Basty bet

Есепте тұрған азаматтармен «Апталық» өтті

Сәрсенбі күні аудандық «Достық» мәдениет үйінің кіші залында аудан әкімдігі жанындағы жазасын өтеу орындарынан босатылған және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаны өтеп жүрген азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша консультативтік-кеңесші органы «Апталық» іс-шарасын ұйымдастырды.

Жиынға аудандық прокуратураның өкілі, аудандық пробация қызметінен және аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауылдық округтің әкімдері қатысты.
«Апталық» іс-шарасын аудан әкімінің орынбасары, аталған кеңесші органның төрағасы Анар Садыққызы ашып, жүргізіп отырды.
Бүгінгі күнге аудандық пробация қызметі бойынша есепке алынып, бақылауда тұрған 40 азаматтың әлеуметтік жеке бағдарламалары аудандық Мансаптық орталық филиалына жолданған болатын. Жеке бағдарламалары жолданған азаматтар ресми тіркеуге алынып, оларға халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Ал ақылы қоғамдық жұмысқа 14 адам жолданды, жеке шаруа қожалық жұмысына бір адам, өзге өңірге қоныс аударған үш адам, ал қысқа мерзімді оқуға бір адам жолданған .
Есепте тұрған бір азамат «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, сертификат алды.
Іс-шара «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ-ның Жуалы ауданы бойынша Мансаптық орталық филиалының ұйымдастыруымен қоғамдық қабылдаудан басталды. Онда есепте тұрған азаматтар мамандарға көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауап алды.
Жиын әрі қарай «Жүректен жүрекке» акциясымен жалғасты. Акция барысында Жамбыл облыстық «Ақ сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әзизхан Сәбитұлы пробация есебіндегі аз қамтылған азаматтардың балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында мектепке қажетті оқу құралдарын сыйға тартты.
Өз кезегінде аудандық пробация қызметі бөлімі бастығының м.а. Бағлан Бекмолдаев есепте тұрған алты азаматқа браслет тақты.
Ал аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі есепте тұрған азаматтармен орталық саябақта асық атудан, ләңгі тебуден және отбасылық жарыс түрлерінен спорттық ойындар өткізді. Ойын соңында жеңген және жақсы өнер көрсеткен азаматтар бөлім басшысының Алғысхатымен марапатталды.
«Апталық» аясында 18 шілде күні аудандық орталық ауруханада «Ашық есік» күні өтті. «Ашық есік» күнінің мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтарға жалпы медициналық қызмет көрсету. Онда жалпы тәжірибелі дәрігер, кардиолог, эндикринолог және УЗИ мамандары тегін кеңестер берді.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close