Basty bet
Әділетті мемлекетті қалыптастыру қажет
Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау күні нақтыланған соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады. Президент биыл өзгерістер жылы болғанын айтып, кейінгі үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырғанын айтты.
«Мен Жолдауымда бірқатар ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынатынын жарияладым. Біз оның бәрін жақын арада жүзеге асыруымыз керек. Көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамамды ұсынамын. Онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылады. Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін», – деді өз сөзінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Маңыз беріп айтар болсақ, Президент сайлаудың отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізілетінін нық сеніммен айтып отыр. Бұл да халықтың болашаққа деген сенімін нығайтады. Ашығын айтқанда, барша халық бұл жолғы Президент сайлауынан оң өзгерістер күтіп отыр. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген бар. Қолымыздан келсе, ел өміріндегі осындай аса қиын әрі аса жауапты кезеңде халық болып ұйысып, бір-бірімізге жақсы сөзімізді айтайық. Елдің болашақ Президентін де бірге таңдап, оған жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет. «Жаңа Қазақстан» ұғымының аясы сонда ғана кеңейіп, әділетті қоғам құра алатынымыз анық.
«Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік. Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!», – деген Президенттің жүрекжарды сөзі көп жайдан хабар берсе керек.
Әділетті жаңа қоғам құру, жаңа мемлекетті қалыптастырып, оның іргесін бекіту мәселесі – өз қолымыздағы дүние. Байыпты қадам жасау да өз қолымызда. Елдің бірлігін, халықтың тұтастығын қалыптастыратын кез келді.
Мақсатбек БАЙБОЛОВ,
Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы