Basty bet
Жастар үйренуден және ізденуден жалықпауы керек
Әрбір мемлекеттік қызметшінің қызметін заңдармен, кодекс, ережелермен айқындалған. Дегенмен, мемлекеттік қызметші өз тарапынан қызметке үлкен жауапкершілікпен қарап, жүктелген тапсырманы тиянақты атқаруы керек.
Ауылдық округтердегі мамандардың жұмысы жан-жақты. Себебі, ауыл болған соң небір тосын жағдайлар болады. Ондай жағдайда менің қызметтік міндетіме кірмейді деп қарап тұрмай, қолымыздан келгенінше қызмет көрсетуге міндеттіміз.
Мен еңбек жолымды 1992 жылы наурыз айында селолық кеңестің хатшысы болып бастадым. Бүгінге дейін осы жұмыс орнында қызмет етіп келемін. Бүгінгі таңдағы қызметім – ауылдық округ әкімі аппаратының бас маман-іс қағаздарын жүргізуші.
Еңбек жолымда сегіз ауыл әкімімен қызметтес болдым. Әрбір әріптесімнен үйренер тұстарым да көп болды. Өзім де жас мамандарға үйретуден жалыққан емеспін.
Жалпы адам баласы өмір бойы ізденуі керек. Өзі білмеген нәрсені үлкен, жас демей сұрап үйренуден ұялмаған абзал.
Ауылдық округ әкімі аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер ауылдың үлкен-кішісіне бірдей сапалы қызмет көрсетуі керек. Мемлекеттік қызметшінің абыройы да елге деген адал қызметі арқылы артады.
Бұрын қызметімізде АХАЖ жазбаларын (туу, неке қию, әке тану, қайтыс болу туралы) және нотариаттық іс-әрекеттерді жасау (сенімхат, өсиет хат, көшірмелер мен қойылған қолдың түпнұсқасын куәландыру) жазумен де айналыстық. Кейін бұл қызметтер ауыл әкімі аппаратынан алынды.
Мемлекеттік қызметтің қиындығы да, қызығы да өз алдына. Жоғарыда айтқанымдай, ауылда өрт орын алса да, отбасы мен көрші-қолаң, ағайын-туыс арасында дау-жанжал туындаса да мемлекеттік қызметші оған менің жұмысым емес деп бей-жай қарамайды. Барлығына уақытын, тәжірибесін жұмсап, үлес қосуға дайын тұрады. Өзімнің тәжірибемде қаншама жас отбасыларға барып, ақыл-кеңесіміді айтып, сабырға, ақылға шақырған кездерім көп болды.
Сонымен бірге мемлекеттік қызметші ауылда өтетін спорттық, мәдени іс-шаралардың да бел ортасында жүреді.
Мемлекеттік қызметші өз ісіне адал, ұқыпты, тиянақты, жауапкершілігі жоғары болуы керек. Қазір кейбір жастар жұмысқа орналасуға келгенде бірінші айлық жалақысын сұрайды. Нарық заманында ол да дұрыс шығар. Бірақ, жақсы жалақыға жету үшін тер төгіп еңбек ету керек. Жастар үйренуден, ізденуден жалықпауы керек.
Мемлекеттік қызметші үшін ең керек қасиеттердің бірі – халықпен тіл табысу. Мәдениетті түрде қарым-қатынас жасап, дұрыс сөйлей алмаудың салдарынан көп мәселелер туындап жатады. Мемлекеттік қызметші билік пен халық арасындағы алтын көпір. Сондықтан ол дұрыс тыңдай да, дұрыс сөйлей де білуі маңызды.
Еңбек жолымда қызмет ете жүріп, мемлекеттік қызметшілер арасындағы спорттық, мәдени шараларға да белсене қатысып келемін. Мәселен, 2011 жылы алғашқы рет облыс құрама командасымен бірге Атырау қаласына республикалық мемлекеттік қызметшілер арасында бильярдтан өткен спартакиадаға барып қатысып, жеңіспен оралдық. Одан кейін де аудандық, облыстық шараларға қатысып келемін.
Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет. 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай аудандағы барша әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтай отырып, отбастарына амандық, ынтымақ, құт-береке, қызметте абыройлы болуларына тілектеспін!
Жұмат Баетов,
Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс қағаздарын жүргізуші