Basty bet

Құрметке лайық азамат

Адам мәңгі жасамайды. Мәңгі жасайтын оның ісі, жақсы қасиеттері, артында қалған тәрбиелі ұрпағы болмақ. Еңбекпен жеткен абырой да, жетістік те қымбат. Осы орайда аудандағы үлкен елдімекендердің бірі саналатын аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында түтін түтетіп, ұлағатты ұрпақ өрбітіп отырған Сапарбек Байсеріков жайында әңгімелемекпіз. Бүгінде әулеттің алтын діңгегіне айналып отырған Сапарбек Байсеріков ветеринария саласының құрметті ардагері. Бүгінде жасы 75-тен асқан атпал азаматтың ауданның дамуына қосқан үлесі мол және өмірден көргені көп азаматтың жас ұрпаққа да айтары мол.
Сапарбек те алдыңғы толқын ағалардың жолын қуып, саналы ғұмырын мал шаруашылығына, оның ішінде аса маңызды саналатын мал дәрігерлігі саласына арнады. 40 жылға жуық аталған салада жұмыс істеп, зейнет демалысына шықты.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, Сауыт қария ұл-қыздарының барлығын да оқытып, жоғары білім әперуге күш салыпты. Оның арманы – үлкен ұлы Сапарбекке инженер мамандығын әперу еді. Адамның айтқаны бола бермейді. Билікөл орта мектебін жақсы үлгеріммен бітірген бозбала Сапарбектің Алматы ауыл шаруашылығы институтына түссем деген арманы орындалмады. Есесіне Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына құжат тапсырып, емтиханнан сүрінбей өтеді.
-Аталған оқу орнының мал дәрігері факультетін 1971 жылы бітірдім. Содан институттың жолдамасымен төрт жігітті бұрынғы Торғай облысына жіберді. Орталығы Арқалық қаласы екен. Ұшақ қонатын жерден түскенде өзімізді айдалаға келгендей сезіндік. Бір дүңгіршек тұр, одан басқа ештеңе жоқ. Әбдіғаппар досым маған қайтайық дейді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына барып жолықтық. Басқарма басшысы Әбдіғаппарды Амангелді ауданына, мені Жангелдин ауданына жіберді.
Мен барған «Қызыл әскер» совхозы «Еділбай» қойының тұқымын көбейтумен айналысатын үлкен ұжымшар болып шықты. Мұнда 40 мыңдай қойдың басы бар. Мен сонда бас мал дәрігері болып бір жылдай жұмыс істедім. Анамды сонда көшіріп апардым. Анама ол жақтың ауа райы жақпады. Біздің совхозға қарасты жақын маңдағы Аралбай дейтін ауылдың қызы Жұмагүл Сүйінқарақызы екеуміздің дәм-тұзымыз жарасып, 1972 жылы шаңырақ көтердік. Осы жылдың желтоқсан айында туған ауданым Жуалыға қайта оралып, аудан орталығындағы мал бордақылау совхозына веттехник болып орналастым. Менің міндетім – шошқа фермасындағы шошқаларға күтім жасау, уақтылы профилактикалық вакцина егу. Онда біздің совхозда аудандағы колхоз-совхоздардың малдарын қабылдап алатын пункт болатын. Біраз уақыт веттехник болып жұмыс істеген соң бас мал дәрігері болдым. Одан соң біздің шаруашылық пен тағы бір пункт біріктіріліп, «МРСХО», Жуалы ауданаралық арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігі болып қайта құрылды,- дейді ол.
Аз уақыттың ішінде білім-білігімен көзге түскен Сапарбек Байсеріков «МРСХО»-ға қарасты мал бордақылау кешенінің меңгерушісі болып жоғарылатылады. Ол уақытта шаруашылыққа қарасты үш бірдей кешенде сегіз мың басқа дейін шошқа бордақыланатын. Оны Жамбылдағы ет комбинатына өткізеді. Кешенде 20-ға жуық жұмысшы бар. Бордақыға қойылған шошқалардың семіруі, жұмысшылардың жайы білікті маманның жіті бақылауында болады.
Сапарбек Байсеріков аталған мекемеде 1999 жылға дейін жұмыс істейді. Оның үстіне, бұл мекеме дәл осы жылы таратылған болатын. Жаңа заманның тынысын дәл танып, шаруашылық ісінің жай-күйін жақсы білетін Сапарбек Сауытұлы 1999 жылы «Дәуір» шаруа қожалығын құрады. Алғашқыда қожалықтың құрамында 300 гектардай жер, 20 адамның егістік жерінің пай үлесі болған. Шаруашылық арпа-бидай егумен айналысқан. Кейіннен ауыл шаруашылығын ірілендіру мақсатымен аталған қожалық Шыңбұлақ ауылындағы «Темірбекова» шаруа қожалығының құрамына қосылды. Кейіннен Ақсай ауылдық округінде мал дәрігері және 2010 жылы жаңадан ашылған мал дәрігерлік мекемесінің директоры қызметін атқарды.
