Basty bet

Ата-аналардың жауапкершілігін арттыру қажет!

ол үшін жасөспірімдермен атқарылатын жұмысты жандандырудың маңызы зор

Сәрсенбі күні аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрағасы Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Отырысқа комиссия мүшелерімен қатар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Комиссия отырысының күн тәртібінде барлығы үш мәселе қарауға ұсынылған. Атап айтқанда, бірінші мәселе – жазғы шомылу маусымында су айдындарында кәмелетке толмаған балалардың кауіпсіздігін қамтамасыз ету, рейд жұмыстарын жүргізу, ата-аналарға ақпараттық түсіндіру, аудан аумағындағы қауіпті аймақтардың зерделенуі, ескерту тақтайшаларын орнату жұмыстарының атқарылу барысы туралы Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев баяндама жасады.
-Жазғы шомылу маусымы кезеңінің барысы туралы айтатын болсам, аудан аумағында орналасқан су айдындарында адамдар жаппай демалатын орындар болып Қызыларық ауылдық округіндегі «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы және Билікөл ауылдық округіндегі «Қарабастау» бұлағы аудан әкімінің 2024 жылғы 21 мамырдағы №119 қаулысымен белгіленген.
Жазғы шомылу маусымында бөлім және аудандық жергілікті полиция қызметкерлерімен, аудан әкімдігінің жауапты мамандарымен және еріктілермен рейдтік іс-шаралар өткізіліп, онда жалпы 950 адам қамтылса, онымен бірге мыңнан астам жадынама таратылды. Шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздік тақырыбында әлеуметтік желілердің парақшаларында балалар мен демалушылардың қауіпсіздігін сақтау туралы 48 мақала мен сегіз бейнематериал жарияланды. Басым дауысты радиоторабы арқылы 145 рет ескерту оқылып, аудандық газетте судағы қауіпсіздікті сақтау тақырыбында барлығы 10 мақала және газеттің сайтында 22 мақала жарық көрді,- деп атап өтті бөлім бастығы.
Бөлім бастығы өз сөзінде, су айдындарында шомылу кезінде қауіпсіздікті сақтау бағытында өңірге қарасты ауылдық округтің әкімдеріне шомылуға тыйым салынған орындарда ескерту тақтайшаларын және баннерлер орнату бойынша ұсынысхаттар жолданып, нәтижесінде, 14 ауылдық округте ескерту тақтайшаларының орнатылғанын айтып, атқарылған жұмыстың сапасыздығына тоқталған ол, ауылдық округтің әкімдеріне ескерту белгілерін ұсынылған үлгіге сәйкес орнату немесе жаңартудың қажеттігі туралы ұсынысын жеткізді. Атап айтсақ, Теріс өзенінің жағалауында белгіленбеген орындарда шомылуға тыйым салу белгілері жартылай ғана орнатылған.
Аталған мәселеге байланысты пікір білдірген комиссия төрағасы А.Ахметова тыйым салынған аумақтарда ескерту белгілерін орнатумен қатар, шомылатын аумақтарда кезекшілік қоюдың қажеттігін және жасаөспірімдердің осындай қауіпті аймақтарда шомылуын болдырмау үшін әлеуметтік желілер мен ауылдық округтің чаттарына ескертуге арналған бейнероликтердің салынуын қадағалау әрі қамтамасыз ету керектігін ерекше атап өтіп, тиісті комиссия мүшелеріне тапсырмалар жүктеді. Қосымша айта кететін болсақ, өкінішке орай, ата-аналардың салғырттығынан биыл жыл басынан өңірге қарасты жекелеген ауылдарда кәріз сулары жиналатын шұңқырға және есік алдындағы құрастырылмалы шомылу бассейніне жас балалардың абайсызда түсіп кетіп, тұншығып қайтыс болу деректері тіркелген. Бұл – әрине жақсылықтың белгісі емес.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдауға арналған «Мейірім» жобасының іске асырылуы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, 2024 жылы 0-18 жас аралығында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған барлығы -46 бала бар. Олардың 21-і жетім болса, 25-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
«Мейірім» жобасының аясында 43 балаға «Отбасы банкі» АҚ-нан есеп-шот ашылған. Ал жаңадан қамқоршылыққа тағайындалған үш балаға алдағы уақытта демеушілер бекітіліп, тізімге енгізіледі. 43 аудан активі 43 балаға бекітілсе, бүгінгі күнге дейін балалардың есеп-шотына (бөлім басшылары және мекеме басшыларының тарапынан) жалпы -3 559 330 теңге аударылған. 2023-2024 жылдың есебіне сәйкес, 43 баланың 11-іне 11 демеушіден 440 660 теңге аударылса, қалған 32 балаға биылғы оқу жылында қаражат аударылмаған.
Комиссия төрағасы жауапты бөлім басшысына бұл мәселенің облыстық деңгейде тұрақты бақылауда тұрғанын ескертіп, жұмысты ары қарай жандандыруды тапсырды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Жуалы АПБ-ның ювеналды полиция тобы қызметкерлерінің 2024 жылдың 6 айында атқарған жұмыстары туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының инспекторы Досжан Байдалиев баяндады.
-Ювеналды полиция тобы қызметкерлерімен алты айдың нәтижесімен жалпы -533 хаттама толтырылған, оның ішінде, кәмелетке толмағандармен жасалған әкімшілік хаттаманың саны -247. Түнгі рейд жүргізу барысында түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз тұрғын үй-жайдан тыс жерде жүрген -187 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне ескертумен бірге, тиісті кодекстің бабтарына сәйкес, айыппұлдар салынды,- деді ол.
Ювеналдық полиция тобы инспекторының айтуынша, аудан көлемінде жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жауапкершілік тәртібін қалыптастыру мақсатында білім беру мекемелерінде профилактикалық бағытта лекция, әнгіме-сұқбаттар өткізіліп, жасөспірімдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында белгісіз бөтен адамның автокөлігіне отырмау, бөтен адамнан тәтті немесе сыйлық алмау керектігін үйрету, көшенің қараңғы тұстарымен және көпшілік жүрмейтін саябақтармен жүрмеу, сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде белгіленбеген орындарға шомылмау сияқты ережелерді түсіндіруге арналған жиналыстармен қатар, ата-аналар мен балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігі туралы түрлі тақырыпта жиналыстар өткізілген.
Комиссия отырысын қорытындылаған Анар Ахметова, күн тәртібінде қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, тиісті комиссия мүшелеріне бұл бағыттағы жұмыстарды ширату тапсырылып, жиын қорытындысымен бірқатар хаттамалық нақты тапсырма берілді.

Таңдаулы материалдар

Close