Basty bet

ЖУАЛЫ АУДАНЫ:КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Біз, Жуалы ауданында туып-өскен жас буын, өзімізді өзінің кесек туындыларына кіші Отанын – Жуалы жерін арқау етіп, оның тау-тасы мен әсем табиғатын нақышына келтіре суреттеген Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаның жерлесіміз деп мақтанышпен айтамыз.
Ауданда өңірдің инфрақұрылымының дамуы мен гүлденуіне сүбелі үлесін қосқан адамдар көп. Біздің ауданның ХVIII ғасырдағы тарихы сол тұста Қазақ хандығының құрамына енген бүкіл өңір тарихымен байланысты. Бұл кезеңде өңір өзара соғыстардың, сондай-ақ көршілес мемлекеттермен қақтығыстардың алаңына айналған еді. Батыс Тянь-Шань тауларының баурайында орын тепкен Жуалы ауданы Қазақ хандығының оңтүстік шебінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Жуалы ауданы бұл жанжалдардан шет қалмады және өңір тұрғындары мұндай жанжалдарға жиі қатысып отырды.
XVI ғасырдың өзінде этнограф ғалымдардың экспедициясы атқа мініп Қазақ елінің бүкіл аумағын желе-жорта жүріп, ауданның ландшафтын зерттеді, өзен аңғарларына, оның сағасындағы көк жартастарға назар аударды. Осында түнемелікке ат шалдырып, көк жартастардың түбінен ағып жатқан өзеннің бойындағы жердің жай-жапсарын зерттеуді ұйғарды. Ғалымдар өзеннің теріс бағытта ағып жатқанына, сондықтан да оның Теріс деп аталуының сырына үңіледі. Ескі карталардың кейбіреуінде Бурное «Теріс ауылы» деп аталған. Ауылдың алғашқы атауы осындай болуы мүмкін. Тіптен сонау алыстағы XIX ғасырда Жуалы ауданында үлкен өзгерістер болып, өңірдің инфрақұрылымы дамып отырған.
Ауылда ат-почта кеңсесі ұйымдастырылды, станция Сырдария облысының почта байланысы басқармасына қарады. Почта байланысы Ванновское, Высокое, Бурное, Грозное (Қырғыз ССР), Әулиеата тас жолы арқылы Ташкент, Шымкент және Әулиеата қалаларының арасында жүзеге асырылды.
Ауылда негізінен темірші ұсталар мен тігіншілер даңққа бөленді, олар тікелей ауылдастарының мұқтаждарын қанағаттандырып отырды. Олардың барлығы өз аулаларында жұмыс істеген. Жеміс ағаштарынан алма, алмұрт, шие, өрік, қара өрік өсірілді. Тұрғындардың бақшалары болды, бақшаға қырыққабат, картоп, қияр, пияз, қызанақ, кейде бақша өнімдерін өсірді. Өз өнімдерін қаппен Әулиеата және Ташкент қалаларының базарларында сатты. Базарларда сиырдың бағасы 15 рубль, қой 2,5 рубль, жылқы 40 рубль, картоп 60 копейка, астықтың бір пұты 1 рубль, жемістер фунтына 2-4 копейкадан сатылды. Осы жемістер мен көкөністердің барлығы аудан мен қаланың базарларында сатылып жатты.

***
ХХ ғасырдың басы. Өңірдің жерлері адырлы, сайлары аса терең емес. Осыдан көшелер де ирелең-бұралаң болып келеді, ауылдың құрылысын жүргізгенде таулы жердің бедері ескерілді. ХІХ ғасырдың басында-ақ біздің өңірге Ресейдің ішкі аудандарынан көптеген қоныс аударушылар пайда болды, соның ішінде орыстар, немістер, сондай-ақ басқа ұлттардың өкілдері болды және Қазақстанның басқа облыстарынан жергілікті ұлт өкілдері көптеп қоныс аударды.
1919-20 жылдары қоныс аударушылар мен ауылдардан келген жергілікті тұрғындар Жуалы ауданындағы Түрксіб темір жолының құрылысында жұмыс істеді. Ауданда темір жолдың құрылысын жүргізу үшін ауылдардан жұмысшылар жұмылдырыла бастады. Жол құрылысында жұмысшылардың арасында Бурно-Октябрь ауылынан Ф.Н. Трунов жұмыс істеді. Басқа ауылдардан көптеген жұмысшылар келді. Солардың арасында Н. Алексеев, Ш. Искаков, М. Маткаримов айлық еңбекақысының бір бөлігін ақшалай алып, қалғанын белгіленген мерзімде кейінгі төлемдермен 3 пайыздық займмен беріп отырған.