Сапарбек Байсеріков шаруашылықта жұмыс істей жүріп, ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырған жоқ. Отбасында асыл жары Жұмагүл Сүйінқарақызы екеуі Ардақ, Абзал, Арнұр, Салтанат есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғыш ұлдары Ардақ Алматы ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірген. Алматыда жеке компанияларда жұмыс істеп, 38 жасында жол апатынан қайтыс болған. Абзал орта мектепті үздік бітіріп, Түркияның алдыңғы қатарлы оқу орны ОДТУ-ге оқуға түсіп, оны халықаралық қатынастар мамандығымен бітірген. Алғашқыда Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінде жұмыс істеген екен.
Бұл әулеттің ортаншы ұлы Абзал Сапарбекұлы Қазақстан Президентінің Жарлығымен тағайындалып, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін абыроймен атқарған атпал азамат. Абзал Сапарбекұлын Жуалы ауданында қазақтан шыққан тұңғыш елші деп айтуымызға болады. Сонымен қатар ол Қазақстанның Албаниядағы елшісі қызметін де қоса атқарды. Қазіргі таңда бір жылдан бері «Отандастар қоры» КЕ АҚ-ның төрағасы қызметіне тағайындалып, қандастардың мәселесімен дендеп айналысуда.
Абзал Сапарбекұлы 2000-шы жылдан бастап ҚР Сыртқы істер министрлігінің құрылымында жұмыс істейді, сондай-ақ түркітілдес елдердің ынтымақтастығы жөніндегі ұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдарда жұмыс тәжірибесі мол. Кенже ұл Арнұр жеке кәсіпкерлікпен айналысса, қыздары Салтанат АҚШ-тың Гарвард университетін бітіріп, қазіргі таңда сонда танымал компанияда экономист болып жұмыс істейді. Нью-Иорк қаласында тұрады.
Тағдырдың жазуы шығар, еңбек ардагері Сапарбек Сауытұлының асыл жары, ауданның оқу-ағарту, білім саласына елеулі еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз Жұмагүл Сүйінқарақызы 1999 жылы мезгілсіз дүниеден өтеді. Босағаның беріктігін, шаңырақтың шаттығын сақтап қалуды ойлаған отағасы 2001 жылы педагог Пернекүл Әбдірәсілқызымен қайта шаңырақ көтереді.
Ауданның ветеринария саласына, онымен қоса мал шаруашылығын дамытуға саналы ғұмырының 40 жылын арнаған еңбек озаты Сапарбек Байсеріков 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған өңірдегі санаулы азаматтардың бірі. Қазақстан Компартиясының ХV съезінің делегаты. Бірнеше мәрте «Еңбек озаты», сондай-ақ, «Бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы» төсбелгілерін иеленген. Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, тағы басқа медальдармен марапатталған. Немерелерінің сүйікті атасы.
Осы тұста С.Байсеріковтың қоғамдық қызметін де айта кетуіміз қажет. Ол 2018 жылдан бері Б.Момышұлы ауылдық билер кеңесі төрағасының орынбасары, ауылдық әкелер алқасының төрағасы сияқты қоғамдық негіздегі қызметтерді қатар атқаруда.
Еңбекпен есейіп, жан-жағына адалдық пен еңбектің құндылықтарын насихаттап жүретін Сапарбек Байсеріковпен сұхбаттасу барысында ардагер азамттың өмірлік қағидасын да сұраған едік.
–Әкем жарықтық барлық балаларын адамға жамандық жасама, өтірік айтпа, ешкімнің ала жібін аттама деген халықтық тәрбиемен өсірді. Өзім де отбасында балаларымды осы тәрбиемен өсірдім деп ойлаймын. Қариялық жасқа келгенде өмірден түйгенім, адам кешірімді болу керек екен. Сонда ғана оның жүрегіне өшпенділік ұяламайды. Шамамның келгенінше, балалардың білім алуына жағдай жасадым. Олар әкелік үмітімді ақтады.
Құдайға шүкір, немерелерім бар. Өткен өміріме өкінбеймін. Өзіме сеніп тапсырылған жұмысыма, отбасыма адал болдым деп сеніммен айта аламын. Еңбектің арқасында көптеген марапаттарға да ие болдым. Еңбекпен келген абырой-атақ маған қашанда қымбат,- дейді еңбек ардагері.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close