Basty bet

Дүниежүзілік жазғы гимназияда жеңімпаздарын қабылдады

Кеше аудан әкімі Жалғас Мұртаза Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында Дүниежүзілік жазғы гимназияда (U15) аясында бокстан өткен жарысынан №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Бибарыс Әшірбайды және №15 Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Мұхамедәлі Рүстембекті спорттағы жаттықтырушыларымен бірге қабылдады.
Қабылдауда аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы еліміздің көк байрағын шет елде асқақтатып, бокс өнерін жастар арасында кеңінен насихаттап жүрген спортшы өрендердің жетістіктерімен шын жүректен құттықтап және осындай азаматтармен мақтанатындығын жеткізді. Жас болса да ел намысын үлкен додаларда қорғап, өздерін жоғары жетістіктермен көрсетіп жүрген спортшылардың болашақтарының жарқын болуына және олардан үлкен үміт күтетіндігін жеткізді.
Бокс спортын таңдаған қос спортшы бүгінде ата-анасының қуанышына, ауданның және еліміздің мақтанышына айналып отыр. Осындай жігерлі азаматтарды тәрбиелеуде бапкері Нүркен Рахманқұлдың еңбегі ерекше екендігін айтпай кетуге болмайды. Ол жас спортшылардың болашағынан үлкен үміт күтетінін және жаттықтырудың арқасында үмітті ақтап, бұдан да жоғары жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімді.
Былғары қолғап шеберлері бастауыш сыныптан №16 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде алғашқы дайындықтарын бастаған. Сол кезден бері олар спортпен қатар білім алуды да ұмытқан жоқ. Оқу үлгерімдері жақсы шәкірттер мектепішілік іс-шараларда да белсенділіктерін танытуда. Бибарыс Дінмұхамедұлы көпбалалы отбасының ортаншы перзенті. Ол бауырларына, ата-анасына үнемі сыйластық пен жанашырлық қарым-қатынаста. Бразилияда өткен Дүниежүзілік жазғы гимназияда (U15) 60 келі салмақта бақ сынасып, жүлделі І орынды иеленді.
Ал, Мұхамедәлі Рүстембек үйдің тұңғышы. Бала кезден бокс спортына деген қызығушылығы ерекше. Оның дайындығына өзін ортада қалай ұстау керектігін әкесі Дидардан үйренген. Баласының болашағынан зор үміт күткен әкенің асыл арманы бүгінде орындалып отыр. Ол Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы әлемдік жарыста 70 келі салмақта бақ сынап, жүлделі ІІІ орынмен марапатталды. Қос спортшы 9 сыныптың оқушылары. Олар осы уақытқа дейін бірнеше жарыстың жеңімпаздары атанған.
Қабылдау барысында қасиетті Жуалы жерінің спорттағы асқақ даңқына елеулі үлес қосқан қос жеңімпаз спортшы Бибарыс Әшірбайды және Мұхамедәлі Рүстембекті аудан әкімі Жалғас Мұртаза Дүниежүзілік гимназиядадағы жарқын жеңістерімен құттықтап, Алғысхатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Спортшылардың бапкері Нүркен Бейшембекұлы Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы А.Ташметовтің Алғысхатымен марапатталды.
Кездесуге аудан әкімінің аппарат басшысы Рәтбек Көсембаев, аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық дене шынықтыру спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов және жеңімпаз спортшылардың ата-аналары қатысты.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close