Basty bet

Жаңа оқу жылына – жағымды жаңалықпен

Биыл аудан көлемінде үш орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде

«Білім – өмір шырағы» демекші, білім беру үздіксіз жүргізілетін процес. Сол себептен, оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Бірқатар өңірлерде жаңа оқу жылын жаңа мектептермен бастау жақсы дәстүрге айналып отыр. Үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу, көп жылдан бері жөндеу көрмеген білім ғимараттарына күрделі жөндеуден өткізу міндеттерін орындау аясында Жуалы ауданында да жүйелі жұмыстар атқарылуда деуге болады.

Атап айтқанда, 2021-2022 жылдар аралығында (екі жылға жоспарланған өтпелі құрылыс) ауданда көп жылдан көпшіліктің тілегі болған Диқан және Алатау орта мектептерінің құрылысы жүргізілуде. Сәтін салса, биылғы жаңа оқу жылында аталған мектептер пайдалануға берілмек. Екі бірдей ауылда мектептер құрылысының қарқынды жүруі әрине жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуанышты оқиға.
Білім саласындағы тағы бір қуанышты жаңалық. Сонымен, биыл аудан көлемінде үш бірдей мектепке күрделі жөндеу жүргізілмек. Атап айтқанда, биыл №2 Мыңбұлақ, №30 Көктөбе және №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептері күрделі жөндеуден өтеді. Облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты Жуалы ауданының білім бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жылдың мамыр айының дәл орта тұсында аталған мектептерде құрылыс жұмыстары басталған.
Қайрат ауылындағы ғимараты үш блоктан тұратын №2 Мыңбұлақ орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына (құрылыстың жалпы жобалық-сметалық құны – 269 728,0 мың теңге) қазынадан қарастырылып, нәтижесінде «Стройтельная компания ШАХ» ЖШС-мен 220 967 теңгеге келісім-шарт жасалған. Жалпылама айта кететін болсақ, күрделі жөндеудің құрылыс жұмыстары төрт айға жоспарланып, дәлірек айтқанда, құрылыс жұмыстары қыркүйек айының орта тұсында аяқталмақ.
Құрылыс жұмыстарына келсек, мамырдың орта тұсынан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстарына негіз жасалуда. Атап айтқанда, мектеп ғимаратының үшінші блогында қабырғалардың ескі сылақтарын қыру, ескі есік-терезелерді бөлшектеп алу, сонымен қатар, қабырғадан түскен сылақ қалдықтарын шығару жұмыстары қызу жүруде. Ал дайын болған қабырғаларды ішінара тегістеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мұнда жұмыс қызу жүруде.
Құрылыстың бөлшектеу жұмыстарына мердігер компанияның 60 шақты жұмысшысы тартылған. Қазір жұмыстар негізінен оқу ғимаратының үшінші блогының екі қабатында да қызу жүруде. Қабырғалардың ескі сылақтарын қыру жұмыстары аяқталса, тегістеу және сылау жұмыстары қарқынды басталады деп күтілуде.
– Күрделі жөндеу жұмыстарына мектеп ғимаратының үш блогының іші мен сыртын қырып, сылау жұмыстарымен қатар, едендері мен ескі ағаш есік-терезелерді пластикалық материалдан жасалған есік-терезелерге ішінара ауыстыру, сыртқы фасадын арнайы метал жабынмен қаптау, сонымен қатар, шатырын ашып, қайтадан жоғары сапалы металдан жасалған черепицамен жабу жұмыстары қарастырылған. Сонымен бірге, мектептің ауласы қайта асфальтталады. Қазір ғимаратта бөлшектеу (демонтаж) жұмыстары атқарылып жатыр.
Әзірше ғимарат шатырының бір бөлігі ғана ашылды. Мектептің ортаңғы блогын ашуға 5 маусым күнгі жалпыхалықтық референдум өтпейінше, бөлшектеу жұмыстарына рұқсат етілмей отыр. Өйткені, мұнда сайлау учаскесі орналасқан.
Құрылыс материалдарынан әзірге ешқандай проблема жоқ. Құрылысқа қажетті отандық сапалы қоспалар, цемент, басқа да отандық материалдар облыс орталығынан және Алматы қаласынан тасымалданып, объекті басына үздіксіз жеткізілу үстінде,- дейді құрылыстың учаске басшысы Ғабиден Бақшеев.
Учаске басшысының айтуынша, құрылыс басында жөндеу жұмыстары қарқын алған тұста қосымша жұмысшылар тарту көзделуде. Бұл мақсатта аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы тиісті талаптар негізінде 15 адамға дейін қосымша жұмысшы алуға мүмкіндік бар. Мердігер мекеме бұл үшін жергілікті жұмыспен қамту орталығына тиісті тапсырыс беріп отыр.
Мектептің құрылысы мердігер мекемеден үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Өйткені, мұнда еліміздің болашақ ұландары тәрбие мен білім алады. Сондықтан құрылысқа жауапты мердігер мекеменің өкілдері жауапкершілікті осы бастан сезінгені дұрыс.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close