Ауданда темір жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін Бурное селосына Мәскеуден темір жолды қабылдап алу үшін комиссия келді. Жолдарды аралап жүрген кезде желдің күшті екпінімен комиссия төрағасының басындағы шляпасы ұшып кетті. Міне осы жерде аңызға айналған «Қандай боранды еді бұл жер» деген сөз тіркесі айтылды. Бурное (Боранды) атауы осыдан келіп шықты.
Темір жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін оған қатысушылар Н. Алексеев Көлтоған ауылындағы ұжымшардың алғашқы төрағасы, сондай-ақ В. Кантемиров таулы өңірдегі ұжымшардың төрағасы болды. Олар аса қиын жылдары ұжымшарды алдыңғы қатардағы шаруашылық деңгейіне көтере білді. Кейін бұл ұжымшарлар алғашқы төрағаларының есімдерімен Алексеевка және Кантемировка деп аталды. Сонымен бірге 1920-жылдары Қостанайдан өгіз арбамен қоныс аударған бірнеше отбасы тау баурайында орналасқан жердің табиғатына сүйсініп, осында қалуды ұйғарды. Солардың ішінде үш ағалы-інілі Шыңбұлақта ұйымдастырылған ұжымшарды алғаш болып басқарды.
Ол кезде өткен ғасырдың 20-шы жылдары «Қызыл Жұлдыз» ауылы болған. Қазіргі Шыңбұлақ ауылының төменгі бөлігіндегі Теріс өзенінің бойында орналасқан осы ауылға Қостанай облысынан осында көшіп келгендердің арасында отбасы Федор Иванович Будко деген орыс азаматы да болған. Оның баласы Василий Федорович Будко өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бері осындағы колхозда еңбек етіп, ұжымшарды көтеруге атсалысты. Василийдің әйелі Надежда Григориевна деген кісі болатын. Көшіп келгендер осында землянка үйлер салып, азын-аулақ мал ұстай бастады. Үш ағайынды басқарған колхозда жұмысқа кіріп, олар қазақ отбасыларымен бірге сыйласып, жұмыс істеді. Ол ауылдың үлкені болып та еңбек етіп, тұрғындар арасында тату-тәттілік орнатты. Федор Иванович ұзақ жыл өмір сүріп, 90 жасқа жақындағанда қайтыс болды. Олар колхозшыларды жұмыспен қамтамасыз етіп, аса қиын кезеңде шаруашылықтың жұмысын жолға қойды, осы ағалы-інілілердің құрметіне ұжымшар «Братское» (қазіргі атауы Шыңбұлақ) деген атауға ие болды. Сонымен қатар осы кезде орыс атаулармен аталған басқа ауылдарда ұжымшарлардың төрағалары соғысқа дейінгі шаруашылықтың аяғынан тік тұруы мен өркендеуіне орасан зор үлестерін қосты. Олар ұжымшар мен кеңшар еңбекшілерін жұмыспен қамтып, ұжымдық шарт жасады. Біртіндеп бидай, арпа сеуіп, көкөністер мен жемістер баптады.
Жуалы ауданы 1928 жылдың 3 қыркүйегінде құрылғаны тарихтан белгілі. Ол тұста аудан Шымкент облысына қарады. Тек 1936 жылы ауданымыз бүгінгі күнгі бар шекараларына ие болды.

***
Еліміздің тағдырынан онда тұратын әрбір адамның тағдыр-талайы көрінеді. Ортақ жер – ортақ тарихты жасайды. Жуалы халқының да өз тарихы бар. Осыдан бір ғасыр бұрын, 1917 жылы Жібек жолының бойындағы көкорай шалғынды жерде Әулиеата қаласынан осында жақсы күнкөріс іздеп келген өзбек отбасылары да қоныстанды. 11 жылдан кейін 1928 жылы бұл жер Жуалы ауданы болып аталды. Алғаш қоныс аударған өзбек отбасыларының бірі Мамаджан Маткаримов болды. Олар көшіп келген бойда жертөлелер мен сарайлар салды. Отбасын асырау үшін мал сатып алды. «Түрксіб» темір жолының құрылысына қатынасты. Түрлі ұлттың өкілдері осында бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату еңбек етті. Жұмысшылардың бір бөлігі Мамаджан Маткаримовтың қосалқы баспанасында тұрды. Төңіректен келген жартылай аш, жалаңаш адамдар темір жолды қолмен тұрғызды.
