Basty bet

Балаңыз мектепке дайын ба?

Жақында жаңа оқу жылы басталады. Мектептерде күміс қоңыраудың сыңғырлаған үні естілер күн де алыс емес. Әдетте жаңа оқу жылының қарбаласпен басталатыны белгілі. Қазір балаларын мектепке әзірлеу үшін дүкен-базарларды шарлаған ата-аналардың да қарасы көбейген. «Бар жақсылық – балаларға» дейтін кез келген ата-ана баласының мектепке мұнтаздай таза болып, жарқырап киініп барғанын қалайды. Жаңа оқу жылы басталудың алдында базарлар мен сауда үйлерінде мектеп формасы мен мектепке қажетті құралдардың саудасы қызып тұр. Әдеттегідей тамыз айы киім-кешек пен оқу құралдарын алумен өтіп кетеді. Солардың ішінде, көпшілігі мектеп формасына келгенде бас қатыратыны анық. Баланың өз таңдағаны талапқа сай келмеуі мүмкін. Сол себепті, ата-аналарға құлаққағыс ретінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен талаптармен таныстырып өткенді жөн көріп отырмыз.
Аудандық білім бөлімінің мамандары берген мәліметке сәйкес, «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасы туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №534 бұйрығының негізінде мектеп оқытудың зайырлы сипатына сәйкес 1-11-сынып оқушыларының формасы төмендегідей:
1) Ұлдардың формасы: -қою-көк түсті (темно-синий) пиджак, жилет, шалбар, күнделікті ақ жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, ), Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы керек.
2) Қыздардың мектеп формасы: -қою-көк түсті (темно-синий) пиджак, жилет, қара-көк түсті белдемше (юбка, ұзындығы тізеден төмен болу керек), классикалық ақ жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан).
Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы керек /тек қысқы уақытта/
Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен, спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.
10-сынып оқушыларына арналған әскери-парадты форма ақ жейде мен қара түсті шалбардан, галстук пен береттен тұрады. Мектеп басшылығы форманы нақты бір өндірушіден алуды талап етуге, сондай-ақ, мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құқығы жоқ екенін айтқымыз келеді.
Мектеп формасына түрлі діни аксесуарлар, джинсы, слакси шалбарлар, тенниска, футболка, қысқа, тор, кожа юбкалар қатысты киім элементтерін қосуға болмайтынын ата-аналардың есіне тағы бір салғанды жөн көрдік.
Ата-аналар базар мен дүкен жағалап, оқушы балаларына мектеп формаларын алып әлек. Сәйкесінше, сұраныстың артуымен қатар баға мәселесі өзекті болып тұр. Осы тұста ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін көптеген жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынуда.
Қоғамда сұранысқа ие тігіншілікті кәсіп көзіне айналдырып отырған жандардың бірі – Гүлмира Әсемова. Ол қазіргі таңда мектеп оқушыларына арнап мектеп формасын тігіп, халықтың алғысына бөленіп жүр. Бүгінгі таңда 2000 дана мектеп формасы тігін шеберханасында сатылымға қойылған. Көпбалалы ана киімнің сапасы мен дизайнына баса мән береді.
-Дұрыс таңдалған мектеп формасы баланың денсаулығы мен жақсы көңіл-күйінің қалыптасуына ерекше әсер етеді. Ең алдымен мектеп формасы гигиеналық талаптарға сай болуы керек, яғни баланың денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс. Өз кезегінде ата-аналар бұл киімде бала 5-6 немесе одан да көп сағат өткізетінін есте ұстаған жөн. Сол себепті ең алдымен, форма жасалған материалдың сапасына назар аудару керек, – дейді Гүлмира Әсемова.
Мектеп формасының маталары ретінде қасиеттері жақсартылған, тозуға төзімділігі жоғары, антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және стрейтч қоспалары жоқ, арнайы астарымен тігілетінін айтады ісмер. Формаға қажетті материалдарды шет елден арнайы тапсырыспен алдырады екен. Мектеп формасын таңдағанда, ата-аналар баланың кез-келген жағдайда ыңғайлы болатынына көз жеткізуі керек (отыру және жүру кезінде) және баланың денсаулығы мен моторикасын сақтауға талпыну керек. Енді сапасы халық көңілінен шығып жатқан мектеп формасының бағасына келетін болсақ, 28 өлшемдегі мектеп формасының сатылымдағы бағасы 14 000 теңгеден басталса, 50 өлшемдегі мектеп формасының сатылымдағы бағасы 20 000 теңге.
Елдегі әрбір азаматтың құқығы тең болғанымен, материалдық жағдайы әртүрлі екені белгілі. Өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарынан өтіп, қиындықты ойдағыдай еңсеріп жүрген ата-аналар бауыр еті баласының өмірде таршылық көрмей жетіліп, қалыптасуына қажетінше жағдай жасайды. Ал тағдырдың жазуымен толық емес, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасында тәрбиеленген балаларға қолдау көрсету қажет. Жылдағы үрдістің «Мектепке жол» акциясының аясында осы санаттағы оқушыларға қолдау көрсетілуде.
«Жақсылықты жаса» ұранымен басталған акция ағымдағы жылдың 01 тамызында басталды.
Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауда атаулы көмек көрсетуде азаматтық белсенділік таныта алады, оның мектепке жолы қуанышты болуы үшін әрбір балаға шынайы қамқорлық пен назар аудара алады.
Аудандық білім бөлімінің мәлімдеуінше, жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарына балаларды мектепке дайындауда көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіледі. Биыл ауданда “Мектепке жол” республикалық акциясы шеңберінде көмекке мұқтаж ата-аналардың балаларын мектепке дайындау үшін 1-11 сыныптардың арасынан 128 оқушының тізімі жасалған.
Айта кетерлігі, аудан әкімдігі аудандық білім бөлімімен бірлесіп ағымдағы жылдың 22 тамызында мектеп жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отыр. Онда төмендетілген бағамен тауарлар (мектеп формасы, кеңсе тауарлары) ұсынылатын болады.
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысының негізінде атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасына, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен әрі АӘК алмайтын отбасына, төтенше жағдайдан кейін шұғыл көмекті талап ететін отбасылармен қоса жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық қолдау көрсетіледі.
-Бір білім алушыға 40 567 теңгеге тиесілі. Олар балалардың заңды өкілдерінің жеке шоттарына аударылады. Бүгінде мемлекеттен 2 578 бала қаржылай көмек көрсетеді, – деді аудандық білім бөлімінің маманы Думан Мейрахат.
«Бақытым – балам» дейтін әрбір ата-ана баласының өзгеден кем болмауын қалайды-ақ. Алайда оған қалтасының қалыңдығы көне қоймайды. Десе де, жалындаған жастарымыз жылтыраған киімімен ғана емес, өнер-білімімен ерекшеленіп, ақыл-өресімен бәсекеге түсетін ұрпақ болып өссе екен.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close