Basty bet
оқушылар Ертегілер еліне саяхат жасады
Мектептер арасындағы ынтымақтастықты, оқушылар арасындағы достықты нығайту, балаларды кітап оқуға шақыру мақсатында №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда «Ертегілер елінде» атты шара өтті. Шара Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейімен «Дос болайық!» акциясы аясында бірлесіп ұйымдастырылды.
Білім ошағына кіреберісте «Шеберлер қаласы» жобасы аясында оқушылардың қолөнер бұйымдары қойылса, «Қыс қызығы» тақырыбында балалардың шығармашылығынан суреттері ілінген. Бұл көрмелер ата-ана мен мектептің арасындағы ынтымақты нығайту, балалардың шығармашылығын дамыту мақсатында жасақталған.
Ал, мектептің акт залының іші тақырыпқа сай безендірілген. «Балалар кітапханасы» атты балаларға арналған кітап көрмесі дайындалған. Ал, шараға қатысушы 1-4 сынып оқушылары ұлттық киім киіп келуі шараның мазмұнын аша түсті.
Ертегілер еліне саяхат биші қыздардың «Микки Маус» биімен басталды.
Одан кейін сахна төрінде немерелеріне ертегі оқып беруге әже шығып, Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің оқушылары «Алма» ертегісін театрландырылған көрініспен балаларға жеткізді. Ертегі кейіпкерлерінің де дайындығы және рөлді ойнауында тыңғылықты еңбектің нәтижесі көрініп тұрды. Қоян, Түлкі, Қарға, Кірпі, Аю рөлін сомдаған балалар кейіпкерлердің мінезін, болмысын іс-әрекетімен де жеткізе білді. Олар бұл ертегіні сомдау арқылы достық – ұлы күш екенін ұғындырып, көрерменін ынтымаққа, өзара достыққа шақырды.
Одан кейін шара «Қызыл телпек» ертегісін замануи түрде сахналануымен жалғасты. Ортада №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушылары ертегіні бүгінгі заманға сай өзгертуімен көпшілікке ұсынды. Өнерлі балалар ертегіні балаларға барынша қызықты етіп жеткізіп, достық туралы әндерін шырқады.
Сонымен қатар, мектеп психологтары оқушылармен «Кеберлинг» әдісімен ойын ойнатып, шараны қызықтыра түсті.
Шарада №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Қырғызбаева сөз алып, шараның маңыздылығына, балаларға берер тәрбиелік мәніне тоқталды. Ертегілер еліне саяхатты ұйымдастырған екі мектептің мұғалімдері мен оқушыларына Алғысхаттар тапсырды.
Өзара достыққа шақырған кеште өнерлі балалар өз өнерлерін ортаға салып, әннен шашу шашып, би биледі.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»