ұлағатты ұстаз Ергебек Өтегенов.
Е.Өтегенов біліктілік санаттарының ішіндегі ең жоғарғысы – «Педагог-шебер» санатын меңгерген. Бұл кейіпкеріміздің жоғарғы деңгейдегі маман екенін дәлелдейді.
Педагог-шебер – оқытушылық және тәрбие жұмысымен айналысушы, оқу-тәрбие қызметінің технологиясын еркін меңгерген, ұзақ жылдар бойы жоғары нәтижелерге жетіп жүрген маман болып табылады.
Тәжірибелі ұстаздың жұбайы Мейрамкүл Өтегенова да аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек етуде. Ұстаздар отбасы төрт перзент тәрбиелеп отыр. Қазіргі таңда тұңғышы Назерке ата-анасының жолын қуып, ұстаздық етуде. Ал, ортаншы қызы Үміт туризм мамандығын меңгерген. Сонымен бірге, ұлы Нұрболат Астана медицина университетінің алтыншы курс студенті, кенжесі Әли 11 сыныпта оқиды.
«Мұғалім алдында хан да, қара да бірдей» деп халық даналығы бекер айтпаса керекті. Қандай маман иесі болса да ең алдымен ұстаздың алдынан өтері анық. Сондықтан ұстаздардың мәртебесі ел болашағы үшін бірінші орында болуы міндетті.
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»