Basty bet

Мемлекеттік басқару академиясы оқу грантының жеңімпазы

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттырып, қайта даярлаудан өткізетін бірден-бір оқу орны. Академияда білім алған азаматтардың мансаптық өсуде мүмкіндіктері көп.

Мемлекеттік басқару академиясында білім жүйесі де, бағалау да айтарлықтай өзгертілген. Оқу жылы барысында студенттер шетелге барып, ондағы мемлекеттік қызметкерлердің тәжірибесін үйреніп қайтады.
Академияға түсу емтиханы екі кезеңнен тұрады. Бірінші – талапкер сол сәтте берілген тақырып бойынша эссе жазады. Екінші кезеңде талапкер сұхбаттасудан өтеді. Яғни, комиссия мүшелері үміткермен бетпе-бет отырып әңгімелеседі. Онда талапкердің кәсіби, талдамалық, коммуникативтік және тұлғалық қасиеттері бағаланады.
Талапкерлердің емтихан нәтижесі екі аптадан кейін академияның сайтында жарияланады.
Жақында аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы Нұрислам Мәден аталған академияның мемлекеттік білім беру гранты негізінде “Мемлекеттік саясат” бағдарламасымен екі кезеңнен тұратын емтиханнан өтіп, грант жеңімпазы атанды.
Нұрислам Нұрсұлтанұлы туралы қысқаша айтып өтсек, ол Рысбек батыр ауылында өмірге келген. Рысбек батыр ауылындағы №20 Жамбыл атындағы орта мектеп табалдырығын аттап, аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияны тамамдайды.
Ол бала кезде ұшқыш, футболшы болуды армандайды. Алайда өсе келе Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап ІТ мамандығы бойынша оқуға түсуді ойлайды. Бірақ 125 балдан 91 балл жинаған Нұрисламға Тараз мемлекеттік университетінің машина жасау факультетінде білім алу бұйырады. Университетті аталған мамандық бойынша тамамдаған соң, білімін заңгер мамандығы бойынша жалғастырады.
Еңбек жолын Тараз қаласындағы “TarGo” супер маркетінде сатушы болып бастаған.
2018 жылы “Жастар тәжірибесі” бағдарламасымен аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік құқықтық жұмысы бөлімшесінде алты ай жұмыс істейді. Бағдарламаның мерзімі аяқталған соң аудандық мәслихат аппаратының хатшысы болып болып қызмет етеді.
Мемлекеттік қызметке 2019 жылы шілде айында келеді. Яғни, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бас маман болып орналасады.
2020 жылы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік құқықтық жұмысы бөлімшесіне бас маман болып ауысады.
2023 жылдың тамыз айында меритокаратия қағидасымен персоналды басқару қызметі бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы қызметіне ауысады.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін азамат Академия жариялаған конкурсқа қатысып бағын сынап көруге бел буады. Нұрислам екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, жоғары балл жинап, грант жеңімпазы атанды.
-Нәтижені көзбен көргенде қатты қуандым. Ниет етіп, еңбектенсең бәріне де қол жеткізуге болатынына тағы да бір көзім жетті,- дейді жас маман.
Нұрислам бос уақытында футбол ойнағанды жақсы көреді. Өзін үнемі дамытып жүруді әдетке айналдырған ол ағылшын тілін, компьютердің қыр-сырын үйренуде. Түрлі бағыттағы кітаптар оқып, жаңалықтарды да қалт жібермейді.
Нұрислам Нұрсұлтанұлы өзінің қызметін мақтан тұтады.
-Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі жоғары. Себебі, аудан әкімінің, облыс әкімі аппараты мен Президент аппаратынан түскен тапсырмаларды жоғары деңгейде және тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметті сапалы орындау қажет. Бір ғана мысал, “Алтын алқа” мен “Күміс алқаға” құжат тапсырған көпбалалы аналардың құжатын мұқият толтырып, түгендеп, заң талабына сай жібермесеңіз, құжат жарты жолдан қайтып келіп, кісіні әуре-сарсаңға саламыз. Сондықтан әрбір құжатқа мұқият, сергек қарау керек. Қызмет алуға келген әрбір адаммен де мәдениетті қарым-қатынас жасау маңызды.
Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет. Себебі, біз өз қызметіміз арқылы еліміздің дамуына ықпал ете аламыз.
Өзімнен кейінгі жастарға айтарым – уақытты бос өткізбей, тиімді пайдаланып, ізденіп, өзін жан-жақты дамыту керек. Өзінің жұмысын түпкілікті меңгерген білікті маман қоғамда өз орын таба біледі,- дейді Нұрислам.
Нұрисламның болашағынан отбасы да, әріптестері де зор үміт күтеді. Еңбекқор азаматтың алар асуы лайым биік болсын!

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close