Basty bet
ОТБАСЫМ – АЛТЫН ДІҢГЕГІМ!
Отбасым- алтын діңгегім,
Бірге өткен асыл күндерім.
Бақыттымын сендермен,
Сендермен өткен күн керім!
Сендермен бірге жүргенім,
Мұңайғаным, күлгенім,
Жаныма жақұт береді,
Өздеріңмен біргемін!
Көкейімде бәрі тұр менің
Сендермен өмір сүргенім,
Ұрпағыммен бүр жарып
Күзімде қайта гүлдедім!
Бәріңсің бір-бір тірегім,
Сендер деп соғар жүрегім
Сендерді аман болсын деп,
Алладан күнде тіледім!
Мына өмірдің дүрмегін,
Қиын да қамсыз күндерін,
Бір кешкен өмір белесін,
Отбасым- алтын діңгегім!
Өмір-өзен ұрпақпенен жалғасады
Біз екеуміз бас қосыппыз жарты ғасыр дәл бұрын,
Бірге аттап келеміз мына өмірдің сан қырын.
Ұл-қыздарды аяладық, өсірдік,
Бұл керемет сый ғой деп тағдырдың.
Сен менің Алла қосқан тағдырымсың,
Рақмет айтам, Аллаға барлығы үшін.
Бірге сүріп келеміз мына өмірді,
Жаратқанның бұл сірә тартуы шын.
Өмір өзен тоқтаусыз барады ағып,
Өмірдің сан белесін, қырқасын аралатып.
Ел қатарлы келеміз ғұмыр кешіп,
Кеткен жоқпыз ешкімнен дараланып.
Өмір-өзен, арқырап ағады алға,
Тағдыр өзі бәрін де саралауда.
Өмір- қымбат, қадірін білсе дейміз,
Өреміз жетсе екен деп бағалауға.
Қыз өсірдік, ұшырып ұясына,
Ұл өсірдік, қондырып қия шыңға.
Көңілімізді марқайтып, шын қуантты,
Немерелер келеді жиі осында.
Ұрпағыңнан не бар қымбат жалғанда?
Үмітпенен қараймыз әрбір атқан таңдарға.
Екеумізде ұқсастық бар айнымас,
Өзегін де қиятын, өзім деген жандарға.
Өмір-өзен ағады алға тоқтамай,
Келеміз ғой адалдықтың ала жібін аттамай
Іштарлық та, жағымпаздық жоқ бізде
Ешкімнің де көңіліне келеміз ғой дақ салмай.
Елу жылда өтіп талай көктем, күз,
Қиын қыстау өткелдерден өткенбіз.
Жарты ғасыр ғұмыр кешіп бір шаңырақ астында,
Біз екеуміз біртұтас боп кеткенбіз.
Өмір – күрес тоқтаусыз арбасады
Өмір-өзен жүйіткиді алға асады
Өмір-өзен ағады толқынданып,
Өмір-өзен ұрпақпен жалғасады
Жүректі тербер ұлылық
Толқиды көңіл, кетеді ойым сан-саққа,
Тұрамын әркез сендерді іздеп, аңсап та
Сендерді қашан өсер екен деп жүруші ем,
Қанатты қағып, кеттіңдер ұшып жан-жаққа
Қарлығаштарым, қанаты қатқан өскіндер.
Біріңе-бірің сүйеніш болып өстіңдер.
Қолғанат болып, анаңды бәрін аялап,
Шүпірлеп бәрің ұяда мынау өстіңдер.
Сағыныш кейде балалық сол бір кездерің
Шырындай тәтті еркелеп айтқан сөздерің
Үмітпен қарап арайлап атар таңдарға
Жаныма қуат беруші едің өздерің.
Біріңнен соң өстіңдер бірің ырғалып,
Көкірегімізде бір арман біздің тұрды анық
Інілерің келгенде мынау өмірге,
Шаңырағымыз кеткендей болды нұрланып
Жандарым, бізге шуағын төккен күнсіңдер,
Жұпарын шашқан жайқалған әсем гүлсіңдер,
Тілеуін тілеп, бауырларың мен әке-шешеңнің,
Өздерің бізге тілеуқор болып жүрсіңдер.
Қарлығаштарым, мына өмір мәнді сендермен,
Шынайы сүйіп, бәріңді жақсы тең көрем.
Көңілім жасып, жабыққан кейбір шақтарда,
Өздерің едің жаныма менің дем берген
Ұяда мынау бар еді шуақ, жылылық,
Сырласушы едік өмірдің мәнін шын ұғып,
Балалық мейір, аналық ұлы махаббат,
Жүректі тербер, ұлылық екен ұлылық!