Basty bet

Жүрекке жанашыр, еңбегі елеулі

Адам денсаулығы – өмірдің ең қымбат байлығы. Ал, сол денсаулықтың тірегі, ағзаның барлық жүйесін үйлестіріп тұрған негізгі күш – жүрек. Қазіргі таңда адамдар арасында жүрек-қантамыр аурулары жиілеп, жас талғамайтын дертке айналып отырғаны өкінішті. Қарбалас өмір салты, дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы, стресс, зиянды әдеттер және қозғалыстың аздығы – жүрекке күн сайын ауыр салмақ түсіретіні баршамызға белгілі. Сондықтан жүрек саулығын сақтау, дер кезінде тексеріліп тұру және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау – әрбір адам үшін маңызды міндет.
Жүрек ауруларын ерте анықтап, жүрек саулығын қорғауда аудандық орталық емхананың кардиодиагностика кабинетінде еңбек етіп жүрген білікті мамандардардың да еңбегі ерекше екені анық. Ұзақ жыл бойы өз ісінде адал қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі медбике Жазира Шойтаева мен Рахия Байбатырова науқастардың жүрек қызметін бақылап, қажетті тексерулерді дәл жүргізіп, талай адамның өміріне араша болып келеді.
Медбике Жазира Шойтаева ауданға қарасты Шыңбұлақ ауылында дүниеге келіп, сондағы №24 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепті аяқтап, содан соң Жамбыл жоғары медициналық колледжінде білім алған. Білікті маман бүгінде аудандық емхананың ЭКГ кабинетінде 10 жылға жуық еңбек етіп, жүрек жұмысының әрбір өзгерісін дәл анықтауға машықтанған. ЭКГ (Электрокардиограмма) аппараты – жүректің электрлік белсенділігін жазатын негізгі диагностикалық құрал. Бұл аппарат жүрек ырғағын, өткізгіштік бұзылыстарын, аритмия белгілерін, ишемияны, жүрек бұлшықетінің әлсіреуін және бұрынғы инфаркт іздерін анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ол Холтер мониторингін – жүректің тәуліктік жұмысын үздіксіз жазып отыратын шағын құрылғыны да кәсіби деңгейде қолдану арқылы жүректегі күнделікті тіршілік кезінде байқалатын жасырын аритмияларды анықтауда да тәжірибеге ие. Ал, СМАД – артериялық қысымды тәулік бойы өлшеп, оның күндізгі және түнгі өзгерістерін анықтайтын әдіс. Бұл әсіресе гипертонияны нақты анықтауда маңызды. Сонымен қатар, тредмил-тестпен де жұмыс істеу арқылы жүректің физикалық жүктеме кезіндегі жұмысын бақылап, жасырын ишемиялық өзгерістерді анықтауда да тәжірбиелі маман.
Емхананың кардиодиагностика кабинетінде еңбек етіп жүрген білікті маманның бірі, медбике Рахия Тұрлыбекқызы. Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген ол, сол өңірдегі Ю.Гагарин атындағы орта мектепті аяқтап. білім жолын Рудный қаласы Лениногорск медициналық училищесінде жалғастырады. Медицина саласының жұмысын жетік меңгеріп, 1994 жылдан бастап осы салада бүгінгі күнге дейін талмай қызмет атқарып жүрген маман аудандық емхананың кардиодиагностика кабинетінде соңғы 10 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол жүрек соғысын, қан қысымын, тыныс алу жиілігін, жалпы өмірлік көрсеткіштерді үнемі бақылап, науқастардың жағдайын дер кезінде анықтауға көмектеседі.
– Адам жүрегінің әрбір соғысы маңызды. ЭКГ аппаратын қолдана отырып, науқастың жүрек ырғағындағы кішігірім өзгерістерді де байқай аламыз. Бұл ерте диагноз қоюға мүмкіндік береді. Қазіргі жастар арасында энергетикалық сусындарға, фаст-фудқа тәуелділік жоғары. Сонымен қатар, стресс пен ұйқының бұзылуы, смартфонға тәуелділік жүрекке қосымша жүктеме түсіреді. Жүрекке қамқорлық жасау – тек емделгенде ғана емес, аурудың алдын алғанда да қажет.
Жүрек ауруларының алдын алу үшін маңызды тексерістерден де өтіп тұру маңызды. Бұл тексерістер адам ағзасында жүрек пен қантамырларында қандай да бір ақаулар барын ерте кезеңде анықтап, аурудың алдын алуға көмектеседі. Қазір технологияның дамыған заманы қандай сала болмасын күнде бір жаңа апараттар қолданысқа шығуда. Осы тұста жүрек ауруларының алдын алу үшінде бірнеше аппарат арқылы жүргізілетін тексеріс түрлері бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір ауру түрінің пайда болу қаупін анықтауға бағытталған.
Алдымен, жүрек ауруларын алдын алу үшін жүрек-қантамырларының жағдайын бақылап отыру қажет. ЭКГ (Электрокардиограмма) жүректің электрлік белсенділігін зерттеп, жүрек қағысының бұзылуын, аритмияларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тексерістен кем дегенде жылына бір рет өтіп тұру керек. Сонымен қатар, ЭхоКГ (эхокардиография) әдісі арқылы жүректің құрылымы мен қызметі тексеріледі, бұл жүрек клапандарының және қабырғаларының ақауларын анықтауға көмектеседі.
Қан қысымы да жүрек ауруларының басты қауіп факторы болып табылады. Жоғары қан қысымы көбінесе жүрек ауруларының дамуына себеп болады, сондықтан қан қысымын үнемі тексеріп отыру да аса маңызды. Жүрек ауруларының алдын алу үшін жүрек-қантамырларының жағдайын жүйелі түрде тексеріп отыру, зиянды әдеттерден аулақ болу, дұрыс тамақтану және белсенді өмір салтын ұстану өте маңызды. Жүрек ауруларына қатысты сұрақтарыңыз болса, ең әуелі тексерістен өтіп, дәрігер кеңесіне жүгініңіздер,- дейді білікті мамандар.
Сондай-ақ, медицина саласындағы мамандардың айтуынша, күнделікті тәжірибеде артериялық гипертензия, ишемиялық жүрек ауруы, миокард инфаркті, аритмиялар, жүрек жеткіліксіздігі және кардиомиопатия сияқты жүрек аурулары қазір қоғамда кеңінен таралуда. Ал, еліміздегі жүрек аурулары бойынша соңғы статистикаға сүйенсек, жастар арасында жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққандардың жалпы саны шамамен 2,1% құрайды. Оның ішінде, артериялық гипертензия – 0,8 %, аритмия – 0,5 %, ишемиялық жүрек аурулары – 0,3 % және жасырын миокард өзгерістері – 0,5 % құрайды. Ал, ересектер арасында жүрек-қантамыр ауруларының жалпы бөлігі 15%. Артериялық гипертензия – 7,2 %, аритмиялар – 3,1 %, ишемиялық жүрек аурулары – 2,5 % және жасырын миокард өзгерістері – 2,2 % шамасында.
Елімізде жүрек-қантамыр аурулары жастар мен ересектер арасында кең таралған. Бірақ соңғы жылдары жүрек ауруына шалдығу мен өлім-жітім деңгейі күрт төмендеді. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің дамуын және алдын алу шараларының тиімділігін көрсетеді. Дегенмен, созылмалы жүрек аурулары қоғамда әлі де маңызды проблема болып отырғанын жасыра алмаймыз…

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close