1929 жылы жас кезінде Мамаджанның үйінде Бауыржан Момышұлы тұрып, аудандық партия комитетінің хатшысы, одан кейін аудан прокуроры болып жұмыс істеді. Бұл туралы өз кітабында жазушылар Амангелді Ормантай, Әзілхан Нұршайықов, Талғат Айтбайұлы жазды. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабында Баукеңнің Бурноеға, әсіресе өзінің жақын досы Мамаджанға бірнеше мәрте келгені, оның ыстық шаймен және өзбек палауымен сыйлап, қонақ еткені туралы жолдар бар. Олар өте жақын достар болған. Соғыстан кейінгі жылдары менің бабам Мамаджанды бүкіл аудан танитын. Ол құрметті теміржолшы болды. Жақын достары Б.Сафиновтың, Сұлтанмуратовтың, Медетовтың және т.б. арасында сый-құрметке ие болды. Жұрымбай Медетов КОКП XXIV съезінің делегаты болды. Ауданға келген көптеген танымал адамдар біздің үйге арнайы ат басын бұратын. Солардың ішінде жазушы Шерхан Мұртаза да болды. Шерағаң ауданға келгенде міндетті түрде үйге соғып, сәлемдесіп, шай ішіп кетіп жүретін.
Аудан халқы біртіндеп ұлғая бастады. 1950 жылға дейін аудан орталығы Бурно-Октябрь ауылы болды. Онда тұратын халықтың басым бөлігі орыстар мен немістер, сондай-ақ аздаған жергілікті қазақ ұлтының өкілдері болды, қатынас тілі негізінен орыс тілінде болды. Аудандағы жалғыз аурухана бұрынғы Бурно-Октябрь ауылында болды. Ауруханаға дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Дмитрий Дмитриевич басшылық етті. Ауыр науқастар мен жүкті әйелдерді Бурно-Октябрь ауруханасына әкелетін. 1950 жылы аудан орталығы Бурное ауылында Е.Сауранбекұлы (бұрынғы Бірінші мамыр) көшесінің бойында емдеу мекемесінің төрт жаңа ғимараты салынды, олар емдеу, хирургия, тері бөлімшелері, сондай-ақ перзентхана болды. Ауданда 1968 жылы барлық медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған 3 қабатты заманауи аурухананың жаңа ғимараты салынды.

***
Ауданда тіршілік біртіндеп жолға қойылды. Тұрғындар саны жыл өткен сайын ұлғая берді. Жүк автобазасы, ауыл шаруашылығы техникасы, автобус паркі секілді жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа бағыттар іске қосылды. Бүкіл аудан, сондай-ақ Шымкент және Тараз, Жаңатас, Қаратау қалаларына дейін автобус қатынасымен қамтылды. Барлық бағыттарға кесте бойынша қызмет көрсетілді. Жолаушыларға арналған өз автостанциясы болды. Автобус паркінің ұжымында 340 адам жұмыс істеді, соның ішінде 220 адам жүргізуші, 65 адам инженерлік-техникалық қызметкер, қалғандары транспорт жөнінен қызмет көрсететін слесарьлар еді.
1924 жылы Жуалы ауданының орталығы Бурное селосында тұңғыш мектеп ашылды. Бастапқыда мектеп В.И.Ленин есімімен аталғанымен, алайда 1937 жылы ол Григорий Орджоникидзенің құрметіне қайта аталды. Оқу орны бастапқыда бастауыш мектеп болып екі мәрте қайта құрылып, кейіннен жетіжылдық, кейіннен жалпы білім беретін орта мектеп болды. 2022 жылы мектеп-гимназия жерлес жазушы Шерхан Мұртазаның есімімен қайта аталды.
Біз Алатаудың қарлы шыңдары көк тіреген, ауасы жұпар, суы бал, климаттық жағдайлары тіршілікке қолайлы, біріне бірі меймандос, сый-құрметі артқан халқы бар Жуалы ауданында туып-өскеніміз үшін тағдырымызға мың да бір шүкір дейміз.
Жерлестеріміздің осынау терең сый-құрметі мен сүйіспеншілігі, келешекте балалар мен немерелердің амандығына деген сенімділік, ең бастысы, қазақстандықтардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүруі. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанда саяси және әлеуметтік тұрақтылық, республикада тұратын түрлі этнос өкілдерінің арасындағы достық пен татулық берік орнықты. Біздің Тәуелсіз еліміз Президенттің көреген саясатының арқасында көптеген жетістіктерге жетті. Мен осы тұста Қазақстан қоғамында ұлттық бірлікке ұмтылыстың рөлі орасан деп есептеймін және осы берік ұстаным бізді гүлдену мен өркендеу жолына жетелеп, ұрпағымыздың алдынан жарқын келешек ашыла берсін деп тілеймін! Біз білетін Жуалы ауданы тарихының бір парасы міне осындай…
Қасиетті Жуалы ауданының даңқы өрлеп, өткен тарихы мен жарқын болашағының дәуірлей беретініне кәміл сенемін. Батырлар мен генералдар туған киелі өлкеге әрдайым тағзым етеміз! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Шәкіржан МАМАДЖАНОВ,
еңбек ардагері,
өзбек этно-мәдени орталығының белсенді мүшесі.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы,
Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті ардагері.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close